Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ІШКІ ТУРИЗМНІҢ ТҮЙТКІЛДЕРІ: АРТЫҚШЫЛЫҒЫ мен КЕМШІЛІГІ

18.08.2022, 11:40 1636

Жаз – демалыс маусымы. Жұрттың көпшілігі отбасымен бірге дема­латын жер іздейді. Демалушылар әсіресе табиғаты сұлу аймақтарға ағыла бастайды. Биыл да отандық туризмді дамытуға үлес қосып, отбасыммен бірге ел аумағында демалуды жөн көрдік. Қазақстанда туризм әлі жақсы дамымағанын мойын­дауымыз керек. Десек те отбасымен демалатын  аймақтар  бар.

Солардың  бірі –  Зеренді  көлінің жағасындағы шипажайлар. Елорда­дан тура 320 шақырым жерде тұр. Тақтайдай теп-тегіс жолмен 2,5-3 сағатта жетесің. «Zeren» шипа­жай-сауықтыру кешенінде әріптестеріммен екі күн демалып едік. Өзіме ұнаған соң, отбасыммен бірге тағы бірнеше күнге бардық. Жан-жағынан қарағайлы орман мен үлкен көл қоршап жатқан демалыс аймағының табиғаты ғажайып, сұлу. Туристерді таңғалдыратын Швейцария, Түркия, БАӘ-нің шипажайларынан бірде кем емес. Төрт күн бойы ауа райы да тамаша болып тұрды. Зеренді көліне шомылып, бірнеше күн ауылда күннің ыстығынан «қызған» денемізді салқындаттық. Көлде ескекті қайық­пен  жүзіп, айналадағы әсемдікті  тамаша­ладық.

Тұмса табиғаттың бір ұтымды тұсы – мұнда қалың жынысты орман да, суы жұмсақ көл де бар. Әсіресе жаяу серуендеуге өте қолайлы жер көп. Саф ауа, мүлгіген тыныштық. Зерендінің орманында ағаштардың, өсімдіктердің біз бұрын көрмеген түрі көп екен. Дәмі тіл үйіретін орман бүлдіргенін теріп жедік. Итмұрын да пісіп тұр. Әттең, жаңбыр­дан кейінгі желсіз ауада масаның көптігі мазамыз­ды қашырды. Сонда да тәтті бүлдіргенді уыс-уыс қылып жинап  алдық.

БАҒА  мен  ҚЫЗМЕТ  САПАСЫ  МАҢЫЗДЫРАҚ

Еліміздегі туризмнің артықшы­лығы да, кемшілігі де бар. Әуелі артық­шылықтарына назар аударғым келеді. Біріншісі – Алла Тағала жарат­қан тамаша табиғат. Демалатын адам ең алдымен табиғаты әсем, ауасы таза, шомылатын өзені, көлі, теңізі бар жер іздейді. Зерендідегі қарағайлы орман мұндай демалысқа өте  қолайлы. Өйткені ыңғайлы, ықшам киіммен таңертең немесе кешкілік орманды жаяу аралауға тама­ша мүмкіндік бар. Орман «Zeren» шипажай-сауықтыру кешенінен небәрі 500 метр жерде тұр. Қолыңа таяқ ұстап алып, жалғыз аяқ жолмен жоғары қарай өрмелей бересің. Ғаламат тыныштық патшалығына қалай тез тап болғаныңды байқамай қаласың. Орманды біраз аралаған соң, шағын төбелер мен тастар кездеседі. Соның біріне шыққанда, көз ұшындағы Зеренді көлі, оның арғы жағындағы тауы, биік жердегі басқа шипажайлар анық көрінеді. Ормандағы саф ауаны тоймай жұта бересің, жұта бересің. Орманнан шипажайға қайтар жолдағы жүрісің жеңілдейді, өйткені  ылдидан  төмен  жүресің.

Екінші мәселе – кейбір демалыс аймағындағы инфрақұрылымның толық жетілгені. «Zeren» шипажай-сауықтыру кешені жылдың кез келген мезгілінде демалушыларды қабылдай алады. Жазда көлде қайық­пен, катамаранмен жүзуге болады. Ал қыстыгүні шанаға жегілген иттердің көмегімен аппақ қарға оранған ормандағы жолмен жүйткисің. Шипажайдағы қонақүйдің құнына кешенді үш мезгіл тамақтану, емдік-сауықтыру ем-шаралары (дәрігердің қабылдауы мен кеңесі, ингаляция, тубус-кварц кіреді), үлкен бассейн мен тренажер залына кіру, балалардың ойын алаңдары мен бөлмелеріне бару, автокөлікті тұраққа қою, көлге шомылу кіреді. Жағалаудағы ескекті қайықты жарты сағатына – 1000 теңге, бір сағатына 2000 теңге төлеп жалға алып, көлде жүзе аласыз. Салыстырып көрсек, біз Бурабайда жарты сағатқа қайықпен жүзудің құны 8000 теңге екенін естігенде қалтақағарлардың «ашқарақтығына»  қатты   таңғалдық!

Демалатын жер іздеген адамдарды ең бірінші қызықтыратыны – қонақ­үйдегі жатын орынның, жейтін тамағының бағасы. Одан кейінгісі – қызмет көрсету деңгейі. Басқа жерлерден бір өзгешелігі, «Zeren»-де үш кісілік бір нөмірді 12000 теңгеге алуға болады. Бір тәулігі 36000, 51000 теңгенің нөмірлері де, 60 мың теңгенің жеке особняк үйлері де бар. Екі жатын бөлмесі бар, жартылай люкс коттедж үйді жалға алу құны – 90000 теңге. Үй мен қонақүйден бөлек, дала­дағы палатканы да таңдай аласыз. Жалдау  ақысы  бөлек.

Үшіншісі – туристерге қызмет көрсететін персоналдың ішкі әдебі. Демалатын адамдардың ең бірінші назар аударатыны – осы. Үш жыл бұрын отбасымызбен бірге Түркияның Аланья қаласында демалдық. Әрине, ол жақтағы қызмет көрсету деңгейі бізден өте жоғары. Өйткені туризмнен қыруар табыс табатын түріктер Қазақстаннан ұшатын ұшақтан бастап, әр қаладағы туристерді қарсы алатын қызметкерлердің ішкі әдебіне, халықпен қарым-қатынасына ерекше көңіл бөледі. Тіпті бізді әуежайға апаратын көлік кешіккенде, бөлек нөмір ұсынып, тегін сусындарды алдымыз­ға қойды. Міне, осындай қызмет көрсету Зерендіде бар. Шипажайға кірген күннен бастап, бірде-бір қыз­меткердің қабақ шытқанын көрмедік. Демалыс орнындағы қызметкерлер ана тілінде сөйлеседі, қажет нәрсенің барлығын дұрыстап түсіндіреді. Ресепшндегі Ботакөз атты қызметкер мен бірнеше күн бұрын броньдап қойған нөмірлерімді ұсынды. Бір байқағаным, орыстілді және қазақтілді персонал кім-кімге болса да қажетті  ақпаратын асықпай түсіндіріп, жылы  жүзбен қарсы алып жатты. Асханадағы әкімші мен даяшылар, жағалаудағы қайық қызметін ұсынушылар, қонақүйдегі қызмет­керлер мен кіреберістегі күзетшілер де ізеттілігімен ерекшеленді. Бізге керегі – осы  мәдениет.

Төртіншісі – туристердің денсаулығы мен жеке басының қауіпсіздігі. Бір айта кетерлік жайт, өткен жылы Щучинск қаласынан 30 шақырым қашықтықтағы «Жұлдызды орман» глэмпингінде (сән-салтанаты жарасқан лагерь деген мағынаны білдіреді) демалып едік. Ол жер қаланың у-шуынан алыс, тірі табиғатпен тілдесуге өте қолайлы орын екен. Алайда Еуропада жақсы дамыған жаңа үлгідегі демалыстың бұл түріне біз әлі дайын еместігімізге көзім жетті. Тамылжыған табиғаттың аясында қауіпсіз, қолайлы тынығуға жағдай жасай алмағанымызды көріп қатты қынжылдым. Демалысымыз­дың үшінші күні таңға дейін отба­сымызбен  көз ілмей, далаға шыға алмай, үреймен жаттық. Себебі көрші палатканы жалға алған қазекеңдер (6-7 ер адам) түнімен ішіп, бір-бірін боқтап, таңға дейін  «разборка» жасады. Айдалада сені біреу ұрып-соғып кетсе де араша түсетін жан баласы жоқ. Ертеңіне түнде болған оқиғаны глэмпингтің қожа­йындарына айтып едім,  ешқандай эмоцияны байқама­дым. «Әр адам өз қауіпсіздігіне өзі жауап береді» деді шімірікпей. Бұл – демалушылардың денсаулығы мен жеке басының қауіпсіздігіне деген жауапсыздық пен надандық.

Енді Зерендідегі шипажай мен «Жұлдызды ормандағы» глэмпингті салыстырайық. Зерендідегі демалу­шыларға берілетін картада тыныш­тықты сақтауға қатысты заңдық ережені қара түсті әріптермен былайша баттитып жазып қойыпты. «Кешкі сағат 23:00-ден таңғы сағат 10:00-ге дейін қонақтардың тыныштығын бұзған адамдарға, Әкімшілік кодекс­тің 437-бабына («Адамдардың тыныш­тығын бұзу») сәйкес, 5 АЕК көлемінде – 15313 теңге айыппұл салынады». Үлкен қонақүйде тәулік бойы демалушылардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін жауапты бір қызметкер отырады. Бұл – әлемдік туризмде бар дәстүр. Осы үрдісті заңнамамызға енгізіп, туристік қыз­метті ұсынатын жекелеген кәсіпкерлерге әр адамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауаптылығын заңмен міндеттеу керек. Қазақстандағы туризм­нің артықшылығына жыл сайын демалушылар санының өсуін, кәсіпкерлікті  дамытуға қолайлы  орта­ны  жатқызуға  болады.

Еліміздегі туризмнің кемшілігі көп. Туризм саласындағы кадр тапшылығы, қызмет көрсету деңгейі­нің (сервистің) артта қалуы, туристік аймақтардағы азық-түлік, жатын орын, т.б. бағасының шамадан тыс қымбаттығы, туризмді дамытқан өркениетті елдерден үйренетін озық тәжірибені үлгі еткіміз келмейтіні деп тізбектеле береді. Соның ішінде сервис  мәселесіне  тоқталайық.

ЕХ,  СЕРВИС,  АЛТЫ  ӘРІП,  БІР  АРМАН!

Қазір демалыс аймақтарындағы баға «күйіп» тұр. Мысалы, Бурабайдағы қонақүйлер 1 тәулікке 1 адамға 50 мың теңге сұрайды. Әркімнің талғамы әртүрлі. Жоғарыда Зерендіде бағасы қымбаттау коттедж үйлерді де жалдауға болатынын айттым. Оның бағасы 40 мыңнан басталады. Бір артықшылығы мұндай үйлерде барлық жағдай жасалған. Қазақстанның әртүрлі демалыс нысандарында болдым. Мысалы, Балқашта демалыстың бағасы удай болса да, сервис ақсап тұр. Көлдің жағасындағы қонақүйлерден аядай ғана бөлмені 1 тәулікке 40-50 мың теңгеге жалдайсың. Ішетін тамағың, жатын орның кіреді. Бірақ… қалаған тама­ғыңды сатып алып, алаңсыз демала алмайсың. Себебі, ас пісіретін дәмхана, мейрамханалар аз. Көлдің жағасында екі-үш жерде ғана дәретхана бар. Ол жерде адам лық толған кезде, ұзын-сонар кезек пайда болады. Бұған қоса, ас дайындау және қауіпсіздік мәселесі көңілден шығатындай  деңгейде  емес.

Туризм дегеніміз мәдениет қой. Осыдан 3 жыл бұрын демалысты Түркияда өткіздік. Сонда кез келген түрік азаматы туристерге қолдан келгенше көмек көрсетуге дайын екеніне көзім жетті. Түрікше түсінбеген туристке орысша түсіндіреді. Қайткенде де сізге керек дүниені көрсетіп, айтып, түсіндіруден жалықпайды. Ал бізде туристік нысандар ақшаны алып алғаннан кейін өзің қонақүй әкімшілігінің артынан керек нәрсеңді ала алмай жүгіріп жүресің. Бастапқыда демалыс орнындағы қыз­мет көрсетушілер «бізде бәрі бар» деп айтады да, іс жүзінде ақшасын төлеп қойғаннан кейін ешқандай жағдай жасалмағанын көреміз. Бізде жазғы маусымды пайдаланып «ақша жасап қалу» деген түсінік қалыптас­қан. Келушілердің көңілінен шығу, дұрыс демалыс ұйымдастыру, келген демалаушылар қайтып келетіндей жақсы әсер қалдыру сияқты мәселелерге демалыс орындарының қожа­йындары бас қатырғысы келмейді. Сол үшін бізде жақын арада туризм айтарлықтай дамып кетеді деп айта алмаймын.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: