Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еңбек адамы – ел тірегі

17.02.2023, 9:45 415

Маңдай терімен адал асын тауып, бір салаға өмірінің жартысын арнайтын еңбек адамдарын насихаттау, оларға құрмет көрсетіп, жұмысын бағалау, көпшілік алдына көрсету үлкен іспен пара-пар. Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде еңбек адамын насихаттау бойынша орталық кәріз су жүйелерін пайдалану аумағының шебері Қуаныш Байділдаев өзінің тыңғылықты әрі күнделікті жұмысын баяндады. Бұл салада қызмет етіп жүргеніне 15 жыл болған Қуаныш Маратұлы жастардың бұндай жұмыспен айналысқысы келмейтінін ашық жеткізді.

Біріншіден, біраз жұмыс өтілі бар жан деп шақырғандарыңызға, еңбегімізді құрметтегендеріңізге алғыс білдіремін. Біздің жұмысымыз азаннан кешке дейін, кейде түн демей қызмет жасаймыз. Яғни, кәріз су жүйелерін тазартып, құбырларды жөндеумен айналысамыз. Бүгінде бұл салада көптеген әріптесіммен қатар қызмет атқарып келемін. Жалпы, 8 қызметкер жұмыс істейді. Қыста қатып қалған су құбырларын жөндеу керек болса, ал жазда аптап ыстықта кәріз су жүйесін ауыстырып, тазартамыз. Жедел шақыруларда да тынбай еңбек етіп, жалақымызды адалынан алып отырмыз деп ойлаймын. Өзім туралы айтатын болсам, менің 2 балам бар. Күнделікті істеп жүрген жұмысымызға қанағаттанамыз. Осы адал еңбектің арқасында отбасымызды ешкімнен кем қылмай асырап келеміз, – деді ол.

Брифинг барысында өңіріміздегі көптеген кәріз су құбырлары ескіріп, тозығы жеткенін айтқан сала маманы осының салдарынан жұмысы ауырлап кететінін де жасырмады. Тіпті, тозған су құбырларын қайта-қайта жөндеу жұмыстары қолды байлайды дейді. Сонымен қатар, 15 жылдық тәжірибесінде бірнеше қиын жағдай мен шұғыл оқиғаны бастан кешіргенін де айтты. Бірі еңбегін бағалап алғысын білдірсе, енді біреуі түсіністік танытпайтын сәттер де болғанын жеткізді.

Иә, көпшілігіміз бұл кісілердің еңбегін білсек, біріміз білмей, бағаламай жатамыз. Алайда, еңбек адамын қызметі мен беделіне қарап бағамдау дұрыс емес. Білегін сыбана кірісіп, өз ісіне шебер адам ғана еңбекші жан деп саналады. Ал бұл кісілердің еңбек жолы қиын әрі қауіпті, соған қарамастан жұмыс істеп жатқандары міндетті түрде бағаланып, насихатталуы керек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: