Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төгілген тердің өтеуі…

30.09.2020, 18:30 897

HALYQLINE.KZ

Қазалы – ауыл шаруашылығы саласы дамыған аудан. Төрт түлікті төлдетіп, егіс еккен, бау-бақша өсіріп, сауда-саттығы дамыған өңірдің тұрғындары шаруаға жастайынан бейімделген. Оған өзіндік табиғи ерекшелігі бар аудандағы ағайындардың жаздың аптабы, қыстың ақ түтек боранына көнбістігі қосылғанда, таңданысыңыз арта түсуі кәміл.

«Сағадағы су, аяқтағы у ішеді» деген бар. Мұндай қиындық аяқсудың тапшылығы білінетін қазалылықтарға да тән. Ағымдағы жылы аяқсудың жетіспеушілігі аудан көлемінде қатты білінді. Соның салдары бірқатар жеке кәсіпкерлердің мал азығына қажетті шөп дайындауға, жеке иеліктердің ала жаздай бейнеттенген бақшасынан жиналатын өнімнің кемуіне әсерін тигізді. Шынымды айтсам, негізгі жұмысыма қоса, жеке кәсіппен айналысатын мені де «алдағы жылы аяқсудың жайы қалай болады, ойға алған дала жұмыстарына (бақша, жоңышқа егіп, өзге де тіршілік жасауға…) білек сыбана кірісе аламыз ба?» деген сауал жиі мазалайды.

Десе де, күнделікті тұрмыс барысында кездесетін кейбір қиындықтар аудандағы атқа мінген азаматтар мен кәсіп иелерін дүрбелеңге салған жоқ. Жоғарыда атап өткендей, қырда төрт түлігін төлдетіп, Сырда егінін егіп қарбаласып жүр. Әсіресе, күздің осындай ашық-жарқын сәтін ұтырлы пайдаланып қалуды көздеген диқандар қауымының өзгеге мойын бұруға мұршасы жоқ.

Ағымдағы жылы Қазалы ауданында 17 675 га жерге (меже 17 511 га) ауыл шаруашылығы дақылдары орналасқан. Салыстырмалы түрде айта кетсек, биыл 17511 гектар межеленсе, 2019 жылы 17 105 гектарды құраған. Олардың ішінде дәнді, майлы, малазықтық дақылдар, картоп пен көкөніс, бақша да бар. Басты дақыл күрiш 6496 гектар жерге егілген. Әртараптандыру бағытындағы дақылдарға мән берудің нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда аталған дақылдар көлемі 452 гектарға артыпты.

Дала жұмыстарында ұсақ-түйек деген ұғым болмайды. Бәрі маңызды, баршасы қажет. Ауданда күріштің суын байлау, ору және бастырудың кестесі бекітіліп, су байлау жұмыстары жүргізіліп, күріштіктің сулары толық қашыртқыланып, қыркүйектің 14-жұлдызынан бастап егін орағына жаппай кірісіп кетті.

– Күріш орағы күн райы мен биылғы болған су тапшылығына байланысты қалыпты жағдайдан 10-15 күнге кеш басталды. Шаруашылықтардан алынған мәлімет бойынша бүгінгі күнге (28.09.2020 ж) 3503 га (53,9%) күріш егісі дестеге салынып, оның 3006 гектары (35,9%) бастырылып, орта өнім әзірше 40,1 центнерден айналуда. Егін орағында жүрген жатка мен комбайнның 22 данасы – шетелдік жоғары өнімді, сапалы «Джон-Дир», «Класс» және «Магдон» маркалы заманауи техникалар. Шаруашылықтар бойынша егін жинау науқанына қатысатын техникаларға қажетті қосалқы бөлшектер мен қою май және жанар-жағармайдың қосымша қорлары жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген, – дейді сала мамандары.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: