Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Эврика…»

27.04.2021, 8:30 654

HALYQLINE.KZ

Қаз-қалпында

«Ешбір үммет ажалын ілгерлете алмайды да, кейіндете алмайды». («Хижр» сүресі. 5-аят.)

Бұл жазбам шынайы өмірден алынған. Басты кейіпкері – өзімнің бала күннен бері бірге өскен досым. «Көйлегімен туған» дегенді естуіңіз бар шығар?! Менің досым дәл осындай адам. Оған әңгімені оқу барысында көзіңіз жетеді деп ойлаймын. Алайда өзі айтқандай «аяқ басса прюключениеге тап болатын» сол сабаздың қазір ата атанып, оған қоса, «ораза тұтып, ауыз бекітіп» отырғанын ескеріп, аты-жөнін атауды әбес санадым. Бірақ… «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» демекші, кейіпкердің кім екені, оқиға желісі ауылдағы менің құрдастарым, яғни «62»-лерге жақсы мәлім.

Мен досымды әзілдеп «десантник» деп атаймын. Оның себебі де бар.

Сонымен… Кеңес өкіметі кезінде әскери-әуе күштері, нақтысы, «десант» әскерлері құрамында Отан алдындағы борышын өтеу кез келген жастың арманы болатын. Күнқағарсыз баскиім, алабажақ майка, камуфляж киіп, суретке түсу дегеніңіз – екінің біріне бұйырмайтын бақыт… Әсіресе, сондай суретіңді ауылда арманыңа айналған қыздарға салып жіберсең… ішпей-жемей тоғаясың…

Парашют десант сарбазының басты серігі екені көпшілікке аян. Алайда кейде биіктен секіруге келгенде «парашютті қажет қылмайтын» адам да бар екен. Менің досым – соның бірі. Жарайды, көп созбай турасына көшейін.

Досымның студент кезі. Жастық шақта той да, мереке де көп болатыны түсінікті ғой. Бірде қатар оқитын үш-төрт жігіт бас құрап, орталарындағы бір азаматтың туған күнін атап өтеді. Менің досымнан өзгесі пәтерде тұрады екен. Ол тұста кез келген отырыс ішімдіксіз өтпейді. Бұл жолы да солай болады. Сыра, шарап ішіліп, гитарамен ән шырқалып дегендей отырыс қызады. Думандатып отырған бозбастар уақыттың түн жарымынан асқанын сезбей қалады. Ақыры жігіттердің бірі ертең сабақ екенін есіне түсіріп, тарауға ұсыныс жасайды. Енді менің жатақханада тұратын досым не істеу керек?!

Жатақхана есігін ішінен әлдеқашан тарс іліп алғаны белгілі. Комендант өте қатал адам. Ол ағайды ояту, мұндай күйде көзге түсу деген… Атамаңыз! Қасындағы жігіттер «осында қон» деп қанша жалынғанымен менің досым көнбейді.

Ішкен адамның сөзі белгілі ғой. «Мен мас емеспін. Қалайда жатақханаға жетуім керек» деп өзеурейді. Жанындағы серіктері досыма өлердегі сөздерін айтып, әрі жалынады, бері жалынады. Қайдағы?! «Ер жігіт бір сөзді болуы керек» деген менің досым айтқанынан қайтпайды. Болмаған соң екі-үш жігіт досымды жатақханаға дейін жеткізіп салады.

Келуін келді. Жатақханаға қалай кіру керек?!

Досым «Эврика» депті. Бірақ… атақты ғалым атасы сияқты «моншада емес жатақхананың» арқа беткейінде… Сөйтеді де… Биік ғимараттарда кездесетін, қабырғаға орнатылған өрт шыққанда пайдалануға есептелген сатының бойымен жоғары қарай маймылша өрмелей жөнеледі. Бір-екі-үш қабаттан өтті. Бәрекелді, азамат! Міне, нағыз епті, жүрек жұтқан деп осыны айт.

Кенет… Ойбай, не болып кетті?! …Мынау не сұмдық?! Масқара! «Көз тиді ма, тіл тиді ме?!..

Өрт сөндіру сатысынан қолы шығып кеткен досым қарғаша қалбаңдап, төмен қарай құлдырай жөнеледі. Сырттан бақылап тұрған серіктері сұмдық көрініске қарауға батылдары бармай, зәрелері ұшып, бірін-бірі құшақтаған қалпы, көздерін тарс жұмып, қатып қалады. Қорықпағанда ше?! Төртінші қабатқа жақындап қалған достың қаншалықты биіктен жерге түсетініне қоса, сол кезде жатақханаға күрделі жөндеу жасап жатқандықтан төменде арматура қағылып, жуан-жуан істік темірлер тура найза сияқты шаншылып тұрған-ды. Жоғары жылдамдықпен, қаншама салмақпен, биіктен құлдилаған дене істікке түссе… Ойлаудың өзі қорқынышты…

Ажал алдындағы шыңғырған үнді қашан естиміз деп көздерін жұмып тұрған «туған күнді тойлағыш» гараматтардың қанша уақыт тұратыны белгісіз еді…

Десе де, достың «Жігіттер, жақсы. Мен демалайын» деген даусы бәрінің естерін жиғызды. Мәссаған! Мұндай да болады екен. Дос жымиған күйі екінші қабаттың балконында тұр. Іле-шала бұларға қолын бұлғап «Көріскенше!» деді де, балконның есігін ашып, жатақхананың ішіне кіріп кетті.

Сыртта тұрғандар түкке түсінбей мең-зең күйде тұр. «Апам да аң-таң, мен де аң-таңның» көкесі басталды. Апырмай, бұл қалай?! Мынау адам ба, жын ба?! Адам болса ұшатын қанаты жоқ екені көпке аян. Жын дейін десең, жүріс-тұрысы оған келіңкіремейді… Бұлар өз көздеріне өздері сенбей «осы жерге түседі-ау» деген жерді, тіпті, жатақхана аумағын түгел сүзіп шығады. Достың өзі түгел ізі де жоқ. Аман екенін білген «тойшы қауым» Қызылорданың түнгі аспанын жаңғырықтырып «Ураға» басады… Бұлардың даусын естіген сол маңда жүрген милицияның (ол кезде осылай аталады) түнгі патрулі машинамен тұра кеп қуады. Қуаныштан жүрегі жарылардай болып тұрғандар жеткізсін бе?! Аламанда көсілген бәйге аттардай құйындатып, қарасын көрсетпей кетеді..

«Сонда бұл қалай болған?» деген сауал туындауы заңдылық. Айтайын. Биіктен құлдилап келе жатқан дос жанекпін қолын сермегенде саусақтары сатыға жақын жердегі екінші қабаттың балконының жақтауына тиеді. Шап етіп, жақтаудан ұстап алған дос серіппеше серпіліп, балконның ішіне шыр айналып түседі. Арғы жағы жоғарыда мен жазғандай өрбиді. Бұл жолғы оқиға осылайша адам айтса сенбейтіндей сәтті аяқталады.

Айтпақшы, дос ертеңіне түндегі жігіттерге қоса мені мен тағы бір құрдасыма дастарқан жайып, өмірге екінші мәрте келгенін атап өтті.

Тағы бірде сол дос… Жарайды, кейінге қалдыра тұрайын. Әйтпесе, досым мені сыбап қойып, оразасы бұзылар…

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Жанқожа батыр ауылы

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: