Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Данадан қонған даралық

07.04.2022, 10:40 463

1996 жылы Қызылорда арнайы экономикалық аймақ болып құрылды. Осыған  орай  облыстағы түрлі сала жаңа мамандармен  толықты.

Осы кезде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы болып қызмет етіп жүрген жерлесіміз, Аралдың тумасы Бауыржан Омаров Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда  мемлекеттік  университетіне  проректор болып келді. Біздің  достық  қарым-қатысымыз  сол  кезден  басталды.

Оның алдымен мен байқаған ерекшелігі – әр адаммен бауыр­ындай араласатыны. Көргенім жаңа ғой деп көзін төбең­нен асыра қарамайды. Бұрыннан бірге келе жатқан жандай жақын  тартады, оның  үстіне  құрдас  екенбіз.

Сөзі де, үні де мөлдір шыныдай таза, түр-тұлғасы шиірген сақадай. Киген киімі де соған сай, шыштай. Мен «Сыр бойы» газетінде журналиспін, Баукең редакцияға жиі соғады. Алды­мен таудай болып отырған ағаларына сәлем береді, сосын мені  іздейді.

Сол  кезеңде  мәдени іс-шаралар жиі болатын ба еді әлде біз іздеп  жүретін бе едік, әйтеуір  университетте де, театрда  да  толып  жатқан кездесу, конкурс, концерт, қойылым дегендерден қалмайтынбыз. Арасында кісі тани жүрсін деп қасыма кішкентай баламды ертіп аламын. Ол каратэ секциясына қатысатын. Бауыржан менен бұрын «каратист, қалайсың» деп балама қарай бет бұрады. Айтпақшы, қазір жасы отыздан асқан сол баланы Бәукең әлі кішкентай санайды, «каратистке сәлем айт» дейді, менімен сөйлескен сайын. Бұл да – оның кішіпейілдігі, адамсүйгіш  мінезі.

Бір-екі жылдан соң Бәукең оқытушылықтан шенеуніктік қызметке ауысты. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары-арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары деген үлкен лауазым, шенеунік демегенде?.. Қалыптасқан өлшемге салсақ енді арамыз алыстай беру керек еді. Бірақ, олай болмады, жақындай түстік. Баукең редакцияға «Волгамен» келетін болды. Сол баяғы ағаларына сәлем береді…

Бұл жылдары қала әкімінің орынбасары Бауыржан Омаров­тың  тікелей басшылығымен қалалық теледидар мен қалалық газет өмірге келді. Қалалық теледидар ашып, оның басшылығына Байқоңырда жүрген Шәкизада Әбдікәрімовтің кандидатурасын ұсынып, қалалық газет ашып, оның бас редакторлығына Сәрсенкүл Биқожаны бекіткен де Баукеңнің өзі екені біреу білсе, біреу білмейді. Солармен бірге, университетте оқытушы болып жүрген Руслан Рүстемовтің де Қызылорда қаласы әкімі аппаратының ішкі саясатына келуіне Бауыржан себепші болды. Алысты көре білді, Баукең. Бүгінде Алашқа аты мәлім ақын Шәкизада Әбдікәрімов құрылтайшылық жасайтын «Қоғам ТВ» телеарнасының рейтингі республикада жоғары орын иелене­ді. Ал, ұстаханасынан ондаған талантты шәкірт тәрбиелеп шығарған қалалық «Ақмешіт ақшамы» газетін Сәрсенкүл Биқожа биік дәрежеге көтерді. Руслан Рүстемов болса, қанша жауапты қызметтерді абыройлы атқарды, ол бүгінде аудан әкімі болып  отыр.

Бір күні мені әлдебір іс-шара бағдарламасына енгізіп, Баукең өзі іздеп шығыпты. Ол кезде ұялы телефон жоқ. Редакциядағылар тауып бер деп айтады деді ме, көрмедік, білмедік дейді. «Дүйсенбекті табу қиын ғой», – депті Баукең. «Көкшатырдан кездестіреміз», – депті Аманжол. Редакцияға жақын жерде сырахана болатын, мен күн ыстықта сол жерден саялайтынмын. Шынында, олар мені шатыр астынан кездестіреді. Сондағы екі досымның  бір-біріне қарап, мәз-мейрам болғаны менің көз алдымда  қалып  қойды.

«Қасына шақырып алып даяшыны,

Заказ берді Дүйсенбек Аяшұлы», – деген Баукеңнің әлі күнге достардың  аузынан түспейтін әзіл шумағы сол кезде туған.

Осы жерде Баукеңнің төрттағандарға шеберлігі тілге орала­ды. Оның адам болмысына арналған төрттағандары төрт аяғынан  тұра  қалады.

Баукең кейін Астана жаққа қызмет ауыстырып кетті. Қаншама жауапты қызмет сатысынан өтіп, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшілігіне дейін көтерілді. Бірақ, болмыс-бітімі өзгермеді. Баламыздың аман-есендігінен бастап, бар-жоғымызды  түгендеп, іші-бауырыңа кірген баяғы Баукең.

Баукеңнің жазу шеберлігі алабөтен, сөзді тас қашаған мүсіншідей жонып, жарқыратып жібереді. Журналистік болашағының қақпасын ашып берген тарихшы ғалым Амангелді Құсайы­новпен арадағы оқиғаны жазған естелігі қандай әсерлі! Ертек  тыңдап  отырған  баладай  елігесің.

Қырғыз мүсіншісі Тәмила Маматованы таныстырғанда «Оның қолынан шыққан мына мүсін де сөйлеп тұр. Ал, біздің мүсіндер негізінен сабырлы, салиқалы болып келеді. Сөзге жоқ…», – дейді. Әдебиет теориясында сарказм деген бар еді, мынау – «самородный сарказм»! Тәмиланы даралау үшін тағы біреуді даттамайды, бірақ, мақтамен бауыздаудың мұнан басқа жолы да жоқ-ау. Бұл – Бауыржанға тән шеберлік.

Биыл алпыс жасқа толғандардың мерейлі көшін Айт-Ман атанған ақын Светқали Нұржан бастады. Баукең ол туралы жазғанын «баладан батагөйге, ақыннан абызға, абыздан аңызға айналды» деп қорытады. Қара сөз пейжазы деген осы шығар.

Халық аудиториясына айналған «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі Бауыржанның жазғандарын бас алмай оқитын жұрттың қарасы қалың.

Енді Бауыржанның  өзі  көбіне  «журналистік  фольклор» деп айдар тағатын бағанағы төрттаған туралы айтпағымызға оралайық.

Публицист Бауыржан Омаров – Шерхан Мұртазадан бастап, ақын-сазгер Талғат Тілеулесовке дейінгі қазақ сөз өнерін­дегі дарынды тұлғалардың тұтас галереясын жасап шыққан қаламгер. Ал, мезгіл мен кейіпкерінің образын бір шумақпен түюге келгенде Бауыржанның алдына шығатын біреудің атын атай  алмаймыз.

Жазушы Талаптан Ахметжан туралы жазған новелласында:

«Сәті келіп тұрған іс,

Сені бастар шыңға алыс.

Сүйген жарын табуға,

Себеп болды бір вальс», – дегені әркімнің басынан өткен махаббат тарихын көз алдына вальсше дөңгелентіп алып келеді.

«Көпке ұнайтын бар өңі,

«Kopen KZ» – паролі.

Көңіл күйі келіскен,

Күлкістанның королі».

Бұл – сатирик ақын Көпен Әмірбек жайлы төрттаған.

Баяғыда Владимир Высоцкий халық «частушкаларын» жастарға гитара әуенімен жеткізіп, жаттатқызған. Бауыржанның тәсілі де соған ұқсас. Ол бүгінгі әлеуметтік желімен жетілген  жастарға  Көпеннің кім екенін танытады.

«Сыр сандығы жылға азық,

Сөз кенішін жүр қазып.

Сары шайыр сілтеп жүр,

Смартфонға жыр жазып», – деп Шәкизада  ақынды  оқуға үндейді.

Мұндай мысалды ондап, жүздеп келтіруге болады.

Алдағы мамыр айында Баукең алпыс жасқа толады. Барыс жылғы,  мүшелге шықпақ. Өмірдің осы  белесіне  лайықты  табыс, жетістікпен жеткендердің бірі – біздің Баукең. Ғылымда да, қызметте де жоғарыдан көрінді. Филология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі. Омырауына «Парасат» орденін, «Ерен еңбегі үшін» медалін, Президент әкімшілігінің «Мінсіз қызметі үшін»  төсбелгісін  тақты.

Жұлдыз  жорамал  жасаушылардың  атасы  қытайлықтар  Барыс жылғыларды бірнеше топқа бөлген. 1962 жылы туғандар «Су барысы» деп аталады. «Олардан жан-жақты білімді зерт­теушілер, шешендер мен мықты саясаткерлер, қаламы қарымды  жазушылар  көп  шығады», – дейді олар.

Бәукеңнің  болмыс кенінде осы айтылғанның төрт қыры түгел көрініс тапқан. Маған қытай даналары әлгі анықтаманы Баукеңе  қарап  отырып айтқан  сияқты  сезіледі.

Жасы құтты болсын, досымыздың. 

Баукеңнің туған күніне тартуым болсын деп бүгінгі естелігіме риясыз  көңілден  арнаған  өлеңімді  де  қосып  отырмын.

ЖАРТЫ  ҒАСЫР  ЖИҒАН  АСЫЛ

(Бауыржан  Омаровқа)

Тұрқы да, тұлғасы да ерен, бөлек,

Пейілі мен зейіні зерен, зерек.

Бейнесіне бір шебер сурет салып,

Кеудесіне тербеткен өлең бөлеп.

Ақылында төрі бар естілердің,

Мінезінде мөрі бар ескілердің.

Оябын оюлауға осы жанның,

Көзімен көкіректің кескін өрдім.

Алтын қынға сақтаған ар қылышын,

Қалай айтып дөп шығам жан құрышын.

Жақсы адамды жырлауға жарамасам,

Ақын болып жүрмін бе, сәндік үшін.

Бүгінмен өмір сүріп, ертеңге ерген,

Биіктен білім жиып көркемделген.

Теңіздің қолтығынан көтеріліп,

Ғылымның толқынына желкен керген.

Тіліндей мінсіз мөлшер алтын сағат,

Оқимын кітабының әрпін санап.

Адамға үн түседі аспан жақтан,

Айтқанда баяғының парқыншалап.

Нәр алып бекзаттығы даладан бек,

Даралық қонды ма екен данадан кеп.

Отыз екі тамырым солқылдайды,

Осының бәрін қалай қалаған деп.

Жарты ғасыр өткен бе көз ілмей-ақ,

Сергімепті сезім мен төзімді аяп.

Көрінер көңілі асқақ, кеудесі зор,

Ал, жаныңда жүргенде өзіңдей-ақ…

Дүйсенбек  АЯШҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: