Қызылорда қаласында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті тауарөндірушілердің көрмесі өтті. Өңірдің барлық ауданынан келген 60-қа жуық кәсіпкер сүт-ет өнімдерін, құрылыс материалдарын, ұлттық нақыштағы тауарларды, қолөнер бұйымдарын, тұрмыстық тауар, ағаш, киіз бұйымдары мен тәттілерін көпшілікке ұсынды. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Салтанатты іс-шараны Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ділмұхамед Абизов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Біз үшін аянбай еңбек етіп жүрген әрбір кәсіпкер маңызды және оларға жұмысты жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Биыл «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмесіне қатысушы кәсіпкерлер саны көбейген. Осы ретте, біз үшін қуанышты жаңалық – жеңімпаздардың да саны артқаны. Іс-шараға белсенді қатысқан кәсіпкерлерімізге алғыс білдіремін. Сіздерді алдағы уақытта да мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланып, жаңа идеяларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырамыз» деді Д.Абизов өз сөзінде.
Сонымен қатар, көрмеге арнайы шақырылған облыстық кісіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мөлдір Тәуіпбаева, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев және Палатаның Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов кәсіпкерлерге жылы лебізін білдіре отырып, қатысушыларды марапаттау рәсіміне қатысты.

Бұл жолғы көрмеге шығарылған өнімдерді сатып алуға кезекке тұрған халықтың қарасынан жергілікті өнімдерге сұраныс жоғары екендігін байқадық. Қала тұрғындары осы сынды іс-шаралардың жиі өткізілуін сұрады.
Жиын қорытындысында барлық қатысушыға көрмеге қатысқаны үшін Алғыс хат табысталып, естелік сыйлықтар берілді.
Әрі қарай көрме жұмысын Палата жанынан құрылған жұмысшы топ бағалап, үздік деп танылған 20 тауарөндірушінің өнімдерін бренд-комитеттің қарауына ұсынады. Нәтижесінде бренд-комитет «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша облыстан 10 жеңімпаз анықтап, олар республика деңгейінде Сыр елінің абыройын қорғайтын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!