Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Әскерге бармаймын» деуге аузым бармады

31.01.2021, 14:00 585

HALYQLINE.KZ 1932 жылы ноябрьде мені военкоматқа шақырды. Жиналған жігіттерді тыр жалаңаштандырып, дәрігерлердің алдынан өткізіп жатыр. Біреу сыртты, біреу ішті, біреу тісті қарап, тақия жүгіртпек ойнағандай, дәрігерден дәрігерге қарай сырғып келе жатырмыз. Менімен Иманәлиев деген бір жігіт қатар кірген еді. Алғашында сап-сау жігіт комиссияға кіргенде біресе ішім, біресе тісім деп, өп-өтірік қиналды да қалды. Көз дәрігерінің алдына келгенде жұдырықгай әріптерді көрмеймін деп, көпе-көрінеу өтірік соқты. Мен дәрігерлерге денсаулығымның жақсы екенін айтып, әріптердің бәрін заулатып оқып бердім.

Ең соңында комиссардың алдына жаңағы Иманәлиев екеуіміз тағы да қатар бардық.

– Өзіңіз айтқаныңызбен денсаулығыңыздан әскерге баруға бөгет боларлықтай ақау табылған жоқ, – деді комиссар ана жігітке.

– Сізді әскерге алуға болар еді. Бірақ өзіңіздің барғыңыз келмейтін сияқты. Біз әскерге өз еркімен барғысы келгендерді ғана аламыз.
Иманәлиев басын изеп шығып кетті.

– Сіздің де денсаулығыңыз жарамды, – деді комиссар маған.

– Бірақ қарт кісінің жалғыз баласы болғандықтан, сізге берілетін жеңілдік бар. Егер әскерге барғыңыз келмесе, сізді де қалдыруға болады. Бармаймын деуге менің аузым бармады.

– Барамын, алыңыздар, – дедім комиссарға. Ертеңінде үйге мынадай қағаз келді:

Келу картасы №20 Азамат Момышұлы Шымкент шақыру комиссиясының ұйғарымы бойынша әскерге жарамды деп танылып, 8 командаға тіркелді. Сол себепті ол 1932 жылдың 7 ноябрінде сағат 7-де Шымкент қорғанына келуге міндетті.

Комиссия председателі (Қол қойған).

Іс жүргізуші (Қол қойған).
(Мөр басылған).

Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз»

кітабынан үзінді.

Бауыржан Момышұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: