6 қыркүйекте Киевте Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф және Джаред Кушнермен келіссөз өткізді. Кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында тараптар соғысты тоқтату және Украинада ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату мәселелеріне тоқталды.
Джаред Кушнердің айтуынша, Дональд Трамп соғысты тоқтатумен ғана шектелмей, болашақта жаңа қақтығысқа жол бермейтін тұрақты келісімге қол жеткізуді көздейді. Зеленский де Украина үшін әділ әрі ұзақ мерзімді бейбітшілік қажет екенін айтты.
— Бәріміз бір жақтамыз. Біз соғыс, қайғы-қасірет пен адам өлімі болмағанын қалаймыз. Бұл соғыстың әділ аяқталып, бәріміз үшін әділ бейбітшілік орнағанын қалаймыз,— деді Украина президенті.
Зеленский Украина армиясының майдандағы жетістіктері келіссөз барысында елдің позициясын күшейтіп отырғанын айтты. Сонымен қатар Ресейдің баллистикалық зымырандарына қарсы қорғаныс Украина қарулы күштерінің әлсіз тұстарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Украина президенті соғыстың алдағы қысқа дейін аяқталуы екіталай екенін де мойындады. Кездесуде қыс мезгілінде тұрғындар мен энергетикалық және өзге де маңызды инфрақұрылымды қорғау мәселелері талқыланған.
Кушнердің мәлімдеуінше, Трамп арнайы өкілдеріне Украинадағы соғысты тоқтатуға арналған «бейбітшілік пакетін» әзірлеуді тапсырған. АҚШ өкілдері бұған дейін талқыланған үшжақты келіссөз форматына қайта оралуды да ұсынып отыр.
— Алты ай бұрын байқап көрген үшжақты келіссөздер форматына оралу нәтижелі болар еді. Біз мұны екі тараппен де талқыладық және жақын арада оған қайта ораламыз деп үміттенеміз. Стив екеуіміз үшжақты формат пайдалырақ деп санаймыз, себебі барлық тарап өзара байланыста болады,— деді Кушнер.
Зеленский бұл ұсынысты қолдайтынын айтып, аумаққа қатысты ең күрделі мәселелер мемлекет басшылары деңгейінде шешілуі тиіс екенін жеткізді. Ол Донбасс мәселесін келіссөздердің негізгі тақырыбы ғана емес, тұтас соғыстың өзегіндегі мәселе деп атады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!