Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Афоня»

23.11.2023, 10:30 254

HALYQLINE.KZ

Ғасыр тоғысқан жыл. Қарақұм беткейіне іссапармен барған едім. Шыжыған шілденің қапырық ауасы бетті жалынша шарпиды. Біз мінген жаңа «УАЗ» көлігі шағыл төбелердің арасындағы даңғыл жолмен жүйткіп келеді. Қайда қарасаңыз да шетсіз-шексіз кең даланы көресіз. Осындайда «Қарақұм дегенше, қарағым десейші» деген даналық сөз жадыңа оралады. Алдымыздағы дөңді кесіп өткенімізде етекте тұрған жүк көлігін көзіміз шалды. Мұндай жерде бейсауыт адам жүрмесі белгілі ғой. Жеделдетіп жанына барғанбыз. Машина кабинасынан түскен шашын қысқа қылып қырыққан, сом денелі, ұзын бойлы екі жігіт жанымызға жетіп келіп «Су бар ма, су?!» деді қырылдаған үнмен. Түрлері түтігіп, еріндері кезеріп кетіпті. Біз берген құты толы мұздай суды апыл-ғұпыл ішкен бейтаныс екеу машина көлеңкесіне сылқ етіп отыра кетті. Шөл қысып, әлсіреп қалғаны байқалады. Сәлден соң өздеріне-өздері келгендей болып, әңгімесін бастады. Тараз қаласында тұратын бұл азаматтар осында әлдебір шаруамен келіпті. Жұмыстарын бітіріп, еліне бет алған пәттері екен. Құм ортасында машиналары бұзылып, қаңтарылып тұрғандарына әлденеше сағат өтіпті. Өздерімен ала шыққан сулары таусылып әбден қиналыпты. Осы мезетте біз жолығыппыз. Біздің Қазалыда тұратынымызды естіген екі жолаушы Қазалыда өздерінің «Афоня» атты «крутой братандары» бар екенін, алайда байланысу мүмкін болмағандықтан онымен тілдесе алмай тұрғандарын, біздің өздерін тастап кетпеулерін айтып жалынды. Мен оларға елсіз далаға қалдырып кетпейтінімізді, тым болмағанда аудан орталығына дейін апарып салатынымызды түсіндіріп тыныштандыруға тырыстым. Жүргізушім болса жаңа таныстарымыздың қолындағы ұялы телефонын алып төбе басына көтерілді. Кенет… «Байланыс іске қосылды» деп айғай салды. Оған қарай қосарлана жүгірген екеуі әлдебір нөмерді теріп, бізден қай жерде тұрғанымызды сұрап телефонның арғы жағындағы адамға асығып-үсігіп баяндап жатыр. Жүздері балбұл жанған жаңа таныстарымыз өздерінің «Афонямен» сөйлескендерін, машинаға қажетті қосалқы бөлшекті әкелетінін қуанышпен жеткізді.

Көп ұзамай жанымызға тоқтаған «КамАЗ» көлігінің кабинасынан түскен жігітті көргенде жанымыздағы тараздық жігіттер «Афоня братан келді» деп жас балаша елпілдеп оған қарай тұра жүгірді. «КамАЗ» көлігінің жүргізушісін көргенде өз көзіме өзім сенбедім. Тараздықтардың «Афоня братан» деп тұрғаны менің бала күннен бірге өскен досым, кластасым Анарбай Жалғасов болатын. Мені бұл жерден кездестіремін деп ойламаған Анарбай да айран-асыр қалды. Анарбай өзімен бірге түрлі сусын, дәмді тағам тағы басқа қажетті заттарды мол қылып ала келіпті. Шөлдеп әрі ашығып тұрған тараздық жігіттер бір жырғап қалды. Бәріміз жабылып жүріп Анарбай әкелген қосалқы бөлшекті күн еңкеймей салып бітіріп, жолға шықтық. Шындығын айту керек Анарбайдың қаншама шақырым жерге таныстары үшін келіп, қиындықты олармен бірге тартуы үлкен адамгершілік екені даусыз.

Бізді қашан барсаң да шаршап-шалдығуды, қабағын шытуды білмейтін Анарбайдың жары Күлпараш көл-көсір дастарқан жайып қарсы алды. Дана халқымыз «Қонаққа тамағыңды емес, қабағыңды бер» деп текке айтпаған ғой. Сол түні Анарбайдың үйінде тараздық жігіттермен бірге болып, ақтарыла әңгімелестік. Кәсіпкер ретінде түрлі қалада жиі болып, сан ұлттың өкілдерімен тығыз араласатын Анарбайды орыстілді достары «Афоня» деп атайтынын тілдесу барысында қонақтарымыздан естідік. Ертеңіне бір-бірімізбен туыс-бауырдай қимай қоштасып, жолаушыларды жолға шығарып салдық. Анарбайдың жары Күлпараш марқұм өте кішіпейіл, қонақжай адам болатын. Үйінен ешқашан кісі қарасы арылған емес. Өкінішке қарай, Күлпараш өмірден ерте өтті. Алла алдынан жарылқасын.

Анарбай Жалғасов Жанқожа батыр ауылында көпбалалы отбасында туып-өсті. Әкесі Бұхарбай көкеміз – Ұлы Отан соғысының ардагері. «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері. Анасы Хантал өте мейірбанды адам болатын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Бұхарбай көкеміз зейнеткерлікке шыққанша ауылда механизатор болып еңбек етті. Ауыл-аймаққа, өз ортасына сыйлы атанды. Әке жолын кейін перзенттері жалғастырды.

«Дос сыртыңнан мақтар,

Дұшпан көзіңе мақтар». Реті келгенде Анарбай Жалғасов досым туралы бір-екі ауыз пікірімді білдіре кетсем. Анарбайды өз басым қарапайымдылығы, адамға ізгілік жасауға бейім тұратын дағдысы үшін ерекше сыйлаймын. Қай жерде жүрсе де, өзі туып-өскен Жанқожа батыр ауылында қолға алынған игі жұмыстардың ешқайсысынан қалыс қалған емес. Мүмкіндігінше аз қамтылған отбасыларға, ауылдағы имандылық іс-шараларына қаржылай қолдау жасаудан әсте тартынбайды. Әрі мұны өзінің перзенттік парызы санайды.

Қазіргі таңда Анарбай Жалғасов («Афоня») Алматы қаласында тұрып жатыр. «Имандының жүзі жарқын» деп текке айтпаса керек. Шаңырағың шаттыққа толсын!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданының  Құрметті  азаматы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: