Бүгінгі күні жасанды интеллект (ЖИ) дүниені бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өзгертіп жатыр. Кеше ғана қиял-ғажайып фильмдерде көретін сәттер бүгінде күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Иә, қазір робот-ассистент, автоматтандырылған өндіріс, дыбыспен басқарылатын құрылғылар, смарт-қосымшалардың оңай басқарылуы көпшілікті әбден таңғалдырып, тіпті уақыт өте келе қызығушылық басылып, көзіміз үйреніп те кеткендей. Дегенмен, бұл өзгерістердің барлығы ең алдымен жастардың өміріне тікелей ықпал етуде. Бұл «ЖИ жастарға мүмкіндік пе, әлде қауіп пе?» деген сауал туындататыны анық.
Таңертен телефон оятқышын сөндірген сәттен бастап, кешкі уақытта интернеттен қажетті ақпарат іздегенге дейін жасанды интеллект бізбен қатар жүріп келеді. Расында да, кейде біз оны сезінбейміз де. Бірақ, онлайн дүкеннің қалаған тауарымызды дәл тауып беруі, желілердегі автоматты аудармашылар, навигациялық жүйелердің жол көрсетуі – бұлардың барлығы ЖИ жұмысы. Уақыт өткен сайын бұл технологияның ықпалы күшейіп, әсіресе жас буынның өмірінде үлкен орын алып отыр. Бүгінгі жастар – ЖИ-мен бірге өскен алғашқы ұрпақ. Дегенмен, ЖИ тек пайдасымен ғана емес, белгілі бір қауіптерімен де қатар жүретінін естен шығармаған жөн.
Алдымен оның пайдасына тоқталсақ, ЖИ дамуы жаңа мамандықтардың пайда болуына жол ашты. Машина оқыту инженері, деректер аналитигі, киберқауіпсіздік маманы, цифрлық дизайнер – бүгінде осы салаларға деген сұраныс артып келеді. Бұл – білімді әрі ізденімпаз жастар үшін үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, жасанды интеллект уақытты тиімді пайдалануға көмектеседі. Оны дұрыс қолдана білген жас үшін ЖИ – жеке өнімділікті арттыруға арналған сенімді көмекші. Одан қалды жастар үшін стартапқа жол ашылады. Бұл – креативті идеясы бар жас кәсіпкерлер ЖИ арқылы жаңа қосымша, сервис немесе өнім жасай алады деген сөз. Күрделі бағдарламалауды міндетті түрде терең меңгермей-ақ, дайын құралдармен жұмыс істеп, бизнес бастауға болатынын айғақтайды. Қазір бұл тұрғыда жоғары сатыға шыққан жастардың қатары да артып келеді. Сондықтан күнделікті пайдаға асырып жатқан қосымшаның тиімділігіне ғана бағытталсақ, бұл тек қоғам үшін емес, елдің дамуына да оң әсерін беретіні сөзсіз.
Хош. Сонымен, жасанды интеллект жүйесінің айтарлықтай ұтымды екенін білдік. Ендігі кезек – оның қауіп-қатер тұстарын да ұғынып, оларды ескеріп отыру. Бұл тұста, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Жасанды интеллект институты маманының пікірі де айрықша мәнге ие.
– Менің ойымша, ЖИ-дың жастарға беретін пайдасы да, төндіретін қаупі де бар, бірақ бәрі оны қалай қолдануға байланысты. Технологияның өзі бейтарап: дұрыс бағытпен, этикамен қолданылса, бұл – өте үлкен мүмкіндік. Сондықтан ең бірінші қадам – оқу орындарында ЖИ қолдану этикасын жүйелі түрде үйрету. Жастар қай жерде тоқтау керегін, қандай ақпаратты ЖИ-ға сеніп тапсыруға болмайтынын, ал қандай жерде оны өнімділік үшін қолдануға болатынын нақты түсінуі керек. Этиканы сақтап, саналы түрде қолданған жастар ЖИ-ды жеке оқу траекториясын құруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, жаңа мамандықтарға бейімделуге үлкен ресурс ретінде пайдалана алады. Сол себепті мен ЖИ-ды қауіптен гөрі мүмкіндік деп ойлаймын, бірақ ол өздігінен емес, дұрыс мәдениет қалыптасқанда ғана пайдалы болады, — дейді Қорқыт ата атындағы ҚУ Жасанды интеллект институты директорының орынбасары Асхат Елтаев.
Маманның пікірінен байқағанымыздай, жасанды интеллектіге қатысты негізгі мәселе – оны қолдану мәдениетін дұрыс қалыптастыру. Бұл – тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Сондықтан ЖИ-ды күнделікті өмірге енгізу барысында бірқатар қағида мен қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызы зор. Дегенмен, маман қауіптің барын жоққа шығара алмайтынын айтады.
– Қазіргі уақытта студенттердің үй тапсырмасын ЖИ-мен орындап келу әдетін қалыптастырып жатқанын көріп жүрміз, бұл белгілі бір деңгейде алаңдатады. Бірақ шетелде оқыған кезде байқағаным – егер жастарға дұрыс құндылықтар мен оқу мәдениеті ерте қалыптастырылса, олар ЖИ-ды өз орнына қолданады. Яғни, технологияны «ойланбай-ақ жауап беретін қысқа жол» ретінде емес, керісінше, өз білімін толықтыратын құрал ретінде көреді. Егер жас буынға «үйрену – өзің үшін» деген түсінік сіңсе, олар ЖИ-ға тәуелді болмайды. Сондықтан бұл жерде мәселе технологияда емес, оны пайдаланатын адамның жауапкершілігінде, ал сол жауапкершілікті қалыптастыру ата-ана, мектеп, университет және қоғамның ортақ жұмысы деп ойлаймын, — деді Асхат Талғатұлы.
Шынымен де, дайын жауапты әп-сәтте ала салу ыңғайлы. Алайда, жоғарыда айтып өткендей, мұнысы жастардың анатиликалық ойлауын әлсіретуі мүмкін. Сондай-ақ, ЖИ құралдарын қасақана теріс пайдаланатындар, яғни фейк жаңалықтар, жалған бейнелер, алдамшы контенттің күннен-күнге көбеюі де жастардың ақпараттық иммунитетіне тікелей кері әсер береді. Сонымен қатар, автоматтандыру күшейген сайын кейбір жұмыс түрлері өзектілігін жоғалтып, бұл да жастардың кәсіби дамуына тосқауыл болуы ықтимал. Мұның бәрі жасанды интеллектінің теріс бағытта қолданылуынан туындайтын қауіптер екенін көрсетеді. Сондықтан мұндай теріс әрекеттердің алдын алу үшін, бір жағынан, жастардың саналы тұтынушылық мәдениетін қалыптастыру қажет болса, екінші жағынан, ЖИ-ды қасақана теріс пайдаланушыларға арналған шектеулер мен бақылау тетіктерін күшейту маңызды. Бұл – технологияны қауіпсіз әрі адам игілігіне бағытталған түрде дамытуға мүмкіндік беретін қадам. Сонымен «ЖИ-ды теріс мақсатта қолдануды шектеудің еліміздегі деңгейі қандай?» деген сауалға жауап алу барысында Асхат Елтаевтың пікіріне жүгіндік.
– Бұл сұраққа нақты әрі біржақты жауап беру қиын, өйткені Қазақстанда ЖИ-ды реттеу саласы әлі қалыптасу кезеңінде тұр. Дегенмен, соңғы жылдары бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр: мемлекеттік органдар халықаралық тәжірибені зерттеуде, заңнамалық өзгерістер дайындалуда, университеттерде ЖИ-ды дұрыс пайдалану туралы алғашқы курстар мен нұсқаулықтар пайда бола бастады. Әлі толық жүйе құрылды деп айта алмаймыз, бірақ қозғалыс бар әрі дұрыс бағытта. Ең маңыздысы – осы процестің ашықтығы мен сарапшылардың, білім беру саласының өкілдерінің қатысуы. Теріс мақсаттағы қолдануды шектеу тек заңмен емес, қоғамдағы ЖИ мәдениетін қалыптастырумен жүзеге асады деп ойлаймын, — деді ол.
Ал қауіпсіздік үшін қазіргі жастар не істеу керек? Жаңа дәуірдің жастары қандай болуы тиіс? Бұл тұрғыда психолог-терапевт маманының кеңесіне жүгіну орынды сияқты.
– Бүгінгі жастардың қауіпсіз әрі саналы өмір сүруі үшін бірнеше маңызды дағдыны қалыптастыру қажет. Ең алдымен, сыни ойлау дағдысы дамығаны маңызды. Қандай технология қолданылса да, ақпаратты талдай білу, оның шынайылығына күмәнмен қарап, дұрыс сұрақ қоя алу – тұлғалық дамудың негізгі тіректерінің бірі. Сонымен қатар, цифрлық қауіпсіздік мәселесі ерекше назарды талап етеді. Жеке деректерді қорғау, жалған ақпараттан қорғана білу – психологиялық тұрақтылық пен жауапкершіліктің маңызды құрамдас бөлігі. Үздіксіз білім алу да қазіргі заман жастары үшін аса қажет. Жасанды интеллект тез дамып жатқандықтан, дағдыларды тұрақты түрде жаңартып, жаңа білімге ашық болу жастардың өзін-өзі дамытуына үлкен ықпал етеді. Ал шығармашылық қабілет – адамның ең басты артықшылықтарының бірі. Робот машинасы қиялды қайталай алмайтындықтан, креативті ойлау адамның даралығын, эмоционалдық еркіндігін және өмірлік бейімделу қабілетін күшейтеді. Сондықтан, қазіргі дамыған заман уақытысында кез келген адам өз ойын, қабілетін, дағдысын жоғалтып алмай, қалыпты ұстап қалуы аса маңызды, — деді психолог-терапевт Перизат Акимова.
Психолог маманы айтып өткендей, қазіргі жастар үшін ең маңыздысы – технологияны саналы қолдану мен өз дағдыларын заман талабына сай дамыту. Бұл жерде тек теориялық түсінік жеткіліксіз, ЖИ құралдарын күнделікті өмірде тиімді әрі қауіпсіз пайдалана білу де аса құнды. Осы ретте мамандар жастарға нақты қадамдар ұсынады.
«Ең алдымен, жасанды интеллектіні қолданғанда экран алдында ұзақ отырмауға назар аудару керек. Бұл денсаулық пен ойлау қабілетін сақтау үшін қажет. Сонымен бірге, ЖИ ұсынған ақпаратты сол күйінде қабылдамай, міндетті түрде басқа дереккөздермен салыстырып тексеру керек. Өйткені кез келген технология қателесуі мүмкін. Жастар жаңа білімге ашық болғаны дұрыс. Қысқа онлайн курстарды оқу, пайдалы бағдарламаларды үйрену және дағдыларды жаңартып отыру олардың болашақтағы мүмкіндігін кеңейтеді.
ЖИ-ды тек дайын жауап алатын құралға айналдырмай, оны өз ойыңды жетілдіруге, тапсырманы түсінуге және жоспар құруға көмектесетін көмекші ретінде қолданған дұрыс. Сондай-ақ, жеке ақпаратты қорғау маңызды. Жастар құпия деректерін белгісіз платформаларға енгізбеуі керек.
Технологияны қолданғанда жауапкершілік танытқан абзал. Фейк ақпарат тарату немесе біреуге зиян келтіру мақсатында ЖИ-ды қолдану – қауіпті және этикаға қайшы әрекет», — деп түсіндіреді мамандар.
Қорытындылай келе, жасанды интеллект – қауіп те емес, шексіз мүмкіндік те емес. Ол – құрал. Бұл құралды қалай қолданатынымыз өзімізге байланысты. Егер жастар ЖИ-ды білімін арттыратын, уақытын тиімді пайдаланатын, болашаққа жол ашатын көмекші ретінде қолданса, онда жаңа дәуірдің көшбасшысы бола алады. Ал жауапсыздық танытып, ойланбай әрекет ететін болса, технологияның тұзағына түсуі мүмкін. Жалпы, кез келген адам үшін бүгінгі басты міндет – ЖИ-ды басқару, оған өзіңді басқаруға жол бермеу.
Оразкүл БАҚЫТЖАН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!