HALYQLINE.KZ Сан қилы тағдыр, сан тарау өмір жолы. Шыр етіп дүние есігін ашқан күні әр адамның маңдайына тағдыр-талайы жазылып қояды дейді. Мүмкін…
Оның да маңдайына осы тағдыр жазылды ма екен?! Әлде өмір соқпағында бір жақсылық, қуаныш, бақытты күндер күтіп тұр ма?! Ол жағы белгісіз. Бірақ, қазір оның ең бірінші арманы – анасын табу. Әр таңды үмітпен қарсы алып, әр кешті үмітпен батырады. Қолына қаламын алып, күн сайын хат жазады. Ақ қағаз бетіне бар арманын, бар сырын, үміті мен сағынышын жазудан шаршаған емес…
«Сәлеметсіз бе, анашым?! Жағдайыңыз қалай? Есен-аман жүрсіз бе? Мүмкін бұл хатым сізге жетпес, мүмкін қазір мұны оқып көзіңізге жас аларсыз. Бірақ, мен сізді осы күнге дейін күтіп келем. Өмірі бір көрмеген ай-жүзіңізді өзімше қиялдаймын. Сағыныштан сарғайып, аялы алақаныңызды аңсап зарығамын.
Осыдан он төрт жыл бұрын нөсерлі жаңбыр құйып, найзағай жарқ-жұрқ етіп тұрған күздің қара түнінде бауыр етіңіз балаңызды тастандылардың үйіне қалдырып, қайырылмастан кете бардыңыз. Кішкене қағазға: «Есімі – Қуаныш. Балама жақсы қараңыздаршы», – деп бір ауыз сөзіңізді қалдырыпсыз. Білемісіз, мен сол қағазды әлі күнге сақтап келемін. Жоғалтпаймын! Алла жазса, мүмкін осы қағазбен ер жеткенде сізді тауып алармын. Жазуыңыз өте әдемі екен. Өзіңіз одан да әдемі шығарсыз деп ойлаймын.
Ал әкем… Ол менің жарық дүниеде аяқ басып жүргенімді біле ме екен? Маған ұқсай ма? Қандай адам екен? Мейірімді ме? Сан сауалдар санамды шарпып түседі. Қаншама жыл өтті. Сіз де мені сағынған боларсыз? Басқа балалар «Мені тезірек басқа біреулер асырап алса екен» деп тілейді. Ал мен болсам, сіз келіп маңдайымнан иіскеп «Балам, мен сенің туған анаңмын, сені қатты сағындым, екеуміз үйге барамыз» деген сөзіңізді күтіп жүрмін. Осы күнді өмірімнің соңына дейін күтемін.
Кейде басыма әр түрлі ой келеді. Алдыңғы күні тәрбиеші апайлардың әңгімесін естіп, қатты жабырқадым. «Мына бейбаққа анасы неліктен Қуаныш деп ат қойды екен» деп мені әңгіме қылып тұрды. Расымен неге мұндай есім бердіңіз? Бұл дүниеге келіп кімге қуаныш сыйладым? Керісінше, сізге қайғы сыйладым.
Бірде мен жасы өзімнен үлкен Нұрлан есімді жігітпен төбелесіп қалдым. Ол маған «Тастанды баласың. Әкең – қызқұмар, ал анаң әркімге қуыршақ болып жүрген жеңіл жүрісті», – деді. Қалай ашуланып, қалай оны ұра жөнелгенімді білмей қалдым. Әрине, әлім жетпеді. Тәртіпсіздігім үшін әдеттегідей оңбай таяқ жедім. Көгерген жерім әлі ауырып тұр. Ал одан да ауыры – жүрегімнің сыздағаны.
Анашым, мен бір үмітпен өмір сүріп келемін. Әрбір таңым бүгін сіз келеді деген үмітпен атады. Сіздің бір күні келіп, мені алып кететініңізге сенемін. Осымен хатымды аяқтайын. Менің жай-күйім сізге аян. Осы хатты оқып отырсаңыз, мені іздеп келіңізші. Мұздаған кеудемді ыстық кең құшағыңызға алыңызшы. Анашым! Жан анам!»
Дәулет САҒИТ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!