Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қорғаныс министрі Қызылордадағы әскери бөлімдердің жай-күйін бақылады

11.01.2026, 16:56 37

Қызылорда облысына ҚР Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында аймақтағы бірқатар әскери құрылымдардың қызметі, инфрақұрылымы мен жеке құрамның жағдайы назарға алынды. Қорғаныс министрін облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қарсы алып, өңірдегі әскери бөлімдер мен мекемелердің қазіргі ахуалы жөнінде ақпарат берді. Министр әскери техникалардың жай-күйімен, жауынгерлік әзірлік деңгейімен және жеке құрамның қызмет өткеру барысымен танысты.

Қызылорда қаласында орналасқан №99215 әскери бөлімінің аумақтық қорғаныс бригадасында жергілікті бюджет есебінен атқарылған инфрақұрылымды дамыту жұмыстары көрсетілді. Мұнда әскери қызметшілерге жасалған жағдай, нысандардың жаңартылуы мен алдағы жоспарлар таныстырылды. Сонымен қатар №66597 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген сарбаздармен кездесу өтті. Қорғаныс министрі казармалардың және санитарлық аймақтардың жағдайын көріп, тамақ сапасына, әскери тәртіптің сақталуына және сарбаздардың тұрмыстық ахуалына көңіл бөлді. Әскерилердің қызмет барысындағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Жұмыс сапары аясында Қорғаныс министрі облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент базасында құқық қорғау және әскери құрылымдардың басшыларымен кездесті. Кездесуде департамент басшысының есебі тыңдалып, өңірдегі әскери қызметті ұйымдастыруға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ жиын барысында «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы М.Ршауов пен «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Оспановпен жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында пікір алмасу өтті. Ардагерлер тәжірибесін пайдалану, жас буынға ел қорғау идеясын сіңіру мәселелері қозғалды. Жұмыс сапары өңірдегі әскери құрылымдардың қызметін зерделеумен қатар, олардың материалдық-техникалық әлеуетін нығайту және жеке құрамның әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарды пысықтауға мүмкіндік берді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: