Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үйін сатқан көрші

17.01.2026, 6:00 24

HALYQLINE.KZ

(Ингуш  хикаясы)

Бір азаматтың мойнында қарызы көп еді. Қарыздан құтылатын уақыт таяп, қалай есептесерін білмеген ол амалсыздан өзі тұрып жатқан үйін сатуға бел буады. Ингуш халқының салты бойынша кімде-кім үйін немесе жерін сатпақ болса, алдымен көршілеріне ұсынып, сатып алуға ниеті бар-жоғын сұрауы тиіс.

Сол әдетпен ол көршісіне барып, жағдайын айтады. Көршісі мән-жайды сұрап:

– Үйіңді не үшін сатпақсың? — дейді.

– Қарызым көбейіп кетті. Соның бәрінен құтылу үшін сатқалы отырмын, — деп жауап береді.  

– Үйіңді қаншаға бағалап отырсың?

– Үйімнің бағасы жоғары. Бірақ сіз секілді жақсы көршім үшін қарызымның мөлшеріне дейін түсіруге дайынмын, — дейді үй иесі.

– Қанша қарызың бар? Кімдерге берешексің? — деп сұрайды көршісі.

Ол бәрін жасырмай айтып береді. Сонда көршісі:

– Жақсы, ертең маған қайта кел, — дейді.

Ертеңіне келгенінде көршісі:

– Кеше барлық қарызыңды толық төлеп қойдым. Енді сен ешкімге қарыз емессің. Үйіңде бұрынғыдай тұра бер, — дейді.

Мұны естіген үй иесі таңданып:

– Неге олай еттіңіз? Өзіңізге ауыр тимеді ме? — деп дауыстап жібереді.

Сонда көршісі сабырмен:

– Мен мұны шығын деп есептемеймін. Егер сен секілді жақсы көршіден айырылған болсам, нағыз шығын сол болар еді, — деп жауап береді.

Аударған  Жүрсін  КӘРІМ.

Әлеуметтік желіден алынды.

Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: