Бүгін Әбділдә Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Ержан Байтілес өңірдің зиялы қауым, азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.
Тағылымды жүздесуді облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет жүргізді.
Ұлт үніне айналған қазақ баспасөзі ел өміріндегі өзекті мәселелерді көтеріп, халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілегін жеткізуде маңызды рөл атқаратын және қоғамдық сананың қалыптасуына ықпал еткен тарихи институт.
Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет баспасөздің қоғам өміріндегі орнына тоқталып, ұлттық журналистиканың елдік мүдде мен рухани құндылықтарды дәріптеудегі жауапкершілігін атап өтті.
«Сыр өңірі – қашанда сөз өнері мен руханиятты қастерлеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған қасиетті өлке. Қазақ баспасөзі елдік мәселелерді көтеріп, қоғамдық ойды қалыптастыруда, ұлттың рухани шежіресін түгендеуде айрықша рөл атқарып келеді. Бүгінгі ақпарат кеңістігінде дәстүрлі басылымдардың мазмұндық сапасын сақтау, ұлттық мүддені дәріптеу және өңірдің рухани-мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттау маңызды. Осы ретте, зиялы қауым мен журналистер арасындағы осындай мазмұнды кездесулер тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді ортақ талқылауға және ұлттық журналистиканың дамуына серпін беруге мүмкіндік береді», – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Басқосу барысында «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Ержан Байтілес ұлттық баспасөздің бүгінгі тынысы, дәстүрлі мерзімді басылымдардың даму бағыттары және ақпарат кеңістігіндегі өзгерістер жөнінде ой бөлісті.
«Қазіргі ақпарат дәуірінде мерзімді басылымдардың алдында жаңа міндеттер тұр. Ақпарат тарату тәсілдері өзгергенімен, баспасөздің басты мұраты – оқырманға шынайы ақпарат ұсынып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Дәстүрлі журналистиканың басты артықшылығы – байыпты талдау мен мазмұн тереңдігінде. Сондықтан бүгінгі талапқа сай жаңғыра отырып, баспасөздің қалыптасқан кәсіби ұстанымдарын сақтауымыз қажет.
Әсіресе, қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейту, оқырманмен байланысты нығайту және елдің рухани-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау – ортақ міндетіміз», – деді Ержан Айтөреұлы.
Еркін пікір алмасу бағытында өткен кездесуде айтылған ойлар мен ұсыныстар ұлттық журналистиканың бүгінгі міндеттерін бағамдап, дәстүрлі баспасөздің қоғамдағы орнын саралауға мүмкіндік берді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!