Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Грекия аралында тегін тұруға болады, бірақ бір шарты бар

10.09.2026, 15:30 64

Көгілдір теңіз, аппақ үйлер, жылы күн, тыныш жағажай. Осындай жерде айлап тегін тұруға мүмкіндік бар. Грекияның Эгей теңізіндегі Сирос аралы еріктілерді шақырып жатыр. Бірақ тегін баспананың бір қызық шарты бар — мысықтарды жақсы көру керек.

Аралдағы Syroscats жануарларды қорғау ұйымы мысықтарға қарайтын еріктілер іздейді. Таңдалған адамдар күніне шамамен бес сағат, аптасына бес күн мысықтарды күтіп-баптайды. Оның орнына ұйым тұратын жерді, таңғы асты және коммуналдық шығындарды өз мойнына алады.

Бұл жұмысқа қызығушылық өте жоғары. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған мың адам өтінім береді. Қазір 2027 жылдың қаңтарынан маусымына дейінгі кезеңге еріктілер қабылдау басталған.

Үміткердің жасы 25-тен жоғары болуы қажет. Жалғыз адам да, жұп болып та баруға болады. Басты талаптардың бірі — аралда кемінде бір ай тұруға дайын болу және жұмысты өз бетінше атқара алу.

Ветеринар көмекшісі болып жұмыс істеген немесе көше мысықтарын күту тәжірибесі бар адамдарға басымдық беріледі. Дегенмен мысықты жақсы көретін, жауапкершілігі жоғары кез келген адам бақ сынай алады. Өтінім Syroscats ұйымының сайты арқылы 30 қыркүйекке дейін қабылданады.

Жалақы төленбейді. Есесіне аралда тұратын баспана мен күнделікті шығынның бір бөлігі өтеледі. Қалған уақытта еріктілер Сиростың жағажайларын аралап, теңізге түсіп, аралдың тыныш тіршілігін тамашалай алады.

Сиростың тағы бір ерекшелігі — оны көлікпен немесе скутермен шамамен бір сағатта айналып шығуға болады. Мұнда ірі қонақүй кешендері мен туристердің қалың нөпірі аз. Шағын жағажайлар, жасырын қойнаулар мен теңіз жағасындағы тыныш ауылдар сақталған.

Аралдың орталығы Эрмуполиде кафе мен мейрамханалар көп. Жергілікті орындарда жаңа ауланған балық пен дәстүрлі грек тағамдарын да салыстырмалы түрде қолжетімді бағамен табуға болады.

Қысқасы, бір ай Грекияда тұрып, теңіз жағасында өмір сүргісі келетіндер үшін мүмкіндік жаман емес. Тек демалыстың бір бөлігі мысықтардың тамағын беріп, жағдайын бақылауға кетеді. Ал мысықты жақсы көретін адамға бұл шарттың өзі демалыстың бір қызығына айналуы мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: