Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

2026 жылы елімізде не өзгереді?

04.12.2025, 11:00 117

2026 жыл – Қазақстан үшін тек жаңа күнтізбелік кезеңнің бастауы емес, мемлекеттік басқару, экономика, әлеуметтік саясат және цифрландыру бағытындағы ауқымды өзгерістер жүзеге аса бастайтын ерекше белес. Соңғы жылдары елде бірқатар маңызды реформалар  қабылданып, олардың  көпшілігі 2026 жылдан бастап күшіне енетіні айтылған болатын. Бұл мемлекет дамуының жаңа бағытын айқындайтын, қоғамның барлық саласына әсер ететін шешуші жыл болмақ.

Соңғы реформалар халықтың әл-ауқатын арттыру, бизнесті жеңілдету, мемлекеттік аппаратты оңтайландыру және экономиканы жаңа деңгейге көтеру мақсатын көздейді. Салық кодексінің жаңартылуы, әлеуметтік төлемдердің артуы, цифрлық технологиялардың кеңеюі, инвестициялық ахуалды жақсартуға арналған бағдарламалардың іске қосылуы – барлығы елдің болашақ дамуының негізгі векторын қалыптастырады.

2026 жылы қолға алынатын өзгерістердің ерекшелігі сол, олар тек бір саламен шектелмейді. Реформалар кешені ең қарапайым азаматтың күнделікті өмірінен бастап, ірі кәсіпорындардың жұмыс істеу тәртібіне дейін әсер етеді. Бір жағынан, бұл – жаңа мүмкіндіктердің кезеңі, екінші жағынан, қоғам мен бизнес үшін бейімделу қажеттілігін туындататын трансформация.

Сонымен, 2026 жылдан бастап елімізде қандай нақты өзгерістер болатынын, олардың әрқайсысының мәні мен ықпалын жан-жақты қарастырып  көрейік.

2026 жыл біз үшін өзгерістерге толы жыл болатыны анық. Әрине, жаңа ережелер мен жаңартулардың бәрі бір күнде әсер етпейді, бірақ олардың нәтижесін біртіндеп сезіне  бастаймыз.

 1 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне еніп, осыған байланысты бірнеше өзге­ріс болады. Ең алдымен, ҚҚС мөлшері 12 пайыздан 16 пайызға өскенімен, медициналық қызметтерге жеңілдік беріледі. Ал шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін салық мөлшері әртүрлі болады және есеп беру азайып, құжат тапсыру жеңілдетіліп, салықты ұялы байланыс арқылы төлеуге мүмкіндік ашылады.  Корпоративтік табыс салығы да саласына қарай әртүрлі болады: ауыл шаруашылығына, әлеуметтік секторға, банк пен ойын бизнесіне бөлек-бөлек ставкалар енгізіледі. Нақтылай кететін болсақ, салық органдары банк карталарына түсетін қаражаттың тұрақтылығы мен заңды көзін мұқият тексереді. Яғни, бір сөзбен айтқанда, карта «таза» болуы тиіс, жеке мақсатта – жалақы, дивидендтер және туыстардан түсетін қаражат болуы маңызды. Сондай-ақ бұл ереже шағын бизнеске де, қарапайым азаматтарға  да  ортақ.

Бұл  тұрғыда, ҚР Ұлттық экономика вице-минстрі Ерлан Сағы­наев «Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жаңа жеңілдікті режим қарастырылған – 4 пайыз мөлшеріндегі бірыңғай минималды төлем. Оның ішіне ЖТС кірмейді. Бұл санаттағы азаматтар үшін жеке табыс салығы толықтай нөлге теңестірілді. Бірыңғай тө­лемнің құрамына міндетті зей­нет­ақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және МӘМС жарналары кіреді. Салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқарады. Сонымен қатар салық төлеушінің келісімімен декларацияларды автоматты түрде толтыру мүмкіндігі енгізілді. Жоспарлы тексерулерден толық бас тартылды. Жаңа жылдан бастап тексерулер тек тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде ғана жүргізіледі»  деген  болатын.

Осы өзгерістердің нәтижесінде кей тауар мен қызметтердің бағасы сәл қымбаттауы мүмкін. Есесіне шағын және орта бизнес үшін салық төлеу оңайлайды. Жалпы, бұл реформа мемлекетке тұрақты кіріс әкеліп, халыққа арналған әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы жаңартудың салдары әлеуметтік төлемдері көбейту арқылы халық­тың өмір сүру деңгейін жақсартуға  жол  ашатынын  аңғартады.

Күнделікті өмірде адамдар үшін ең маңыздысы – жалақы, жәрдемақы, баға және қызметтердің қолжетімділігі. 2026 жылдан бастап әлеуметтік төлемдердің өсуі мен мемлекеттік қолдау жұмыстары көптеген отбасының жағдайын жеңілдетері және цифрландырудың дамуы құжат жинап, кезек күтіп жүретін уақытты азайтып, адам өмірін оңтайландырары белгілі.

Келесі жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) жаңарып, соған байланысты барлық әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар да өседі. Яғни зейнетақы, жәрдемақы түрлері және мемлекет тарапынан берілетін көмектердің мөлшері артады. Бұл өзгеріс әсіресе, табысы төмен, әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдар үшін өте маңызды, өйткені төлемдердің көбеюі олардың өмір сүру деңгейін жақсартуға көмек­теседі.

Иә, елімізде 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі 10,5 пайызға индекстеле­ді. Бұл жаңалық 2,6 миллионнан астам зейнеткер мен 2,3 миллионға жуық жәрдемақы алушыларға тікелей әсер берері сөзсіз. Еңбек және әлеуметтік қорғау министірлігінің хабарлауынша, келесі жылы әлеу­меттік төлемдерге 6,8 трлн теңге бөлінеді. Бұл – биылғы жылмен салыс­тырғанда  860,5 млрд теңгеге артық  төлем.  Яғни,  оның ішінде 622,6 млрд теңге зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы көлемін өсіруге қаралса, 237,9 млрд теңге алушылардың санының артуына байланысты   бөлінеді.

Сонымен қатар, жаңа жылдың бірінші күнінен-ақ қазақстандық­тардың айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне де өзгерістер енгізіледі. Осы  тұрғыда  Парламент  2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті мақұлдады. Жаңа бюджет жобасына сәйкес, ең төменгі жалақы 85 мың теңгемен өзгеріссіз қалса, айлық есептік көрсеткіш мөлшері 4 325 теңгеге көбейді, 2025 жылы  бұл – 3 932 теңге.

Осының бәрі 2026 жылы әлеуметтік қорғанысты күшейтіп, халықтың табысын сақтап ғана қоймай, тұрмыс сапасын да жақсартуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

2026 жылдан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Бұл өзге­рістер жұмыссыздық бойынша төлемдерге, әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін басқа да жәр­демақыларға және оларды алу шарттарына қатысты болады. Яғни, кім, қандай жағдайда, қанша уақыт және қандай мөлшерде төлем алатыны жөніндегі ережелер жаңартылады.

Мұндай түзетулердің  басты мақсаты – әлеуметтік  қолдауды қажет  ететін азаматтарды жақсырақ қорғау. Әсіресе, табысынан айырылған, қиын жағдайға тап болған немесе денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайтын адамдарға көрсетілетін көмекті жетілдіру көзделіп отыр. Сонымен қатар, төлемдерді тағайындау жүйесі жеңілдеп, құжат тапсыру тәртібі де біртіндеп цифрландырылып, бұрынғыдан ыңғайлы  болады.

Жалпы алғанда, бұл өзгерістер әлеуметтік сақтандыру жүйесін заман­ға сай жаңартуға, төлемдер­дің әділетті тағайындалуына және азаматтардың еңбек нарығындағы тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Сонымен, биылғы жылдың ең басты жаңалықтарының бірі – меди­циналық көмектің бірыңғай пакетін енгізу. Министр А.Әлназарованың айтуынша, бұл бас­тама әлеуметтік маңызы бар ауру­ларды ерте анықтауға жағдай жасап, мемле­кет тарапынан кепіл­дендірілген көмекті кеңейтеді. Сондай-ақ, бірыңғай пакет меди­цина­лық қызмет  көрсету жүйе­сін айқын әрі қолжетімді етіп, қыз­меттердің қайталануын болдырмайды. Бұл өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтып, халықтың МӘМС жүйесіне белсенді  қатысуына  жол  ашады.

Осы тұста ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «Қаржылық тұрақтылықты сақтау мақсатында 2026 жылы 1 қаңтардан бастап МӘМС жарналарын есептеу үшін қолданылатын база шегін – ең төменгі жалақының  10 еселенген мөлшерінен 50 еселенген мөлшеріне дейін арттыру ұсынылады. Бұл жаңалық шамамен 508 мың жалдамалы жұмыскер мен олардың жұмыс берушілеріне әсер етеді»  деген  болатын.

Айта кетейік, негізгі өзгеріс­тердің қатарында жұмыссыз қа­зақ­стандықтар үшін жарна енді жергілікті бюджет есебінен төлене­ді. Яғни, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген, зейнетақы жарналарын 3 айдан астам уақыт төлемеген, әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедектігі бар адамдар үшін және оларға күтім жасайтын ата-аналарға жергілікті бюджет есебінен ай сайынғы медициналық сақтандыру бойынша қаражат қарастырылады.

Бұдан бөлек, ресми түрде жұмысынан шығып қалған азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік сақ­тандыру қорынан жәрдемақы алу қарастырылған. Бұны тек 24 ай ішінде кемінде 6 ай әлеуметтік аудар­ымдар жасалған азаматтарға ғана  қолжетімді.

Осы өзгерістердің барлығы 2026 жылдан бастап әлеуметтік қорғауды күшейтіп, медициналық және қаржылық көмекке мұқтаж азаматтарға тұрақты қолдау көрсетуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды  көздейтіні  қуантатыны  анық.

Қорытындылай келе, 2026 жылдан бастап қолға алынатын өзге­рістердің барлығы біртұтас жүйе ретінде халықтың тұрмысын қолдауға бағытталған. Бұл реформалар мемлекет пен азамат арасында сенімділік пен жауапкершілікті нығайтады. Еңбек еткендер еңбек нарығында қорғауға ие болады, әлеуметтік қолдауды қажет ететіндер мемле­кеттің қамқорлығын сезінеді. Осылайша, жаңа жүйе,  бір жағынан, адамдардың өмір сүру деңгейін, әл-ауқатын сақтайды, екінші жағынан, экономиканың тұрақтылығын, бюджет пен әлеу­меттік міндеттемелердің ұзақ мер­зімді  өтуін  қамтамасыз  етеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің соңғы  жолдауында салық пен  әлеуметтік саясатты өзгерту мемлекет міндеттерін орындау  үшін ғана емес, азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін жасалып  жатқанын  атап  өтті.

Осы реформалар арқылы Қазақстан 2026 жылдан бастап «әлеу­меттік мемлекет»  тұжырым­дамасын әрі қарай нығайтып, тұр­ғындарға нақты қолдау көрсететін, ашық әрі әділетті, болашағына  сенімді  қоғам  құруға  ұмтылады.

Оразкүл   БАҚЫТЖАН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: