Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкем айтқан әңгімелерден

18.06.2020, 10:15 1517

• Малғұнға аспан аяқтай, жер табақтай.­

• Еріншек елегін есінеп отырып елейді.

• Досыңның төрінде болғанша көңілінде бол.

• Жаман да, жақсы да тамырсыз тумайды.

• Шаруаның көшкені – айт, қонғаны – той.

• Бойдағы кеселді батпақ бұзады, құм сорып алады.

• Сүйек тамыр сүйенісіп күн көрер.

• Жарлы болар жігіттің ұйқысы бір қанбайды.

• Бесігің мен көріңнің арасы – есігің мен төріңдей.

• Адам – адамға қонақ, жан – кеудеге қонақ.

• Бір дәрігер – дәрігер, бір дәрігер – әбігер.

• «Есек» құрдас болғанмен мұңдас болмайды.

• Еркенің көзі жасты, аяғын бұзау басты.

• Іздеушің болмаса, ізің де қалмайды артыңда…

• Жігіт өз әліне өзі ұшырайды.

• Тәуекел тау бұзады.

• Өлдің – опат болдың, сөндің – өштің.

• Қарғыс атқан қазанына түкіреді.

• Таяқ жейтін бала әкесінің сақалымен ойнайды.

• Тамырын тартса, тау да қозғалады.

• Ауру – астан, дерт – настан.

• Тышқақтан жабағы ауыспайды.

• Мал – баланың шашуы, тандыр қызық үстінде…

• Етегі елпі, жеңі желпі желөкпеден үміттенбе.

• Бөріні бөрі ұлып табады.

• Балдан жұғар, бардан тамар.

• Жас бала да бір, жас бұтақ та бір.

• Өтелек тартқан өлгенін білмейді.

• Шайнағаның неғайбыл, жұтқаның бұйырған.

• Құрдастың елдігі жоқ.

• Аруақ шалған ақ шапан киеді.

• Өзіңде жоқ болса, жақының да жат болар.

• Бұзылғандармен бидай қуырып оңбайсың.

• Табанының бүрі жоқтың жүрегінде қылы жоқ.

• Пілдің асын ішіп, шілдің жұмысын істейтіндер – өзінің  соры.

• Текті айғыр ақырды ластамайды.

• Жаман күнді жатып тыңда.

• Жақсының жүзі де, ізі де ыстық.

• Көзін тапқанға көмекші көп.

• Жаны тазаның қолы таза.

• Жаманның әкімшілігі де жаудай!

• Ашуды ашу басады, ақылды ақыл толықтырады.

• Қырсық әркімге әрқалай тап болады.

• Әуелгі көлігің – аяғың, ақырғы көлігің – таяғың.

• Тексіз бен кексізде кие болмайды.

• Арақ – ақылдының азабы, ақымақтың ажалы.

• Ауру кісі тершең, тершең кісі кіршең.

• Түтіндемей от тұтанбайды, от тұтанбай қазан қайнамайды.

• Таңғы асты тастама, кешкі асты аңдыма.

• Балықшы күнде арманда, егінші жылда арманда…

• Рушылда бұрушыл болмай тұрмайды.

• Маңдайыңа бітпеген – таңдайыңа татымас.

• Жан бергенге – дем берген.

• Бағы барға бал тос.

• Есепшінің есесі – кісесінде.

• Диуанадан айдың басын сұрама.

• Балапан артына қарайлап ұшады.

• Егулі жатқан иман жоқ.

• Тай тайлаққа, ат атанға теңелмес.

• Қырсық қырық ағайынды.

• Ер жігіт олжаға мырза.

• Тілі басқаның ділі басқа.

• Кетік қазанға тесік шөміш.

• Таста тамыр жоқ, тасбақада бауыр жоқ.

• Мал басынан, адам тілінен байланады.

• Дүниенің төрінен көрі жуық.

• Палуанға біткен бір мойын.

• Үзімдеген үнемге жарытпайды.

Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ,

Қызылорда  қаласы

(Басы  өткен  сандарда.   Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: