Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үшеудегі «үшеу»

13.06.2020, 16:30 982

HALYQLINE.KZ Тәуелсіз Қазақстанның екінші жазғы Олимпиадасы Сидней қаласында (Австралия) өткені баршаға белгілі шығар. Онда спортшыларымыз ел абы­ройын асқақтатып, 3 алтын, 4 күміс медальді қанжыға­сына байлады

Ел үкіметі 1-орын алған спортшыға – 100 мың АҚШ долларын, 2-орын алған­ спортшыға – 50 мың АҚШ долларын, 3-орын алған спортшыға 30 мың АҚШ долларын сыйақы ретінде табыстауға бел байлады. Қызығы сол, бұл Олимпиадада қола медаль ешқандай ел спорт­шы­сына бұйырмаған соң, 30 мың АҚШ доллары да тағайындалмады. Бірақ, біздің айтпағымыз бұл емес… 

 Австралия жерінде атой салып, жеңімпаз атан­ғандардың ішінде 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен небәрі 20 жастағы Бекзат Саттархановтың орны ерекше. Қазақтың оң жамбасына сай келетін­ спорт түрінен Олимп шыңын бағындырған оғланның кейінгі тағдыры біз айтпай-ақ ел есінде жатталып тұр. Хош. Бекзаттың жеңісін алғашқы алтын­ дейік.

Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, өте талантты боксшы Ермахан Ыбырайы­мов та төртжылдықты түйіндейтін жарыстың жеңіс тұғырынан көрінді. Мұны екінші алтын деп есепке алайық. Айтпақшы, қай Олимпиаданы алып қарасақ та, бокстан жүлдесіз және алтынсыз қайтқан емеспіз. Бұл да бір қызықты дерек. Кедергілермен 100 метр қашықтықта жүгіру бойынша Ольга Шишигин­а дүбірлі спорт додасының жеңімпазы атанды. Мінеки, үшінші алтын қоржынға түсті. (Реттілікті спортшылардың медаль алу уақытымен есептемедік – ред.) Осы жерде қандай ерекшелікті, қандай ұқсастықты байқадыңыз? Бағанадан бері созбақтап, айтқым­ыз келіп отырғаны осы болатын. Әлгі реттілікті енді керісінше пайдаланайық.

Жеңіл атлетикан­ың хас шебері Ольга Шишигинаның тегінде­ үш “И” әрпі болса, Ермахан Ыбырайымов тегінде үш “Ы” әрпін иеленіпті. Енді Бекзат Саттар­хановта қандай әріптің үшеу екенін өзіңіз тауып көріңіз. Сидней Олимпиадасының чем­пиондарына қатысты бұл ұқсастықты әкем Сәрсен Тәжиев айтып берген еді. Мұны ол бір жерден оқыды ма, мұндай аз-кем таңғажайыпқа өзі кез болы­п қалды ма, білмеймін. Әрі мен ол уақытта тым кішкентай едім. Ойымда жатталған қызықты деректі қағаз бетіне түсіруге әрі-бері оқталып жүргенім бар еді. Алла сәтін салды-ау.

Рыскелді ЖАХМАН,

Республикалық қоғамдық-саяси

тәуелсіз «Халық» газетінен алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: