Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұрғын үй – өмір сапасының айнасы

02.07.2025, 16:20 192

HALYQLINE.KZ

Сонау уақыттан күні бүгінге дейін үйсіздіктен көптеген адамның зардап шегіп келетіні белгілі, тіпті әлі күнге дейін тұрақты пана таба алмай, әбігерге салынып жүргендері қаншама?! Өңірде құрылыс қарқыны тоқыраған тұста нағыз қиын уақыт осы болғандай көрінді. Себебі, «үйсіз-күйсіз өмір бойы қиналып жүремін бе?!» деген ой кім-кімді болмасын мазалайтыны анық. Дегенмен, қазір түйткілдің түйіні тарқатыла бастағандай.

Иә, қаламызда іргетасы қаланған, қабырғасы көтерілген, шатыры жабылған тұрғын үй құрылысының жаппай жүргізілуі көңіл қуантып келеді. Бұл, әрине, «халықтың әл-ауқатының артуы – мемлекет дамуының негізі» деп санаған халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуды басты назарға қойған мемлекеттік мүдденің шапағаты. Бүгінде межелеген міндет пен жүктелген тапсырманы жүзеге асыру барысында қаламыздағы тұрғын үй мәселесін құнттауда жергілікті басшылықтың қызметі тыңғылықты.  

Қызылордада тұрғын үй құрылысы қызу жүріп жатыр. Оған дәлел де келтіріп керегі жоқ секілді. Себебі, облыстың көлемі жылдамдықпен жүйткіген күйі ұлғаюда. Сонау уақытқа емес, тіпті алдыңғы жылдарға қарағанда аймақта тұрғын үй мәселесінде өзектілік жоқ деуге болады. Өйткені, өңірде мектеп, балабақша, дүкен-дүңгіршектермен қатар тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Әрине, бұған бөркімізді жоғары лақтыратынымыз анық. Өткен жылы аймақ бойынша 197 нысанның құрылысы қарқын алып, жалпы орындалған жұмыс көлемі 291 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Қызылорда республика көлемінде көш бастап келеді. Нәтижесінде, соңғы екі жылда 20 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесі шешімі тапқан.

Осы тұрғыда, күні кеше барып, көзімізбен шолып қайтқан тұрғын үй құрылысын айтсақ болады. Иә, осыдан бірнеше жыл бұрын салынып басталған қаламыздың сол жағалауындағы тұрғын үйлер әлі де бой көтеруде. Жасыратыны жоқ, әсем қалыпқа ене бастаған сол жақ жағалау мекені осы жаппай салынып жатқан үйлердің сыртқы көрінісімен көркейіп тұр. Бұл істе жергілікті басшылықтың мықтап кіріскенін байқауға болады. Себебі, қазіргі уақытта белгіленген жерге салыну керек бірнеше үйдің құрылысы тек бір мердігер мекемесіне ғана жүктелмейді. Яғни, берілген аймақ бойынша 10 тұрғын үй құрылысы 8 мердігер мекемесіне жүктелген. Аталған 10 тұрғын үй құрылысы бойынша 400 пәтер салынып, жалпы жоба құны 8,9 млрд теңгені құрайды. Соған сай, 2024 жылы мердігер мекеме «Авангард ПГС» ЖШС-не сол жақ жағалау бөлігіне 40 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үй нысаны бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу тапсырылып, бүгінгі күні ол құрылыс нысаны аяқталуға жақын.

Міне, осы үйлердің сапасы мен көлемін, сыйымдылығын көру мақсатында барған болатынбыз. Расында да, ғимараттың сыртқы келбеті қаламыздың архитектуралық кескініне сай қапталып, толықтай іші-сырты аяқталған. Қауіпсіздік мақсатында аталған тұрғын үйге бейнебақылау және есігіне домофон құрылғысы да орнатылған.

— Келісімшарт негізінде екі тұрғын үй құрылысын жүргіземіз. Айта кетейік, 40 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үй құрылысы деп отырғанымыз, яғни 5 қабатты бір үйде екі кіру есігі орналасқан және онда екі-үш бөлмелі пәтерлер. Аталған нысанға құрылыстың сапалы жүргізілуі және жауапты тұлғалардың жұмыстары бойынша күнделікті бақылауда болады. Бекітілген кестеге сай жұмыс жүргіземіз. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарына 50-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Бөлінген қаржы толықтай игеріліп, қазіргі уақытта ғимараттың ішкі жұмыстарына көңіл бөлінуде. Нақтылай кетсем, еден төсеніштері жайылып, бөлмеаралық ішке есіктер орнатылып, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, тұрғын үйге ішкі газ, су, жылу, электр және байланыс жүйелері де қарастырылған. Бұл аталған, яғни біздің құзырымыздағы нысанды ағымдағы жылдың шілде айының аяғында тапсыру жоспарлануда, — деді мердігер мекеме «Авангард ПГС» ЖШС директорының орынбасары Ғалымжан Жаңабергенұлы.

Ғимараттың жалпы ауданы 2890,5 шаршы метр болса, пәтерлердің ауданы – 1457,6 шаршы метр. Ал 2 бөлмелік пәтерден 10 данасы, 3 бөлмеліктен 30 данасы салынған. Бүгінде аталмыш нысанның ішкі-сыртқы жұмыстары аяқталғанымен, жол, көлік тұрағы, балалар алаңының аяқталуы басқа мердігерлер құзырында екен. Дегенмен, бұл мердігер мекеменің тыңғылықты жұмысын көріп қуанып қалдық, себебі бұның алдында қаламыздағы Неке сарайы және бірнеше мектеп, балабақша секілді құрылыс нысандарын аяқтаған. Осыдан халықтың игілігіне деп жүрген тәжірибесі мол, жұмысына ұқыпты мердігер мекеме екенін байқауға болады.

Осы тұста, қаламызда құрылыс саласы бұрын-соңды болмаған серпінмен дамып, өңіріміз түбегейлі өзгеріп, жанаша келбетке бет алды деп айтсақ да болады. Шаһардағы баспана салу жайы әлі жалғасатыны анық. Бұған халық та дән риза көрінеді. Иә, тұрғын үйлер құрылысы, сапасы, архитектурасы заман талабына сай келеді. Жаңа үйлер – бұл тек баспана ғана емес, тұтас бір отбасының жылу мекені, болашақ ұрпақтың қонысы. Сондықтан, жаңа үйдің құрылысы – жаңа өмірдің сапасы. Тек осы қарқын сақталса дейміз.

Оразкүл Бақытжанқызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: