Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айбынды Абай

10.01.2022, 11:00 499

Тәуелсіздіктің төл құрдастары да орда бұзар 30 жасқа толды. Еңсесін енді ғана тік ұстаған елдің жастары да адымдап аяқ басып, шарықтап даму үстінде. Тәуелсіз елдің тәуекелшіл ұрпағының арқасында айтулы күнге де жеттік. Жөргегінен жорғалаған жағымпаздар елдің жеткен жетістігін тізбектеп жатса, енді бірі тек елдің тыныштығына ғана риза екенін жеткізді. Бәлкім, мақтауын асырғандардың сөзі шындыққа жанасушы еді. Тек… еліміздің қазынасына қол сұққандар болмаса… «Жә, отызға келген адамның өзі таусылмас арманының біршамасына қол жеткізбейтіні анық» деп бір ақылгөйлер шығатыны сөзсіз. Жо-жоқ, сол Тәуелсіздіктің өзі жанын беруге даяр, рухы биік ұрпақтың жемісі ғой. Міне, қазақ ешқашанда дегеніне жетпейтін ұрпақты тәрбиелемейді. Тек қазіргінің дегені ішсем, жесеммен шектеліп қалып тұр. Сол себепті қазіргі күніміз көңіл көншітерлік емес. Дегенмен, елдің дамуына үлес қосып келе жатқан жастарымыз да жетерлік. Солардың бірі – еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары дүние есігін ашқан Абай Битаев. Қазақ­тың қара домалақ баласы «отызда орда бұзып», елдік мақсатта, халқы қауіпсіз болу үшін еңбек етіп жүр.

2008 жылдан бастап үздіксіз құқық саласында еңбек етіп, қазіргі күні жас болса да бас болып, әділет майоры, ЗК169/1 мекемесі бас­тығының орынбасары қызметіне тағайын­далып, адал қызмет ат­қаруда. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында 30-дан аса жетістікке жетіп, биік белестерді бағындырған. «Ішкі істер саласында 10 жыл мінсіз қызмет атқарғаны үшін» деген төсбелгімен марапатталған. Экстремизм, терроризм бағытындағы сотталғандарды райынан қайтару бо­йынша істерде марапат төрінен көрінген. Бұдан бөлек, еңбегін елеу­сіз қалдырмай қаншама мекеме алғысын білдіріпті. Жақында ғана ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет подполковнигі Шаймерден Есенкелдиевтің қолынан «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі  үшін» деген марапатты алуы да сөзімізді  дәлелдей  түскендей.

Көк өрім шақта ізгі пейілден пайда болған мамандыққа деген махаб­баты жаңылыстырмапты. Себебі Отанға деген сүйіспеншілігін, адами қалпын өзінің болмыс-бітімінде сақтай алған азамат осы сала бойынша білім алу үшін қаншама қиындықтан өткен. Алғашында біршама есікті қағып, өзінің лайық екенін көрсеткенімен, қалталы отбасының бала­сы болмағасын тосқауылдарға тойтарыс бере алмағанын айтып қынжылды. Қолын бір-ақ сілтеп, болды, бітті, қажет емес… деп жілігі шағылған кездері де болыпты. Талабы мен таланты болмаса да, құрығы ұзындар ғана лауазымды қызметке баратыны өкінішті. Алайда нар тәуекелге барып, құлаған жерінен қайта тұрып, құлаш сермегенінің арқасында ақыры қалауына  жеткенінің  куәсі  болып  отырмыз.

Қазақтай азат халықтың баласы аса ауыр қылмыстық істерді ашуға әрдайым атсалысып жүреді. «Әр үйдің тентегін тәрбиелеу оңай емес» дейді кейіпкерім­із.

– Әртүрлі санаттағы қылмыс жасаған қылмыс­керлермен жұмыс істедік. Тіпті облыс басшысы қылмыстық іспен түскенде де, жұмысымыз  сұйылған  емес. Мысалы, бір жерде есірткімен ұсталып жатқан нүктеде болсақ, екінші нүктеде ұрлық ісі болуы мүмкін. Ол итарқасы қиянда болса да дереу жетіп, сапалы жұмыс атқару қажет. Бәрі бір мезетте болғанымен, екі түрлі қылмыс, екі түрлі деректерді қорытып, ақ пен қараны ажырату керек. Міне, жұмыстың ауыртпалығы өте көп. Мен қылмыстың қайнаған ортасында көп жүрдім. Соған қарамастан үздіксіз, еш қателіксіз маған артылған жүкті абыроймен еңсеріп келе жатырмын. 10-15 жылдап жатқан сотталушылармен жұмыс істеу ешқашан жеңілге соқпайды. Халықтың көбі полиция қызметкерлерін жақтырмай жатады. Бірақ біз халық үшін ғана игі істер атқарамыз. Дегенмен сотталғандардың барлық жағдайы мемлекет тарапынан жасалғаны­мен, түрме ішіндегі қылмыскерлердің де біразы қисық әрекетке баратыны аз емес. Солардың бәрін қадағалау жеңіл шаруа емес екенін бірі білсе, екіншісі білмейді. Қаншама қылмыскердің түзелуіне, олардың қайтадан қылмысқа бармауына, халқымызға  қауіп  төндірмеуіне  жауап  береміз, – деді  ол.

Сондай-ақ, жауапкершіліктің аз еместігін де айтады. Қағазбастылық  жұмысы да  жеткілікті. Таңғы сағат 5-6-ға дейін жұмыс істеген күндері де болыпты. Бірақ «жақсы жұмыс – жанға тыныс» демекші, жұмысына кіріскенде қиындық байқалмайтын-ды. Өз ісіне мінсіз болу үшін заңның барлығын жіті талдап, күндіз-түні білім алудан жалықпайтынын жасырмады. «Жер астынан жік шықты, қос құлағы тік шықты» демекші, кез келген сәтте бейбіт заманда өмірін қатер­ге тігіп, береке мен бірлікті сақтап қана қоймай, ел Тәуел­сіздігіне ғасыр толуына осы сала мамандарының қосар үлесі  зор  екені  даусыз.

Өмірін елдің қауіпсіздігіне арнаған батыр волейбол мен үстел теннисін  де  жанына  серік етіп жүр. Тәуелсіз елдің құрдасы – бір үйдің отағасы. Президентіміз үш жүздің қамын ойла­са, айбынды Абай үш қызының тәрбиесіне де көңіл бөлуді ұмытқан емес. Қыз баланың тәлім-тәрбиесіне қазақ халқы ерекше назар аударып, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді бойы­на сіңіртіп, қылығына қатаң қараған. Абай да көненің ілімін алып өскен азамат, ол да қыз баланың тәрбиесі ұлт тәрбиесі екенін естен шығарған емес. Осындай елім, жерім, ұрпағым деп ұлтының мүддесін өзінен жоғары қойған азаматтардың арқасында еліміздің болашағы бұлыңғыр болмайтынына  сенім  арта  түседі.

Тәуелсіздік қарсаңында дүниеге келгендердің қатары тек мықтылармен толысқандай. Абай Битаевтан бөлек, осы мекеме­де жүрген жүрегінің түгі бар тағы алты маман да Тәуел­сіздікпен құрдас. Бүгінде олар да бірқатар белесті бағын­дырып  үлгерген.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: