Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір идея – миллион тағдырдың үміті!

13.06.2025, 10:30 99

HALYQLINE.KZ

Шығыс Африкада Уганда деген ел бар. Дамушы елдер қатарына жататын бұл мемлекет туризм саласын ілгерілетуде. Ұлттық саябақтар мен табиғи қорықтар, Виктория көлі мен Ніл өзенінің бастауы – әлем туристерін қызықтыратын көрнекті жердің бірі. Айтпағым бұл емес, Брайан Гитта есімді инженердің азаматтық ерлігі!

Жаңашыл әрі ізденімпаз инженер Брайан Африка болашағының кілтін ұсынды. Дұрысы, «Code Academy» жобасы аясында мыңдаған жергілікті жасты ақпараттық технологиялар, бағдарламалау, инженерия негізіне баулуды қолға алады. Осылайша талай африкалықтың тағдырын өзгертуге себепші болды.

Брайанның үлкен жетістігі – медицина саласында жасаған жаңалығында. Африкада миллиондаған адам жыл сайын малярия ауруына шалдығады. Бұл дертпен күресу қиын – ауылдық жерлерде білікті дәрігер де, зертхана да тапшы. Осындай жағдайда Брайан достарымен бірге қарапайым, қолжетімді әрі тиімді медициналық құрылғы ойлап табады.

«Matibabu» деп аталатын бұл құрылғы адамның саусағын сканерлеу арқылы, ешқандай ине немесе қан талдаусыз-ақ малярияны анықтайды. Құрылғы арзан әрі оңай қолданылатын болғандықтан, әрбір отбасы өз денсаулығын бақылай алады. Бұл нағыз революциялық жаңалық болды.

Бұл жоба әлем назарын аударып, BBC, CNN, The Guardian сынды жетекші халықаралық басылымдар Брайанның өнертабысын жарыса жазады. Ол Microsoft компаниясының халықаралық сыйлығына да ие болды.

P.S. Бұл – бір ғана идеяның миллиондаған адамның өмірін құтқарып, тағдырын өзгертіп, болашаққа деген сенімін қайта жаңарта алатынын дәлелдейтін керемет мысал. Бұл ұлы өзгерістің үлкен қаржыдан емес, шынайы ниет пен жаңашыл ойдан басталатынын көрсетеді.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

 

 Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: