Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғани Құлжановтың 60 жас мерейтойына арналған мерекелік кеш өтті

22.09.2025, 9:30 742

HALYQLINE.KZ

Жалағаш ауданында Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, белгілі актер, жерлесіміз Ғани Құлжановтың 60 жас мерейтойына арналған мерекелік кеш өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Айтулы іс-шарада Дональд Кобурнның «Ойыннан от шығар» трагикомедиясы сахналанды.

Мерекелік кешке облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев пен аудан әкімі Ардақ Ибраимов арнайы қатысты.

Спектакльде басты рөлдерді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов пен Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нұржан Бексұлтанова жоғары кәсібилікпен сомдап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Сахналық туынды оқиғасы қарттар үйінде өрбиді. Тағдыр тәлкегімен бір шаңырақ астында күн кешіп жатқан Веллер Мартин мен Фонсия Дорсидің жүрек қылын тербейтін өмір жолдары, өздеріне ғана тән мұң мен күйзелістері бар. Екеуінің күнделікті ермегі – карта ойнау. Джин ойынында алдына жан салмайтын Веллер, күтпеген жерден үнемі жеңіліс тауып отырады. Бұл оның ішкі дүниесін аласапыран күйге түсіріп, қызғаныштың құрсауына алады. Қызғаныш әзәзілдей жүрегін жаулап, жүйкесіне сызат түсіреді. Қойылым өрбіген сайын кейіпкерлердің жан арпалысы тереңдеп, көрерменді бейжай қалдырмайды.

Кеш барысында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев сахнаға шығып, облыс әкімінің және Сыр жұртшылығы атынан мерейтой иесін құттықтады.

«Жалпы, ұлт мәдениеті – халықтың рухани келбеті, оның ішкі жан дүниесінің көрінісі. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деп атап өткен болатын. Ел мерейін үстем етіп, туған топырақтың даңқын асырған азаматтар – халық мақтанышы. Сол азаматтардың алдыңғы қатарында жүрген жерлесіміз Ғани Әбдуәлиұлы Құлжановтың есімін мақтанышпен айтамыз. Сізді, мерейлі 60 жасыңызбен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы және Сыр жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтаймынІ Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, сарқылмас шабыт пен шығармашылық табыс тілейміз. Мерейтойыңыз құтты, мерейіңіз үстем болсын!», — деді А.Зебешев.

Қойылымның аса шеберлікпен сомдалғанын тамашалаған көрермендер ерекше ықылас танытып, зор қошеметпен алғыс білдірді. Шынайы сезім мен терең мәнге толы театр өнері көрермен жүрегіне жол тауып, жоғары бағасын алды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: