Елімізде білім сапасын арттыру, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін дамыту мақсатында ұйымдастырылатын бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасы – ұстаздар арасындағы ең беделді білім сайыстарының бірі. Осы орайда №85 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Айгүл Искакова аталмыш олимпиадада жоғары нәтиже көрсетіп, мектеп пен аудан абыройын асқақтатты.
Айгүл Сақтапбергенқызы республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде өз білімін, тәжірибесін және кәсіби шеберлігін дәлелдеп, І орын иеленді. Ал облыстық кезеңде үздік мұғалімдермен бақ сынап, ІІ орынға қол жеткізді. Бұл – үлкен ізденістің, табанды еңбектің және жаңашыл педагогикалық көзқарастың нәтижесі.
Зерттеуші мұғалім Айгүл Сақтапбергенқызы бастауыш сынып оқушыларының математикалық сауаттылығын арттыру, логикалық ойлау қабілетін дамыту, шығармашылықпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру бағытында жүйелі еңбек етіп келеді. Ол өз тәжірибесінде заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолданып, әр сабағын оқушыға түсінікті әрі қызықты етіп ұйымдастырады.
«Алтын тұғыр» олимпиадасында мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі, әдістемелік шеберлігі, зерттеу жұмыстары мен шығармашылық әлеуеті жан-жақты бағаланды. Осы сыннан сүрінбей өткен Айгүл Сақтапбергенқызының жетістігі – №85 орта мектеп ұжымы үшін зор мақтаныш.
Ұстаз жетістігі – шәкірт жетістігі. Осындай білімді, ізденімпаз, жаңашыл мұғалімдер арқылы өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашылатыны сөзсіз. Ұстазымызға алдағы уақытта шығармашылық табыс, жаңа жеңістер мен биік белестер тілейміз.
Эльмира Тиыштыбаева,
№85 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Қармақшы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!