Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызық екен…

03.09.2026, 6:00 33

Кітап  бар, оқуға  рұқсат  жоқ

Кітапханаға келдіңіз. Алдыңызда белгілі жазушының еш жерде жарияланбаған шығармасы тұр. Автордың аты белгілі, кітаптың атауы да жазылған. Бірақ парағын ашып оқуға болмайды. Норвегия астанасы Ослода мұндай қолжазбалар шынымен сақталып жатыр. Оқырман олармен тек 2114 жылы таныса алады.

«Болашақ кітапханасы» деп аталатын жобаны шотландиялық суретші Кэти Патерсон бастаған. 2014 жылы Осло маңындағы Нурдмарка орманына мың шырша отырғызылып, жыл сайын бір жазушыдан арнайы шығарма қабылдау қолға алынған. Ғасыр соңында сол ағаштардан қағаз жасалып, жиналған туындылар кітап болып басылмақ. Оған дейін қолжазбалар жарияланбайды. Жобаға алғашқылардың бірі болып Маргарет Этвуд, Дэвид Митчелл, Элиф Шафак пен Хан Гаң қатысқан. Шығармалар Ослодағы кітапхананың арнайы бөлмесінде сақталады.

Биыл тамызда жобаға америкалық өнер иесі Лори Андерсонның қосылатыны белгілі болды. Ол болашақ оқырманға шығарма ұсынатын он үшінші автор болмақ. Қолжазбасы жоспарға сай жарияланғанша әлі 88 жыл бар. Жазушы бүгінгі дүниені суреттейді, ал оны мүлде басқа заманда өмір сүретін адамдар оқиды. Осылайша бір кітаптың жазылуы мен оқылуының арасына тұтас адам ғұмыры сыйып кетпек.

2640  жылы аяқталатын  концерт

Концертке кешігіп баруға болады. Ал бір концертке өзіңіз, балаңыз, немереңіз, одан кейін шөбереңіз де барып үлгерсе ше? Германияның Хальберштадт қаласында орындалып жатқан музыкалық шығарма дәл осындай мүмкіндік береді. Оның ұзақтығы 639 жылға есептелген.

Бурхарди шіркеуіндегі ерекше орындау 2001 жылғы 5 қыркүйекте басталған. Америкалық композитор Джон Кейдждің «ORGAN²/ASLSP» шығармасының атауындағы қысқартуды «мүмкіндігінше баяу» деп түсіндіруге болады. Ұйымдастырушылар осы нұсқауды бірнеше ғасырға созылатын орындауға айналдырған. Жоспар бойынша соңғы дыбыс 2640 жылғы 4 қыркүйекте өшеді. Кейбір дыбыс айлап, тіпті жылдап өзгермей тұрады.

Ең қызығы, концерт басталғаннан кейінгі алғашқы он жеті ай үнсіздікпен өткен. Алғашқы музыкалық дыбыстар 2003 жылғы ақпанда ғана естілген. Органға электр құрылғысы арқылы ауа үздіксіз беріліп, дыбыстың созылып тұруы қамтамасыз етіледі. Биыл 5 тамызда шығарманың он жетінші дыбыс ауысуын тыңдауға жұрт арнайы жиналды. Қалыпты концертте адам бірнеше сағат ішінде ондаған әуен тыңдаса, мұнда бір дыбыстың өзгеруін көрудің өзі елеулі оқиғаға айналған.

Күн  төбеге  келгенде  көлеңке  қайда  кетеді?

Жер бетінде күн сәулесі түскен жерде адамның көлеңкесі болады деп ойлаймыз. Бірақ әлемнің кейбір аймағында жылына екі рет ерекше құбылыс байқалады. Күн дәл төбеге келген кезде тік тұрған заттардың көлеңкесі өте қысқарып, кей сәтте табанының астына жасырынатындай болады. Бұл  құбылыс  Күннің дәл төбеден өтуімен  байланысты. Ол тропиктер  арасындағы  белгілі бір  ендіктерде  байқалады.

Ежелгі  өркениеттер  үшін мұндай құбылыстар уақыт пен кеңістікті түсінудің маңызды белгісі болған. Адамдар Күннің қозғалысын бақылау арқылы жыл мезгілдерін, бағыттарды және күнтізбені анықтаған.

Бүгін біз уақытты экраннан бір сипаумен білеміз. Ал бұрын адамдар уақытты көлеңкеден оқыған.

Көршісіне  жер  астымен  барады

Үйге  қосымша  бөлме керек болса, біз ауладан орын қараймыз.  Ал Австралияның  Кубер-Педи  қаласында  кейбір тұрғын  төбенің  ішін  әрі  қарай  қазып, баспанасын  кеңейтеді. Мұнда  көршілес  үйлерді  жерасты  өткелімен  біріктіріп жіберетін  отбасылар  да  бар.

Опал тасы өндірілетін бұл қалашықтың тұрғындары жер астында тұруға климаттың қолайсыздығынан бейімделген. Жазғы аптап пен қыстың салқын түндерінен қорғану үшін кеншілер төбелердің бүйірін үңгіп, үй салған. Қаланың туристік ақпаратында тұрғындардың шамамен жартысы осындай баспаналарда тұратыны көрсетілген. Жерасты бөлмелерінде температура жыл бойы шамамен 19-25 градус аралығында сақталады. Кей үйдің ауданы 450 шаршы метрге дейін жетеді. Сондықтан оларды тар үңгір деп елестету жаңсақ.

Қаланың жер астында тұрғын үйлермен бірге қонақүй, өнер галереялары, шіркеулер мен музей нысандары орналасқан. Саяхатшы кен өндірісінің тарихымен танысып, бұрынғы кеншілердің баспанасын көре алады. Бір кездері ыстықтан бас сауғалау үшін таңдалған тұрмыс тәсілі кейін қаланың басты ерекшелігіне айналған. Кубер-Педиде қызықтың бәрін көру үшін айналаңа қарау жеткіліксіз, кейде  төмен  түсуге  тура  келеді.

«Не  үшін  келіп  едім?»

Бір затты алмақ болып орныңыздан тұрасыз. Келесі бөлмеге кіргенде не іздеп келгеніңізді ұмытып қаласыз. Есіктің алдында аңтарылып тұрып, жаңағы ойыңызды қайта іздейсіз. Көпшілікке таныс осы құбылысты психологтер арнайы зерттеген.

АҚШ-тағы Нотр-Дам университетінің зерттеулерінде бір бөлмеден екіншісіне өткен адамдардың жаңа ғана есте сақтаған мәліметін еске түсіруі қиындайтыны байқалған. Ғалымдардың түсіндіруінше, ми күнделікті әрекетті жеке оқиғаларға бөліп қабылдайды. Бөлменің ауысуы бір оқиғаның аяқталып, келесісінің басталғанын білдіретін белгі болуы мүмкін. Сол кезде алдыңғы әрекетке қатысты ақпаратты қайта еске түсіру қиындайды.

Дегенмен, есіктен өткен сайын адам міндетті түрде ұмытады деуге болмайды. Австралиядағы Бонд университетінің зерттеушілері тәжірибені қайталағанда қарапайым тапсырма кезінде мұндай әсерді байқамаған. Ал қатысушыларға заттарды есте сақтаумен қатар күрделі санау тапсырмасы берілгенде, қателесу көбейген. Яғни ойда бірнеше жұмыс қатар жүргенде, ортаның ауысуы есте сақтауға көбірек кедергі келтіруі мүмкін.

Сондықтан бір нәрсе алуға бара жатқанда телефонға үңіліп, басқа шаруаны қатар ойластыра бермеген жөн. Зерттеушілердің ұсынысы қарапайым — сол сәтте не істегіңіз келетінін назарда ұстау. Кейде «қайшыны алып келемін» деген бір ойды жол бойы жоғалтпай жеткізудің өзі жеткілікті.

Дайындаған П.ЗАХРАДИН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: