Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастардың армияға баратын жасын ұлғайту қажет

06.10.2026, 10:15 98

HALYQLINE.KZ

— Армияда неге кемшілік көп? Өйткені жүйе дұрыс емес. Армияға реформа керек екенін осыдан 2,5 жыл бұрын айтқан едім. Қазақ әскеріне өзгеріс ауадай керек. Президент армияны тексеруге тапсырма берді. Комиссия 7 күн ішінде тексерістің алғашқы нәтижесін айтады. Бірақ бұл тексеріске үлкен үміт артып отырған жоқпын. Біріншіден, бір апта өте қысқа уақыт, мұндай қысқа уақытта жүйелі жұмыс атқарылатынына сену қиын. Екіншіден, әскери құрылымда ескі адамдар, бұрынғы қызметкерлер отыр. Демек, тың дүние жасала қоюы екіталай. Жұмыс жасалды дегенді көрсету үшін кішігірім өзгерістер ғана болуы мүмкін.

Менің ойымша, ең бірінші кезекте жүйені өзгерту қажет. Алдымен армияға шақыру жасын ұлғайту қажет. Өйткені қазіргі 18 жастағы балалар, өткен ғасырдағы 15-16 жастағы баламен бірдей. Инфантилизм деп жүрміз оны. Қазіргі 18 жастағы балалар армияға дайын емес. Маңғыстаудағы оқиғаға қатысты да осыны айтуға болады. Балалар суға түскенде оқыс оқиғаға дайын болған жоқ. Каспий жағасында тұратын адамдар біледі екен, ондағы су ағысы жыл сайын өзгеріп тұрады. Осы жолы өткен жерден келер жолы өтуге болмайды. Өйткені ағыс өзгеріп кетеді. Оқу-жаттығу жиынын жасағандар осыны ескермеген. Ал жас балалар оған дайын болмады.

Әлемде соғыс немесе жаттығу жоспарын сол тапсырманы орындайтын адам жасайды. Жоғарғы басшы тапсырманы орындауға не қажет екенін ғана сұрайды. Ал бізде ең жоғарыда отырған офицер «былай істеңдер» деп тапсырма береді. Олай орындау тіпті мүмкін емес. Ал тапсырманы олай орындауға болмайтынын ең төмендегі адам жұмысты қолға алған кезде ғана біледі. Білгенімен, генералға «мұны бұлай істеуге болмайды» деп айта алмайды. Яғни әскери салада бұйрық талқыланбайды, тек орындалады. Сондықтан реформа жасау үшін жүйенің бүкіл концепсияларын, принциптерін өзгерту қажет.

Президент реформа қажет екенін айтты. Ол үшін ең алдымен мәселені көтеруден бастау керек. Конференция өткізіп, біз сияқты мамандарды тыңдау қажет. Өйткені проблеманы шешу үшін оның себебін анықтау қажет. Содан кейін шешу жолын табу қажет. Әйтпесе, косметикалық өзгеріс жасағаннан ештеңе өзгермейді. Жүйедегі нақты проблеманы сырттай бақылап отырған сарапшылар ғана айта алады. Іштегі командирлер, әскерилер нақты кемшілікті көрсетіп бере алмайды. Оларға айтқызбайды да.

Армияда білікті офицерлер көп деп айта алмаймын. Өйткені армияның имиджі нашарлап кеткен. Білікті кадрлар онда барғысы келмейді. Жақсы мамандар басқа жұмыс істеп жүр. Әскерге мамандар «қалдық принципі» бойынша барады. Яғни әскерде басқа амалы қалмаған, басқа жұмыс таба алмағандар еңбек етіп жүр. Реформа жасап, осы жағдайды өзгерту қажет. Әскерге жастар мектеп бітірген соң емес, жоғары оқу орнын тамамдап, азамат ретінде қалыптасқан соң барғаны жөн. Сонда жас сарбаздар бәріне дайын болады. Сол сияқты офицерлер де білікті болуы керек деп есептеймін.

Ғалымжан  СӘДУАҚАСОВ,

ҰҚК  Шекара  қызметінің  отставкадағы  подполковнигі

(«Жас Алаш» газетіне берген пікірі)

Фото: ЖИ / JasAlash

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: