Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Хат тасушы Қасымхан

29.10.2020, 9:00 378 0

Қызылорда қаласынан таяқ тастам жердегі Белкөл кентінде Қасымхан Төлебаев есімді жасы жетпістің жотасына таяған азамат тұрады. Сонау Арал қаласының төл перзенті. Бұл жаққа тұрмыс ыңғайымен қоныс аударған.

Бізді ол кісінің еңбек кітапшасындағы «Ма­манды­ғы хат тасушы» деген тілдей жазу қатты таңғалдырды. Сонымен соның ұңғыл-шұңғылына тереңірек үңіліп сұраймыз ғой баяғы.

Қасымхан болса бізге қарап:

– Менің тоқсан жылдық тарихы бар, 1965 жылы қайта шыққан «Толқын» басылымының осыдан елу бес жыл бұрынғы алғашқы оқырманы болғанымды сендер білесіңдер ме? – деді  сұраулы  жүзбен.

Біз не дейік. Білетініміз, өткен ғасырдың алпысы­ншы жылдарының  алғашқы кезеңіндегі «Жылымық» тұста еліміз өлкелік бөлініске түскен сол кезеңде өлке орталығы Шымкент қаласы болып, бұрынғы Қызылорда облысы Оңтүстік Қазақстан өлкесінің құрамына Жамбыл, Шымкент облыстарымен бірге енген. Осы тұста 1930 жылғы 1 қарашадан бастап жарық көріп келе жатқан «Екпінді балықшы», «Социа­листік Арал» аудандық газеті басқа да аудандық газеттермен бірге уақытша жабылып қалған еді. Араға үш жыл салып, 1965 жылғы тамыз айының 1-жұлдызынан бастап Арал ауданы табалдырығын қайта аттап, төріне «Толқын» атымен озған газеттің сол жылғы алғашқы сандарын асыға күткен, оқырмандарымен қауыштырған осы он төрт жастағы Қасымхан бала болатын. Әкесі Төлебай Жолмағамбетов соғыс зұлматын төрт жыл толарсақтан кешіп келген майдангер еді. Ол кезде Арал қаласындағы әскерилен­дірілген күзет мекемесінде (ВОХР) күзетші болып­ жұмыс істейтін. Балаларын кішкентайы­нан еңбекке, адалдыққа тәрбиелеп өсірген ары таза, жаны таза адам болатын.

– Әкем бөтеннің затына алтын болса да жолат­пайтын, – деп еске алады Қасымхан.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, әке тәрбиесін бала жастан бойына сіңірген Қасымхан еңбек көрігінде ерте шыңдалды. Жазғы­ демалыста хат тасушы болып қаланың «Шанхай» мөлтек ауданындағы үйлерге күн сайын республикалық, облыстық басылымдармен бірге аралдықтардың төл газеті – «Толқынды» тынбай таратқанын былайша еске алады.

– Ол жылдары Арал қаласында 4-5 байланыс бөлімшесі болатын. Соның бірі – біз тұрған үй жақтағы №1 бөлімше. Бастығы Қаншайым Майқанова деген апай. Сол жердегі хат тасушы ересек жігіттер күнделікті газет-журналдарды былғары сөмкеге ыңғайластырып, велосипедпен үйді-үйге тасымалдайтын. Мені әуелі олардың велосипедтері қатты қызықтырды. Сонан хат тасушы болуға аңсарым қатты ауды, – дейді ол.

Әй, балалық-ай десеңші. Велосипед тебу арман­ына айналған ол өстіп хат тасушы кәсібін он төрт жасынан бастап дөңгелетіп әкеткен көрінеді. Бір қызығы, сол кездегі аудандық байланы­с торабының бастығы Әбдіхан Көбеев­тің бұйрығымен өзіне бекітіліп берілген велосипедпен хат тасушы Қасымханның күн сайын қанша үйді жағалап, қанша шақырым жол жүргенін ешкім есептемеген болар. Әйтеуір, таң азанғы сағат 7-де тұрып, Рәт Қайыпов басқаратын сұрыптау бөліміндегі қызметіне қызу кірі­сетіні әлі күнгідей есінде.

Сол бір сұрыптау бөліміне күн сайын бас сұғатын Болат Құттымұратов, Амандық Досмалов, Өмеш Сақтағанов, Олжабай Оразбаев, Едіге­ Бекжанов сияқты тораптың желілік механикт­ері, сондай-ақ механик Сұлтамұрат Жолмағамбетов «Толқын» газетінің алғашқы оқырмандары болатын. Ал бөлімнің радисі Шабақ Мұхамеджановтың қолынан қашан көрсең де аудан айнасының жаңа саны түс­пейтін  көрінеді.

Қасымхан кезекті әңгімесінде өз әріптестері Ақмоншақ Ерекееваның, Еңбек Қызыл Ту орден­ді Толағай Ембергеновтың, бөлімнің әр жылдағы басшылары Қайберен Кәденов, Тайыр­ Құспантаев, Лепес Қалиев есімдерін ерекше сезіммен атап өтті.

Тоқсан жылдық тарихы бар «Толқын» газетін­ қалың оқырманмен алғаш рет қауыштырған, өзі де алғашқы оқырманы болған Қасымхан Төлебаевтың аудандық байланыс торабы­ндағы ерен еңбегі республика байланыс министрлігінің дипломымен, «Үздік нұсқаушы» атағымен бірнеше мәрте атап өтілді. Кейін арнаул­ы бөлімшеде І дәрежелі фельдегер атанып­, «Бесжылдықтың жас гвардияшысы» төсбелгісімен  марапатталғанын  мақтан  етеді.

– «Толқын» газетінің тоқсан жылдық тарихын­да хат тасушылардың да үлесі бар екенін ұмытпасаңыздар екен, -деді ол бізбен қоштасарда.

Т.Нұржан-Балта

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: