Болат БЕГАЛИЕВ,
мұнайшы:
Құмкөл кен орнының қалыптасу кезеңінен бастап бүгінгі өркендеген өндірістік ортасына дейінгі тарихында талай білікті маманның қолтаңбасы бар. Солардың арасында 36 жылын мұнай өндірісінің жауапты да күрделі саласына арнаған Болат Бегалиевтің орны ерекше. Ол бүгінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-да 5-разрядты сусыздандыру және тұзсыздандыру қондырғысының, сондай-ақ алдын ала су қашыртқылау қондырғысының тәжірибелі операторы ретінде танылып отыр.
Болат Өтебайұлы кәсіби жолын №1 КТУ-дан «Мұнай және газ өндіру операторы» мамандығын меңгеруден бастады. Кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша жоғары білім алып, өз білімін жетілдіріп, кәсібилігін тұрақты түрде дамытудың жарқын үлгісін көрсетті.
Ұзақ жылдық адал еңбегі елеусіз қалмай, бірнеше мәрте лайықты марапатқа ие болды: 2011 жылы – CNPC Құрмет грамотасы, 2019 жылы – облыс әкімінің Алғыс хаты, 2024 жылы – ҚР Энергетика министрлігінің «Қазақстан мұнайына – 125 жыл» мерейтойлық медалі.
Бүгінгі сұхбатымызда Болат Өтебайұлы өз еңбек жолындағы маңызды белестер, өндіріс саласындағы өзгерістер, мамандыққа деген көзқарасы және кейінгі буын мұнайшыларына арналған ақыл-кеңесімен бөлісті.
– Қайырлы күн, Болат аға! «Мұнайшы боламын» деген шешім өмір жолыңызда қалай қабылданды? Бұл таңдауды айқындаған басты себеп қандай?
– Мектепті бітіргеннен кейін жолым мені №9 КТУ-ға алып келіп, сол жерде автокраншы мамандығын игердім. Одан кейін Кеңес әскері қатарына шақырылып, екі жыл борышымды өтедім. Әскерден оралысымен жұмыс іздей бастаған кезім еді. Бір күні Қазалыдан Қызылордаға менімен бірге оқыған достарым келіп, оларды №1 КТУ-ға дейін шығарып салуға бардым. Сол сапар менің тағдырымды өзгертті десем болады. Достарыммен бірге жүріп, өзім де құжат тапсырып, «Мұнай және газ өндіру операторы» мамандығын таңдадым.
Оқуды тамамдаған соң мені бірден «Құмкөлмұнай» МГӨБ-не 3-разрядты мұнай және газ өндіру операторы қызметіне қабылдады. Мамандықтың негіздерін оқу орнында меңгергеніммен, нағыз мектеп – Құмкөл кен орнындағы күнделікті тәжірибе болды. Сол жылдары Жеңіс Жалғасов пен Үлсерік Сарибаева сияқты білікті басшылардың қоластында жұмыс істеу өмірлік сабақ әрі үлкен мектеп болды. Мұрат Ғазизұлы Саламатовтың бізді «алғашқы қарлығаштар» деп атағаны әлі күнге дейін жадымда тұр.
Компаниядағы еңбек жолым 36 жылға созылып отыр. Алғашқы 14 жылымды мұнай және газ өндіру операторы ретінде өткіздім, ал 2003 жылдан бері 5-разрядты сусыздандыру және тұзсыздандыру қондырғысының операторы қызметін атқарып келемін. Осы салада жинаған тәжірибем – мен үшін ең үлкен байлық.
– 36 жыл бойы бір салада тұрақты жұмыс істеуге күш берген не нәрсе? Осы уақыт сізді қандай адамға айналдырды?
– Мен өзімді табиғатымнан бір іске мығым, тұрақтылығы бар адаммын деп есептеймін. Бәлкім, осы мінезім мені ұзақ жылдар бойы бір компанияда, бір салада еңбек етуге жетелеген шығар. Бірақ бірден ойға оралатыны – ұжым. Көп жыл бойы бірге жұмыс істеп, бір отбасыдай болып кеткен әріптестерді қимайсың. Сонымен бірге тұрақты жалақы, қалыптасқан жұмыс тәртібі де жауапкершілікпен байланыстырып тұрады.
Ұжымдағы жылы қарым-қатынас, бір-бірімізге деген қолдау, ортақ мақсатқа жұмылу маған әрдайым күш берді. Уақыт өте келе осы ортада шыңдалып, тәжірибем артып, өз ісінің білгірі атануға мүмкіндік алдым. Мұнай саласындағы 36 жыл мені төзімділікке, еңбекқорлыққа, өз жұмысыма адал болуға үйретті. Бүгінде өзіңіз айтқандай, тәжірибелі маман ретінде сыйлы болып келемін.
– Жұмыс барысында қандай маңызды дағдыларды меңгердіңіз және осы жылдар ішінде салаңыздағы технологиялар мен жабдықтар қалай өзгерді?
– Мен өнеркәсіптік жабдықтармен жұмыс істей білу, өндірістік үдерістерді талдау және бақылау, техникалық ақауларға жедел ден қою сияқты маңызды дағдыларды меңгердім. Сонымен қатар, мақсат қою және сол мақсаттарға жетудің ең тиімді жолдарын жоспарлау қабілетін дамыттым. Саладағы өзгерістерге келсек, бұл мүлдем басқа дәуір деуге болады. Мансабымның басында кең тараған қол еңбегінің орнына бүгінгі күні жоғары деңгейдегі автоматтандыру келді, өндірістік үдерістер айтарлықтай жаңарды, жабдықтар заманауи технологиялармен толық жаңғыртылды.
– Сіздің ойыңызша, бүкіл компания үшін жұмысыңыздың басты жауапкершілігі мен бірегей құндылығы неде? Яғни, сусыздандыру процесінде сіз жасайтын, бірақ көп адам түсінбейтін ең күрделі әрекет қандай?
– Біздің СААҚ (Суды алдын ала ағызу) цехы мұнай мен газды судан және тұздан тазартуға жауап береді. Менің басты міндетім – қабат суын мұнай мен газдан бөлуге арналған арнайы жабдықты бақылау, технологиялық үдерісті қадағалау, температураны, қысым мен ағындарды мониторингтеу, сондай-ақ сорғы мен өлшеу жүйелерін басқару. Ең күрделі, көп адам түсінбейтін әрекет – дабыл сигналдарын өткізіп алмау және төтенше жағдайларға дайын болу. Мұнда темірдей төзімділік пен жылдам шешім қабылдау қабілеті аса маңызды. Жұмыс барысында бірде-бір апат тіркелген жоқ, себебі қауіпсіздік техникасын сақтау мен үдерістерді регламент бойынша орындауға ерекше мән беремін.
Кен орнындағы, соның ішінде біздің цехтағы жұмыс – тек «қауіпсіздік ережелерін сақтау» немесе «ұранмен ұстану» ғана емес. Бұл – әртүрлі жағдайлардың алдын алу, өндірістің үздіксіз және қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін өте маңызды жауапкершілік. Менің жұмысымның басты құндылығы да осында – күрделі үдерістерді үздіксіз қадағалап, кез келген мәселеге жедел әрекет ету.
– Сіздің ойыңызша, мұнай-газ саласының болашағы қандай бағытқа бұрылып келеді?
– Заман дамыған сайын мұнай-газ саласы да жаңа бағытқа бет бұруда. Өндіріс үдерістері автоматтандырылып, цифрлық жүйелер мен деректерді талдау арқылы тиімдірек, қауіпсіз әрі экологиялық таза жұмыс істеу мүмкіндігі артып келеді. Сонымен қатар, энергия нарығындағы өзгерістер мен жаңартылатын энергия көздерінің дамуы саланы икемді әрі тұрақты етуге итермелеп отыр. Сондықтан мен болашақты тек мұнай-газ өндірісін сақтау емес, оны заманауи технологиялармен үйлестіріп, тиімділікті арттыру бағытында көремін.
– Ұзақ ауысымнан кейін энергияңызды қалай қалпына келтіресіз және осы тәжірибе арқылы жұмыс сізге не берді, ал өзіңіз оған қандай құндылық қостыңыз?
– Ұзақ ауысымнан кейін энергияны қалпына келтірудің ең тиімді жолы – отбасыммен уақыт өткізу. Құмкөлде мен болашақ жарым Ақсәулені кездестірдім, ол біздің цехта аспаз болып жұмыс істеді. 1995 жылы үйленіп, екі ұл тәрбиелеп өсірдік. Үлкен ұлымыз отбасын құрды, қазір немерем өсіп келеді, бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Вахтада болған он төрт күнде немереме әжесі қарайды, ал мен демалыста болған он төрт күнде онымен көбірек уақыт өткізуге тырысамын.
Жұмыс маған тек қаржылық тұрақтылық беріп қана қоймай, өмірімнің сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Санаторийлерде сауықтыру, балалардың жоғары оқу орындарында білім алуына қолдау сияқты маңызды мүмкіндіктерге жол ашты. Ал мен өз кезегімде жұмысқа жауапкершілік, тәжірибе және кәсіби шеберлігімді қостым, бұл біздің цехтың тұрақты және қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге септігін тигізді. Осылайша, мен үшін ұзақ ауысымнан кейін демалу мен жұмыстан алған тәжірибе бір-бірімен тығыз байланысты және өмірімнің ең маңызды құндылықтарына айналды.
– Мұнай-газ саласына келгісі келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз? Яғни, болашақ мұнайшыға техникалық білімнен бөлек қандай қабілеттер қажет?
– Мұнай-газ саласына келгісі келетін жастарға ең басты кеңес – шыдамдылық пен табандылықты дамыту. Бұл салада тек практикалық дағдыларды, жүйелі ойлау, жауапкершілік және командалық жұмысты меңгеру өте маңызды. Болашақ мұнайшыға сондай-ақ төтенше жағдайда тез шешім қабылдау қабілеті, жұмыс үдерісін толық түсіну және қауіпсіздік ережелерін сақтау сияқты адамдық қасиеттер қажет. Қазір уақыт талабына сәйкес, барлық технология автоматтандырылып жатқандықтан, қазіргі жас мұнайшылар, тек қабілеттері мен білімін үйлестіре білсе, салада тұрақты әрі тиімді маман бола алса, бәрі тәжірибе арқылы ұштаса беретінін айтқым келеді.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!