Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ӘЛІМЖЕТТІКТІҢ СОҢЫ – ТОҚЫРАУ немесе ер баланың тәрбиесі қоғамның болашағын жасайды

27.04.2023, 11:20 461

Ұл баланың тәрбиесі – отбасы құндылығын, гендерлік әлеуметтенуді, білім беру­ді және құрдастар арасындағы қарым-қатынас­ты реттеп, әртүрлі факторды қамтитын күрделі және көп қырлы дүние. Бұл факторлардың әрқайсысы баланың эмоционалдық, танымдық және әлеуметтік дамуына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Қоғамда ер баланың рөлі де, алар орны да айқын. Тіпті, ата-бабамыз ұл баласы дүниеге келсе, қолында бар соңғы малына дейін құрбандыққа шалып, Жаратушыдан ұлының жолын даңғыл, өнегелі етуін сұраған. Өйткені, оның өмірдегі миссиясы көп. Жоғарыда айтылған отбасы құндылығы осы ер баланың алған тәрбиесі мен өскен ортасына, біліміне тікелей байланысты. Қазақта жас балалардың олқы әрекетін көрсе немесе қателікке бой алдыратын болса, оның тәрбиесін сөз етеді. Мұндайда «әке тәрбиесін көрмепті» деген ауыр сипаттағы сөздер де айтылуы мүмкін. Сол үшін болар, қолына найза беріп, жауға қоятын ұлдардың мықты, мінезді, ақылды, зерек  болуына баса назар  аударады.

Бәлкім біразы келіс­пеуі мүмкін. Қазір адамгершілік институттары өз рөлін дұрыс атқарып жатқан жоқ. Бұл сөзді айтуға соңғы болып жатқан оқиғалар әсер етті. Бала тәрбиесіне келгенде, қоғам пікірі екі ұшты. Бірі оның тәрбиесіне тек ата-ана жауапты десе, енді біреуі сол тәрбие тек ата-анадан ғана емес, уақытының тең жартысын  арнайтын  ұстаздар  да жауапты дейді. Мектеп жасындағылардың барлығы дерлік кибер әлемнің жетегінде жүргендіктен, ұстаздардың үлгі-өне­гесін бойға сіңіріп, солар­дың жолын қуады деп айту неғайбыл. Балаларды ата-ана да емес, ұстаздары да емес, жүрген орта­сы мен қолындағы смартфон тәрбиелеп  жатыр. Бұл – факт.

Айтпақшы, қазір ауылдық жерлерде мектеп жасындағы ер балалардың арасында бір-бірін қорқытып, үркіту арқылы ақша жинау, заттай дүниелер өндіру қағидасы әлі де бар. Бұл  жасөспірімнің тәрбиесіне тікелей қатысты. Қалай десеңіз, айтайық. Бұрынғының «келтесі» келешекте үлкен тоқырауға, қоғамдық санасыздықтың аласармауына алып келеді. Жоғары сыныптың оқушылары өзінен кіші сыныпқа түрлі тапсырма, бұйрық беру арқылы санасына бұрыс жол нұсқайды. Нәтижесінде түкке пайдасы жоқ орта қалыптасып, «бандит» балалардың легі жасақталады. Мұнан бөлек, «жоғарыдан» келген тапсырма орындалмаса, ашық қысымға ұшырайды өскіндер. Ал енді бұның соңы не нәрсеге апаратынын ойлаңыз. Біреудің баласы біреуден себепсізден-себепсіз езгі көріп, физикалық және психологиялық қысымға ұшыраса, заң мен құқық не үшін?! Ал, ауылдағы ағайынды бұл дүние алаңдатпайтын секілді. Бюрократияның шекарасынан шықпағандар үшін осы жағдай әлі де үйреншікті һәм дұрыс секілді көрінеді. Ең сорақысы – бұл мектеп директорларының тәрбие жөніндегі орынбасарларына таңсық дүние емес. Осыдан келіп, сыбайластық оқиғасының да жайдан-жай орын алып отырғанын байқауымызға болады. Мұны айт­пайын десең де, өз-өзінен сұранып тұр емес пе?! Хош. Бұл өз алдына бөлек тақырып. Дегенмен, осындай дүниелерді көріп өскен бала қай уақытта болашағына жоспар құрып, елінің ертеңін ойлайды? Қорқақтанып ержеткен балада қайдағы батылдық? Дәл осыған куә болса да, үнсіз отыратын ұстаздар да бар. Өйткені, оларды «ержеткізген» – сол стереотип. Тіпті, кейбірі осы дүниені екі жақты қарауға болатынын айта­ды. Дегенмен, шектен шыққан жағдай болса, оның  артық  екені  даусыз.

Жә, одан бұрын бала санасында қалып­тасып келе жатқан әлімжеттік идея оның түбіне жетіп тына ма деп қорқуымыз керек. Ол – психикалық денсаулыққа, өзін-өзі бағалауға және әлеуметтік дамымауға ұзақ әсер етуі мүмкін күрделі мәселе. Қорқыту көбінесе мектеп жасындағы балалармен байланысты болса да, ол ересек жаста да болуы мүмкін, әсіресе жұмыс орны немесе спорт командалары сияқты ер адамдар басым ортада. «Ер бала ашуын күшпен, қыз бала тіспен шығарады» деген қағида әліге дейін дұрыс секілді көрінгенімен, біздің ендігі міндет – сол ашуды санамен, ақылмен шешуге үндеу болып отыр. Қазір жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыс осы дүниелердің ашық айтылмай, жабулы күйінде қалып жатқандығынан болуы бек мүмкін. Құй сен, құй сенбе, кейбір ауылдық  жерлердің  ахуалы – осындай.

Енді тәрбие тақырыбына қайта оралайық. Тәрбие – тал бесіктен. Оған дау жоқ. Дегенмен, «соқыр қоғамның» «аузын буған өгіздей» болып отыра беруі сол жағыңды сыздатады. Қайтейік, мектеп директорларынан бастап осындай жағдайды біле тұра үндемеуі – катас­трофа ғой. Осыған байланысты журналист, қоғам белсендісі Серікхан Жүзеев бүй деп пікір  білдірді.

– Егер, мектеп жасындағылар арасында буллинг­тің ашық түрі болатын болса, ондағы балалардың орта білім алу процесінде мәселе бар. Бұл «сапасыз» білімнен сыр береді. Яғни, әлеуметтік теңсіздіктің әлпеті анық байқалып тұр. Ер балалар үшін оқушы кезінде екі таңдау тұрады. Бірі – ортасының әсер етуімен бұзақылыққа бұрмаланса, екіншісі – оқу-білімге ынта қою. Ондағы орта білім баланы қызық­тырмаса, бірінші бағыттағы ер балалардың саны арта берері сөзсіз. Өсе келе, оның санасындағы дүние де белгілі бір дәрежеге «есе­йіп», бұзақылықтың қауіпті түрлерімен айналысуы мүмкін. Айналып келгенде жанашыр­лықтың жоқтығы ұлттың ыдырауына, елдің іргесі сөгілуіне алып келеді. Мұндайда атойлап тұрған ұлдарды қайдан табамыз? Өйткені, оны мектеп кезінде сапасыз білім мен  селқос  мұғалімдер­дің тәрбиесінің өзі таңдауын айқындап қойған­дай. Оны қойшы, сапасыз дүниенің ерте ме, кеш  пе,  сыр  беретіні осындайда байқалмай ма?  – деді  журналист.

