Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Келер жылы Әлем чемпионы боламын деген арман-мақсатым бар

11.12.2025, 10:40 74

Әлижан  АЛМАТОВ:

Грэпплинг – құдды шахматқа ұқсас күрес секілді. Мұнда әр қимыл маңызды. Еркін күрестегідей жығылсаң жеңілмейсің, әлі тайталасуға уақытың болады. Партер ішінде қарсыласыңның осал тұсын дереу тауып, қылғындырудың амалын жасайсың. Оның өзі – тұнып тұрған физика. Қысқасы, грэпплингте ең алдымен білектің күші емес, ақыл мен техника рөл ойнайды. Бұл спорт түрі елімізде қарыштап дамып жатыр. Ал әлемдік деңгейде классикалық күресті артта қалдырғаны қашан. UWW, ADCC секілді ұйымдар кәсіби деңгейде турнирлер өткізіп, бұқаралық спорт түрін едәуір дамытып жатыр деуге негіз бар.

Қазақстанның да бұл күрес түрінен әуселесі жоғары десек болады. Ұлт мүддесін жаһандық додаларда көтеріп, көк туымызды желбіретіп жүрген қызылордалық грэпплер әрі джитсерлер де жоқ емес. Соның бірі – Әлижан Алматов. Бала күнінен осы спорт түрлерімен айналысып, бүгінде Әлем чемпионатын жеңіп үлгерген ол алдағы уақытта елге ғана емес, жаһанға белгілі спортшы болсам дейді.

– Ассалаумағалайкүм, Әлижан! Біраздан бері грэпплинг, бразилиялық джиу-джитсу спорт түрлері  бойынша  топ  жарып, халықаралық ареналарда ел мерейін үстем етіп жүрсің. Мінеки, 2025 жылдың аяғына да тақап қалды. Биылғы жылды қалай  қорытындыладың?

– Уағалайкүмассалам. Иә, біраздан бері грэпплингпен айналысып келемін. Өкініштісі сол, биыл жарақатыма байланысты жөнді жарысқа шықпадым. Соған орай 2025 жылы нәтиже көрсете  алғаным  жоқ.

– Шыны керек, грэпплинг, джиу-джитсу спорт түрлерінің дамып жатқаны кеше ғой. Жалпы, өзіңнің бұл спортты таңдап, мансап қууыңа не түрткі болды? Әдетте аталған күрес түрімен еркін күрес, дзюдо секілді басқа базаны меңгерген соң айналысады. Сенде де қандай да бір күрес түрінен база  бар  ма?

– Иә, екі спорт та өте қарқынды даму үстінде. Бәріміз білетіндей, алдағы уақытта, келесі олимпиада ойындарына джиу-джитсу қосылады деген де тың ақпарат бар. Ал енді бұл спортты таңдау себебіне келсек, менің алғаш айналысқан, көзім түскен спорт түрі футбол болатын. Футболмен мен бір айға жуық айналыстым. Бірақ бапкер мені қақпашы қылып қойған соң, шыны керек, қызығушылығым қашып кетті. Одан кейін басқа спортқа ықшамдалсам ба деген ой болды. Сөйтіп шамамен он жыл бұрын үй жанындағы жора-­жолдастарым осы грэпплингтің енді ашылып жатқанын айтып, ұсыныс тастаған-тұғын. Ол кезде менің грэпплинг, джиу-джитсу дегендерден мүлде хабарым жоқ. Бірінші рет естуім. Сол сәттен бастап  осы спортқа махаббатым ашылды. Еркін күрес немесе басқа жекпе-жек түрлері секілді нақты лимит жоқ, өз еркің. Сұрақтың соңына тоқталсақ, менде грэпплингке дейін ешқандай база болған жоқ. Бала күнімнен айналысып  келемін.

– Қызылордада бұл спорт түрлерінің ахуалы мен әуселесі қалай? Халықаралық, республикалық деңгейде  салмағы  бар  ма?

– Қызылордада мықты грэпплер өте көп. Көбі ауылдық жерден болған соң, оларды қолдау жағы сәл ақсап тұр. Нақты атап өтетін болсақ, Нағи Ілиясов ауылы, Қазалы және Шиелі аудандары­ның спортшылары мықты нәтиже көрсетеді. Қысқасы,  жүлдесіз  қайтпайтын  елді мекендер.

– Грэпплинг, джиу-джитсумен айналысатын спортшылар әмбебап келеді ғой. ММА, панкратион, жауынгерлік самбо секілді жекпе-жек түрлерімен  де айналысып, жарыстарда төбе көрсете­тіні  әмбеге  аян. Сен де басқа жекпе-жек түрлерімен айналы­сасың ба немесе алдағы уақытта осыны қолға  алып,  кәсіби  мансап  бастау  ойда  бар  ма?

– Әрине, ММА үшін грэпплингтің пайдасы орасан зор. Яғни сенің грэпплингің, партердегі техникаң қаншалықты мықты болса, ММА-да соншалықты үстемдік жасайсың. Ал қанша тұрып төбелесуде мықты болсаң да, грэпплингтен бейхабар болсаң, жетістікке жетесің дей алмаймын. Грэпплингті меңгеру позициялық жұмысты жақсартатынын  да  атап  өткен  абзал.

Ал ММА-ға шығу мәселесіне келсек, негі­зі бұған қатты құлшынысым жоқ. Мүмкін аяқ астынан қызығушылығым оянып жатпаса. Негізі кәсіби спорт түрін грэпплингтен де бастаса болады. Қазір онымен біршама халықаралық спорт ұйымы  жұмыс  істеуде.

– Әлижан, кез келген спортшының өзінің еліктеуші кумирі  болады ғой. Сенің жанкүйерлік ететін, аса  құрметтейтін  әрі  еліктейтін   спортшың  кім?

– Иә, әрине, спортшы кумирсіз болмайды ғой. Менің  үлгітұтар  кумирлерім – Асу Алма­баев  және Бекзат Қапашев. Көбіне сол Бекзаттың  күресіне  қызығамын, тәнті боламын. Себебі, оның күресу стилі менікіне қатты ұқсас. Спортшы достарым түр-әлпетіміздің де ұқсайтынын айтып, әзілдеп  жатады. Бір  жағынан  онымен көп  жарыста кезігіп жатамын. Ал шетелдік спортшыларды айтар болсам, ММА жауынгері Ислам  Махачев­ті  бірінші  орынға  қояр  едім.

– Биылғы жылды қорытындылағаныңды атап өттік. Келер жылға жоспар қандай? Ауру-сырқау, қандай  да  бір  жарақаттан   амансың   ғой?

– Бұйырса, келесі жылы Әлем чемпионатынан тағы да топ жаруды көздеп отырмын. 2025 жылы жарақатыма байланысты қатыса алмағаным­ды айттым ғой. Жасыратыны жоқ, одан да бөлек себеп­тер болды. Сол олқылықты толтырып, «камбэк» жасау үшін жаттығуды үдетіп, тыңғылықты дайындық жасап жатырмын. Қорыта айтқанда, 2026 жылы Әлем чемпионы боламын  деген  арман-­мақсатым  бар.

– Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алатыныңды да білеміз. Оқу мен спортты қатар алу қиынға соқпай ма? Университет  тарапынан  жеңілдіктер  жасалатын  шығар?

– Шыны керек, университетпен еш қиыншылық туындамады. Жаратылыстану институтында спортшыларды аса құрметтейді, қолдау көрсетеді. Кафедрамызда арнайы тақтамыз бар. Сонда біз спорт түрлерінен жақсы қырымызбен көрініп  жатсақ, тақтаға аты-жөніміз және жетістігімізбен  іліп қояды. Жалпы, жарыс­қа жібе­ру жағынан қиындық көрмедім. Оқу жағынан  қысымды  да  сезбедім  десем, артық айтқаным  емес.

– Сұхбатыңа  рақмет,  сау-саламатта бол!

– Сізге  де  көп  рақмет. Жақсы  сұхбат  болды.

Сұхбаттасқан  Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: