Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Наурыз мейрамы: тоғыз жаңалық

20.03.2025, 7:00 63

Наурыз мейрамының тарихын зерттеу барысында, 2009 жылы мейрамды жаңаша тойлау нұсқасы ретінде 9 күндік «Наурыз-фест» жобасы жасақталды және 2011 жылы «Нау мен ырыс» кітабы жарыққа шықты. Осы зерттеулерге тән басты ашылымдарды жариялаудың сәті түсті. Бұл мақалаға арқау ретінде тоғыз ғылыми жаңалықты жариялап отырмыз.

1-жаңалық.

Наурыздың  тарихи  куәлігі!

Шамамен 5000 жыл бұрынғы Алматының солтұс-батысындағы 170 шақырым жерде Аңырақай жотасы тауындағы жартаста қашал­ған ежелгі бітік-суреттер. Онда жер бетілік мақұлықтардан бірнеше есе ірі екі кейіп бейнеленіпті: оң жағында күндидарлы тұлға бері қарап тұр, бұл «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш болса керек, оның сол жағында әрі қарап, түндидарлы Іңір (іңір – бұл қазақтарда күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған); олардың орта­сында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр жылының төрт маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайы­лып тұр, ал оның сол жағында семіз де мүйізі қара­ғайдай ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түскен, ауру да көтерем сиыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз және қыс.

Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейне­сіндегі  он  екі адам билеп жүр. Он екі бейне мүшелдік, бәлкім он екі ай бейнесі немесе 12 шоқжұлдыз болуы ықтимал. Бұл – ежелгі наурыз  мейрамының рәсімі, жоралғысы! Бұл – Сиыр жылының наурызын мейрамдау көрінісі! Бұл петроглиф Күн мен Түннің теңесу сәтімен бірге  мүшелдік  Жыл  басын  сурттеп  тұр.

Бұған  дейін  парсыға теңеліп келген Наурыз  мейрамы бірнеше мыңжылдыққа тартатын мына тас куәлігі арқылы жалпыадамзаттық құндылық екенін сөзсіз аңғартады. Бұған қоса түркі халықтарының танымы мен этнографиялық түсінігіне толығымен сәйкесіп тұр­ғаны  және  бар.

2-жаңалық.

Наурызбөрік та­был­ды!

Бұл бөрік ресейлік баскиімдер сайтында орыстың ұлттық баскиімінің тізімінде жүр, бірақ атауы – Наурыз!

Наурызбөрік сипаты: бөріктің бір түріне жатқызуға болғанымен, негізі қалпақ пен бөрікті біріктіріп тіккен; қалпақ айырқалпаққа жақын болғанымен, тілігі жоқ, бірақ жоғары қараған тілшесі бар және жиегін асыл тастармен әшекейлеген; бөрік етегі бағалы терімен көмкерілген. Бұл – баскиім емес, Нау­рыз мейра­мына  арналған  арнайы  костюмнің  бір  бөлігі. Мұндағы  қалпақ – айдың нышаны да, бөрік – күннің нышаны. Қысқасы, Ай мен Күннің, Күнек пен Түнектің бірлескенін, теңес­кенін білдіреді. Аталмыш баскиім Алтын­орда дәуірінде Наурыз мейрамында киген ақсүйектердің  әшекейінің  жұрнағы  болса  керек.

Наурызбөрік суреті орыс киімдерінің сайтынан  алынды.

3-жаңалық.

Наурызқалпақ табылды!

Алтынордалық нау­рызқалпақ. Орыс­тар­дың ұлттық бас киімдерінің  арасында  жүр.

Наурызқалпақ сипа­ты: қалпақтың төбе­сі екі жолақтың араласа тігілуінен құ­ралады; көктүсті жолақ – аспан, топырақ­түсті жолақ – жерді білдіреді. Айыр қалпақтың екі бөлектенген етегі Айдың бейнесін береді, оның бетіне айқыш/крест кестеленген, бұл – Күннің таңбасы. Ай мен Күннің бірігуі астрономиялық Күндіз  бен  Түндіздің  теңесуін  нұсқайды.

Аталмыш баскиім Алтынорда дәуірінен қалған орыс ерлерінің баскиімі тізімінде суреті­мен жүр. Киген адамның суреті де қыпшақ екенін оның көкке ширатылған мұрты  байқатып  тұр.

Қалпақ суреті орыс киімдерінің сайтынан алынды.

4-жаңалық.

Хан  ордасындағы  көрісу.

Бұл – ағылшын этног­раф-суретшісінің салған суреті. (Әбілқайыр ханның ордасындағы Көрісу ғұрпы. 1736 жылдың жазы. Жем-Ембі өзенінің бойы. * Сатаев А. «В лебедей не стреляют». – А.: Қайнар, 2011).

