Бір кезде бір сыныпта отырып, кейін әртүрлі мамандық таңдаған сегіз түлек бірнеше жылдан соң әскерде қайта табысты. Қазығұрт ауданы Көкібел ауылындағы Сабыр Рахимов атындағы орта мектептің сегіз түлегі қазір Түркістандағы Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімінде бірге қызмет етіп жүр.
Мектеп бітіргеннен кейін олардың әрқайсысы өз жолын таңдаған. Бірі колледжде байланыс саласын меңгерсе, енді бірі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алған. Араларында заңгер мен география пәнінің мұғалімі де бар. Кейін бұрынғы сыныптастар әскери борышын өтеуге шешім қабылдап, бір әскери бөлімнен шыққан.
— Біз бірге оқып, бірге өстік. Сондықтан бір-бірімізді мектеп кезінен жақсы білеміз. Бірақ әскер әрқайсымыздың бұрын байқалмаған қырымызды ашты. Мұнда адамның қиын жағдайда өзін қалай ұстайтынын, қаншалықты жауапты екенін, жолдасына көмектесуге дайын ба, соны көресің. Қазір әрқайсымыздың міндетіміз бөлек болғанымен, бірімізге көмек немесе кеңес керек болса, әрдайым жанымыздан табыламыз, — деді қатардағы жауынгер Бағлан Рахымберді.
Сегіз сарбаздың мектепте басталған достығы қазір Түркістан көшелерінде жалғасып жатыр. Олар патрульдік жасақ құрамында қоғамдық тәртіпті қадағалап, қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Қызметтен бос уақытта да жігіттер туған Көкібелмен байланысын үзбеген. Мектептегі күндерін еске алып, ауылдағы жаңалықтарды бірге сұрастырып отырады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!