Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

24.07.2025, 9:20 229

Сөз  иесі

Ақшалылар ғана сөйлеген еді. Ақша­лылар ғана сөйлеп жатыр. Ақшалылар  ғана  сөйлей  бермек.

Кері  жол

Бұрын қылқылдатып суша сіміре­тін. Кейін қау-қаумен ғана ішетін болды. Бертін келе анда-санда ғана ұрттап жүретін. Енді міне, жүрегі кілкіген адамдай ернін тигізіп қана дәмін көріп отыр…

Күтумен  өткен  ғұмыр

Көп кісінің өмірі кезегімен алар үлкен-­кішілі марапаттарды күтумен өтіп  жатқандай  көрінеді…

Екі  айрық  үндеместер

Кейбіреу жымсырайып үндемей қалса, қолдағаны деп біл. Кейбіреу тымсырайып үндемей қалса, қарсылы­ғы  деп  біл.

Түріндегі  өзгеріс

Сүтке тиген күшіктей боп шеттеп әлтек-шәлтек жүретін еді. Май жеген мысықтай боп алтақ-талтақ басатын боп  қалыпты.

Экологиялық  ахуал

Жазың жаз болмады… Қысың қыс болмады…

Ойнама  деймін

Құдаймен ойнама, аузың күншы­ғыстан шығып қалар. Қылжақбаспен ойнама, көп ішінде берекеңді бұзып қалар. Қатынмен ойнама, жақсы күніңе зар қылар. Әкіммен ойнама, кең  жолыңды  тар  қылар…

Амалсыз  тірлік

Әйелдер кеуделеп, өңмеңдеп еркек сияқты бола бастағанда, еркектер амалсыз  ыржаң  қағып, күлмеңдеп әйел  сияқты  бола  бастады…

Мақтаудың  қай  түрі?

«Мен сізді мақтайын деп тұрғаным жоқ…» деп бастап алып, дөкейді көзінше сылқита мақтау – мақтаудың қай түріне  жатады?

Солар  ғана

Алатын да – солар. Беретін де – солар. Рақатын  көретін  де – солар…

Өскен  мен  өшкен

Біреулер күдірейіп өсіп барады. Біреулер  сүмірейіп  өшіп  барады.

Алла  біледі

Ұзақ жасау – Алланың өз пендесіне шексіз сыйы да болуы мүмкін, сөзсіз қаһары да болуы мүмкін.

Адамдық  ажары

Адам адамдардың арасында қоян-­қолтық араласып өмір сүрсе ғана адамдық  ажарынан  айнымайды.

Шеңбердегі  тепе-теңдік

Беруді білген адам алуды да біледі. Алуды білген адам беруді де біледі.

Паң

Нән кеудесі аспандайды. Май құйрығы  жер  жалайды.

Жұмсалған  күш

Бар күшін елге қызмет етуге емес, ебін тауып бір жеп қалуға жұмсап жүр.

Біліп  қалдық

Жұрт алдында ақылдымси, ақылдымси, аяғында өзінің ақымақ екенін сездіріп  алды…

Өмір  сүру  жолы

Қартаюды ұмытып кеткен адамдай өмір  сүр!

Шабытты  сәтте

Көңіліңе қанат бітіп шалқыған шабыт­ты сәтіңде бұқпа төбелер мұзарт шыңды таудай болып, қолдың аясындай көлшүмектер айдынды, телегей теңіздей боп, қара қатын аппақ қыздай боп  көрінеді.

Малға  жақын

Сатып алудың, сатып берудің қанына әбден сіңгені сондай – ол өзін мәртебелі мемлекеттік мекемеде емес, мал базарда делдал болып жүргендей сезінеді…

Бұйрығы  бар

Өз басының адамдық қасиеті, адамгершілігі, адамдық мейірімі жартымсыз болса да, қит етсе маңындағыларға: «Адам бол, әй!» деп қадай бұйырып  отырады.

Ақи

Бір көзі жаныңа кіріп күліп қарай­ды. Бір көзі тәніңді түрпілеп тіліп қарай­ды.

Пендешілік

Біздің бәріміздің де басқалардың алдында мысқалдай болса да азды-­көпті  күнәміз  бар…

Бет  болмай  қалған  беттер

Кейбір беттердің бет болудан қалып, басқа бір нәрсеге айнала бастағанын көресің…

Жазу  көзі

Бұрын мықты журналистер жазарын өмірдің өзінен ойып алатын. Қазір «мықты» журналистер шұқып-түртіп интернеттен тауып алады.

Ғұмырзая

Тірлігі орташа, қоңыртөбел күйі бар еді. Аннан жеп, мыннан жеп, біреу­лермен сыбайласып, біреулермен ыңғайласып, жұтынып жүріп байып та алған. Балпаңдап жүргенде аяғына қақпан түсіп тұтылып, қолындағы бар жиған-тергенін анда беріп, мында беріп әл-әзер құтылды. Жиғанынан жұрдай болып, баяғы қоңыртөбел күйіне қайта түсіп, тырпылдап, тырбыңдап зейнеткерлікке зорға шықты.

(Жалғасы  бар.)

Ерғали  АБДУЛЛА,

Қазақстан  Жазушылар  одағының  мүшесі.

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: