Ауылдағы қарт кісілер бір-бірімен амандасқанда «барсың ба, жүрсің бе?» деп жөн сұрасады, ал еркектердің көбі дәл осы «жүрсің бе» дегеннің астарын өмір бойы ту етіп ұстайды. Аяғын баса алса болды, басы көтерілсе болды, ол өзін сау санайды. Кеудесі ауырса «өтер», белі сырқыраса «суық тигізген шығармын», әлсіресе «шаршағаннан» деп қоя салады. Дәрігерге бару деген оның ойына ең соңында ғана келеді, оның өзінде әбден шыдамы таусылып, аяғынан тұра алмай қалғанда барады. Қазақ еркегінің бойындағы осы бір мінез, яғни ауырғанын мойындамау, денсаулығын елемеу, сырқатын жасыру бүгінде тұтас бір ұлт қасіретіне айналып отыр. Ал оның ақыры өкінішке толы, өйткені дәл осы салғырттық мыңдаған ер-азаматтың өмірін мезгілінен бұрын қиып жатыр.
Статистика бұл шындықты аяусыз ашып көрсетеді. Қазақстанда еркектер мен әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығының арасында сегіз жылдан астам айырмашылық бар. Ел бойынша азаматтардың орташа жасы 76 жасқа жақындағанымен, бұл көрсеткіш негізінен әйелдердің есебінен жоғары, ал еркектер айтарлықтай ерте кетеді. Бұл алшақтықтың бір емес, бірнеше себебі бар, бірақ солардың ішіндегі ең бастысы – еркектердің өз денсаулығына немқұрайды қарауы. Әйел адам жылына кемінде бір рет дәрігерге барып тексеруден өтсе, ерлер жылдар бойы емханаға бас сұқпайды. Әйел денесіндегі болмашы өзгерісті де елеп, дереу маманға қаралса, еркек өлердей ауырмайынша орнынан қозғалмайды. Мұндай мінездің тамыры тәрбиеде, ұлттық психологияда жатыр. Ұл бала жастайынан «шыда, сен ер баласың» деген сөзбен өседі. Сөйтіп бала есею жолында ауырғанын білдіруді, шағымдануды, әлсіздігін мойындауды ерлікке жат қылық деп біледi. Ержеткенде ол сырқатын ашық айтуды намыс көреді, дәрігерге барып шағымдануды әлсіздік санайды. «Маған не болады», «мен әлі мықтымын» деген бір тоғышарлық оны емханадан аулақ ұстайды. Осылай еркек өз денесінің дабылын естімей, ішкі мүшелерінің ауырғанын елемей, ауруды асқындырып алады.
Дәл осы салғырттықтың кесірінен еркектерде ең қауіпті аурулар көбіне кеш анықталады. Жүрек-қантамыр аурулары, инсульт пен инфаркт, қатерлі ісік сынды дерттер еркек қауымының басты жауы саналады. Бұл аурулардың қаупі сол, олар басында ешбір белгі бермей, үнсіз дамиды. Адам өзін сау сезінеді, бірақ ішінде дерт бүлік шығарып жатады. Дәл осы себептен мемлекет соңғы жылдары профилактикалық тексеру, скрининг бағдарламаларын кеңінен қолға алып отыр. Айталық, жуырда елімізде инсульттің алдын алуға бағытталған скрининг аясында 50 жастан асқан 82 мыңнан астам ер адам тексеруден өткен. Соның нәтижесінде 5000-ға жуық адамда бас пен мойын тамырларының тарылуы анықталған, ал бұл – инсульттің ең басты қауіп факторларының бірі. Ойланып көріңізші, бұл 5 мың адам тексеруден өтпегенде, олардың денесіндегі қатер байқалмай қалып, кез келген сәтте инсультке ұшырауы әбден мүмкін еді. Міне, бір ғана тексерудің адам өмірін сақтап қалатыны осыдан көрінеді.
Еркек денсаулығына балта шабатын тағы бір сұмдық дұшпан – зиянды әдеттер. Темекі мен ішімдік, дұрыс тамақтанбау, қозғалыссыз өмір салты еркектердің денсаулығын ішінен жегідей жейді. Темекі тарту жүректің ишемиялық ауруына, атеросклерозға, гипертонияға, өкпе мен тамырдың дертіне тікелей жол ашады. Мамандардың айтуынша, темекі шегетіндер жүрек пен өкпесін тұрақты бақылауда ұстауы шарт, бірақ нақ солар – дәрігерге баруды ең аз ойлайтындар. Оның үстіне қазақ еркегінің көбі тұрмыстың ауыртпалығын, отбасының қамын ойлап, өзіне қарауды артқа ысырады. Ол түн ұйқысын төрт бөліп жұмыс істейді, бірақ сол жұмыс үшін ең керек дүние, яғни өз денсаулығы туралы бас ауыртпайды. Балаларының болашағын ойлап бар күшін сарп етеді, бірақ сол балаларға аман-есен әке болып қалу үшін денсаулығын сақтау керегін ұмытады. Бұл мәселенің ең жасырын, ең ауыр қыры психикалық денсаулыққа қатысты. Еркек тек дене сырқатын ғана емес, жан жарасын да жасыруға бейім. Ол қиналса да «ештеңе етпейді» дейді, күйзелсе де сыр бермейді, ішкі арпалысын ешкімге айтпайды. «Ер адам мұңаймайды», «жігіт жыламайды» деген ұстаным оны өз уайымымен жалғыз қалдырады. Сезімін сыртқа шығармаған еркек іштен тынып, ақыры ауыр депрессияға, тіпті одан да қайғылы халге апаруы мүмкін. Дәл осы себептен дүниежүзінде еркектер арасында өз жанын қиюшылық әйелдерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл да – сол баяғы үндемеу, сыр бермеу, көмек сұрауды әлсіздік санау мінезінің ащы жемісі. Ер-азамат дене ауруын дәрігерге айтпағаны сияқты, жан ауруын да жақынына, маманға айтудан именеді.
Сонда бұл жағдайдан шығудың жолы бар ма? Әрине бар, әрі ол қарапайым. Ең әуелі еркек өз денесіне немқұрайды қарауды доғаруы керек. Жылына бір рет дәрігерге барып, толық тексеруден өту, қан қысымы мен қандағы қантты, холестеринді бақылау, ішкі мүшелердің жай-күйін тексеру деген – артық әурешілік емес, ол өмірді ұзартатын ең тиімді жол. Мемлекет тегін скрининг бағдарламаларын ұсынып отырғанда, оны пайдаланбау ақылға сыймайды. Бұдан бөлек зиянды әдеттерден арылу, дұрыс тамақтану, қозғалыста жүру, жеткілікті ұйықтау – денсаулықтың кепілі. Бұлар күрделі дүние емес, тек өзіне деген қамқорлықты, өз өміріне деген жауапкершілікті талап етеді. Ал ең бастысы, еркек ауырғанын, қиналғанын айтудан именбеуі керек, өйткені ауруды жасырған сайын ол асқына түседі. Қазақ еркегінің денсаулыққа салғырттығы жеке бастың емес, бүкіл ұлттың мәселесі десек де артық емес. Әр ер-азамат – отбасының тірегі, баланың әкесі, әулеттің қорғаны. Ол мезгілінен бұрын кетсе, артында жетім бала, жесір әйел, қираған шаңырақ қалады. Сондықтан еркектің денсаулығын сақтауы – тек өзі үшін емес, бүкіл отбасы, бүкіл ел үшін парыз. Ауырғанын айту, дәрігерге бару, өзіне қарау – әлсіздік емес, қайта нағыз ақылдылық, нағыз жауапкершілік. Ер-азамат темірдей мықты болғанымен, ол да пенде, оның да денесі күтімді, мейірімді қажет етеді. Ендеше әрбір еркек мынаны жадында ұстағаны жөн, шынайы батырлық ауруды жасырып, тісті қайрап шыдауда емес, өз денсаулығын күтіп, ұзақ әрі сапалы өмір сүруде, отбасына аман-есен тірек болуда жатыр. Ұл өсірген қоғам осыны ұқса дейміз.
Ердәулет ҚАЛИЕВ
фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!