Ерлер арасындағы қорлаудың зиянын жою үшін құрмет пен эмпатия мәдениетін (түсіністік таныту – авт.) қалыптастыру қажет. Бұл дәстүрлі гендерлік рөлдерге қарсы тұруды және эмоционалды ой-сана мен қоғаммен байланыс дағдыларын дамытуды қамтиды. Сондай-ақ кеңес беруші жақындары мен құрдастардың бір-біріне деген адалдығы – ер баланың алған тәлім-тәрбиесін нықтап, тәжі­рибеге  айналдыратын  дүние.

Қорыта айтар болсақ, интеллект қоғамды қалыптастырғымыз келсе, ержетіп, бойжетіп келе жатқан ұл-қыз­дар әлімжеттіктің әлегіне түспеуі керек. Буллинг пен бопса көріп өскен буында өкпе-реніш пен опасыздық  психологиясы «бой көтеруі»  мүмкін. Психолог мамандар да осыны айтады. Сондықтан, бала тәрбиесіне нақты уақыт бөліп, маңызды жұмыс ретінде қарайтын кез болып тұр. Ұрпақ тәрбиесі қоғамның бо­лашағын жасайды. Ал біз үшін болашақ  маңызды.

Кемел  ҚҰРМЕТ

Тақырыпқа  тұздық

ЕР БАЛАНЫҢ ПСИХОЛОГИЯСЫ ЖАЙЛЫ 10 ФАКТ

1. Ұлдар көбінесе қыздарға қарағанда агрессивті мінез-құлық көрсетеді. Бұл олардың топта үстемдік етуге және өз күштерін көрсетуге деген ұмтылысының айқынырақ  болуы­на   байланысты.

2. Ұл балалар өздерінің еркектік қасиетіне байланыс­ты қоғам мен айналасындағы адамдар тарапынан үлкен қысымға ұшырауы мүмкін. Олар ер адам болудың жалғыз дұрыс жолы жоқ екенін және әркім өз жолын таңдай алатынын  түсінуі  керек.

3. Ұлдар қыздарға қарағанда анасымен тығыз байла­ныста болуы мүмкін. Бұл олардың батылдығының аз екенін білдірмейді, жай ғана олардың эмоционалды қол­дауға  мұқтаж  екенін  көрсетеді.

4. Ұлдар қыздарға қарағанда көбірек мазасызданады. Олар сәтсіздікке ұшыраудан қорқуы мүмкін және эмоцияларын  басқаруды  үйренуге  көмек  қажет  болады.

5. Ұлдар көбінесе қыздарға қарағанда физикалық белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл оларға стрессті жеңуге  және  өзін-өзі  бағалауды  жақсартуға  көмектеседі.

6. Ұлдар қыздарға қарағанда әкесімен тығыз қарым-қатынас­та болуы мүмкін. Олар әкесіне еркектік үлгі ретінде қарап, оның қолдауы мен басшылығына мұқтаж болады.

7. Ұлдар  қыздарға  қарағанда бәсекеге қабілетті болуы мүмкін. Бұл оларға өмірде жетістікке жетуге көмектеседі, бірақ олар сонымен бірге топта жұмыс істеуді және басқа адамдарды  құрметтеуді  үйренуі  керек.

8. Ұлдар қыздарға қарағанда тәуекелге баруға дайын болуы мүмкін. Олар қауіпті ойындар мен мінез-құлыққа бейім болады, сондықтан олардың әрекеттерінің салдарын түсінуге көмектесу маңызды.

9. Ұлдар қыздарға қарағанда достарымен тығыз қарым-қатынас­та  болады. Олар достарына ең жанашыр жан ретінде  қарауы  мүмкін және олардың қолдауы мен түсінігіне  мұқтаж  болады.

10. Қыздарға қарағанда ұлдар өз эмоцияларын білдіруде қиналады. Олар өздерінің осалдығын көрсетуге рұқсат етілмейтінін сезінеді. Бірақ олар өз  сезімдерін  ашуды  және  білдіруді  үйренуі  керек.

Ғалымдар тұжырымдамасынан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: