Айсана – жасы қырықтан асқан келіншек. Тұрмыстың қиындығын көп көрген бейбақтың денсаулығы да сыр берген. Оның жалғыз ұлы бар. Әу бастан жолдасы екеуі отбасын құрғанда дәрігер бала көтеруге рұқсатын бермеген. Ақ халаттының кеңесіне құлақ аспаған Айсана дүниеге он жыл бұрын тұңғышын әкелді. Кезінде оқуды да жарытпаған орта жастағы әйел жалдамалы жұмысқа әбден еті үйренген.
Бір күні жалдамалы жұмысына шығып бара жатып, есіктің алдында жатқан баласының жыртық тәпішкесін көрді. Спорттық аяқкиімнің тозғанын бір ай бұрын байқаған. Табанынан сыз өткен баласы анасына күнде жаңа аяқкиім алып беруін сұрайды.
– Анашым, бүгін қанша табыс таптыңыз?
– 3500 теңге. Оған жарықтың жарты ақшасын төледім.
– Жыртық тәпішкемен көшеге шығуға ұяламын. Балалар үйге соққанда ауырып жатырмын деп сылтауратамын.
– Балам, тұрақты жұмыс іздеп жатырмын. Қазір жұмыс табу қиын. Күнделікті ыдыс жуғаным үшін алатын 3500-5000 теңге аралығындағы қаражат қай жыртығымызды жамайды дейсің?!
– Үйдегі барлық аяқкиім тозып тұр. Бірер күннен кейін сабақ та басталады. Мына жыртық тәпішкені алғанымызға 3 жыл болды.
Баласымен екеуінің диалогы біраз дүниені аңғартып отыр. Алты ай сайын ауруханаға жататын Айсана перзенті үшін жанын беруге дайын. Әттең, жомарттың қолын жоқтық байлағандықтан, қиындықтан келіншек қалжырап кеткен. Үнемі макаронды қайнатып жейтін ана мен бала еттің дәмін ұмытқалы қашан.
Жұмыстан қайтып келе жатып Айсана баласына спорттық аяқкиім мен тәпішке алуға дүкенге кірді. Қолында бастығынан сұрап алған бір апталық табысы – 20 мың теңгесі бар.
– Қызым, маған 10 жастағы ер балаға сапалы әрі арзан спорттық аяқкиім мен тәпішкі берші.
Сатушы 15 мың теңгеге екі аяқкиім ұсынды. Келіншектің қуанышында шек болмады. Үйге келіп баласына қос аяқкиімді кигізген сәтте баласы:
– Енді менің кесірімнен бір апта тамақты дұрыс іше алмаймыз. Тамақты алатын ақшамыз аз. Сіз жұмысқа жаяу барасыз. Дәріңіз алынбай қалды.
– Бір қайыры болар, балам. Ең бастысы, ана ретінде саған жоқшылықты сездіргім келмейді.
Жылай-жылай көз жасы сарқылғанымен, темірдей төзімі бар келіншек баласы үшін күрескер атанған. Айтпақшы, күйеуі тұрмыстың тауқыметіне көндіге алмай бұларды тастап кеткен. Қазір ол бай келіншектің көлік жүргізушісі болып жүргенде адам қағып өлтіріп, түрмеде отыр…
Балтабай ОРДАБЕКОВ,
Сырдария ауданы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!