Қазақ халқы көрісу ғұрпын тек қана Наурыз мейрамына телімеген екен. Бұған айғақ, 1736 жылдың маусым-­шілде аралығында Арал теңізі, Жайық өзендерінің төңірегін зерттеп, Әбілқайыр ханның ордасында болып, бір­неше сурет жыйдасын салған Дж. Кестелдің екі ер адамның көрісу ғұрпын бейнелейтін суреті. Бұл сурет салынған уақыт –  наурыз айы емес, маусым-шілде айла­ры деп нақты көрсетілген. Менің шама­лауымша,  бұл маусым  айының  ең ұзақ күні 21-22-сі күндері сияқты. Бұл күн бүгін­де қазақта ұмытылған, жалпытүркілік «Сабатой» аталған жазғы мерекесі қарсаңы болар. Соның жоралғысына суретші сәйкес келген болуы ықтимал. Бұл да айтулы мереке, оны бүгінде саха-якуттар «Ысыах» атайды және өздерінің жаңа жылы ретінде атап өтеді. Бұл суретке қарағанда көрісуді бір ғана Наурыз мейрамына байлау артық, ендеше бұл ғұрып жыл бойындағы Күн мен Түннің арбасуына сәйкес  келетін  басқа мезгілдік мейрамдарға да  тән  болғаны.

5-жаңалық.

Көрісу  ғұрпына – 5000  жыл!

Шамамен 5000 жыл бұрынғы Алматының солтұс-батысындағы 170 шақырым жерде­гі Аңырақай жотасын­дағы Таңбалы жартас­та қашалған ежелгі суреттер. Бұнда «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш пен түндидарлы Іңір; толық сипаттамасы жоғарыда  келтірілді.

Бұлар бір-біріне құшақ жая көрісу ғұрпын жасап тұр. Бұл – ежелгі наурыз мейрамының рәсімі, жоралғысы. Бұл – Күн мен Түннің теңесу қарсаңындағы ғаламдық үйлесімді паш ету  салтанаты.

6-жаңалық.

Алтыбақан – үйлесім  тербелгісі  (маятник).

Алтыбақан – ойын емес, өйткені мұнда ойын­ға  тән  ереже жоқ. Бірақ 7 сырықтан тұратын  атрибуты  бар.

Жалпы, алты бақанды тігінен үш-үштен бастарын байлау мен жетіншісін олардың бастарын қосуға пайдалануда үлкен космогониялық таным жатыр. Бұл рәсімде ежелгі ғалам­ның пайда болу құбылысы орын тапқандай, бізге  жеткен  әпсаналар бойынша алты күн ішінде жеті планета жаралды емес пе?! Ендеше, алты бақанымыз – ғаламның жасам­паз  алты күні де, сырық санының жетеу болуы – әуелгі жеті планета құрметіне деген нышан. Көлденең тартылған жетінші сырық – Күннің белгісі, ол сәулесімен Күн жүйесін жарықтандырып, біріктіріп тұрады. Ал, бұларға бекітілген әткеншек – Тәңір-Іңір дуализмінің үйлесімін паш етуге арналған қондырғы! Тәжіктер секілді, жылына бір рет келетін мерекесінде корейлер де қыздарын әткеншек тептіретін салты бар. Алайда, бұлардың  алтыбақандық  атрибуты  кездеспейді.

Оның үстіне, қазақтарда алтыбақанды күн батуға дейін құрып бітіреді де, оны тебу салтанатын күн батқан соң бастап, таң атқанша жалғастыру рәсімі бар. Бұл дегеніміз – Жаманатқа, Түнекке ырық бермеу ниетінің көрінісі, әрекеті,  жоралғысы.

7-жаңалық.

Бастаңғы – бас таңды қарсы алу.

Жиналған этнографиялық және тарихи дерек­терге қарағанда, советтік этнография ғылымы қалыптастырған кейбір ұғымда басқаша мазмұны болғанын аңғаруға тиіспіз. Сол совет ғылымы қалыптастырған анық­тама бойын­ша: Бастаңғы – қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі; Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, Бастаңғы жаса­лады, – делінеді.

Шын мәнінде бастаңғы сөзінің өзі «бас таң» деген тіркестен туындап тұр. Ал жылдың бас таңы жыл басында ғана болады.

Бұл бас таңды Квинтий Руфтың жазуы бо­йынша, сақтар 365 бозбалаға қызыл мауыты кигізіп қарсы алса, таң атып келе жатқанда ғұндар 9 күй тартқызған. Ал этнограф Жағда Бабалықұлының хабарлауына қарағанда бас таңды ғұндар да қарсы алған, олар бұл іс-шара кезінде 365 күй тартқан көрінеді. Ал Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әлемі» кітабында таңды ұйық­тамай қарсы алатыны, таң ата бастағанда асау тайыншаға неше түрлі даңғырлақ нәрселерді байлап, оны үркітіп қарсы алатыны жазыл­ған. Яғни бас таңды қарсы алуға екі басты әрекет: бірі – ұйықтамай қарсы алу; екіншісі – таң ата бастағанда әлдебір ерекше әрекет істеп, қызыл бояумен – қызыл мауыты киген балалармен, ән-күймен – 9 күймен болмаса түрлі дыбыс шығарып,  азан-қазан  етіп  дүниені  оятып қарсы  алу.

Бұдан басқа түні бойы қариялар «Белкөтерер» аталған дастарқан басында, жігіттер мен ер кісілер «селтеткізер» аталған сыйлық әзірлеп сүйген жарларына дайындаса, қыз-келіншек жағы «ұйқыашар» аталған арнайы дәммен дастарқан жасап, жігіттерді қарсы алған. Ересектерде осылай оңаша отырыс кейін жыл бойы болса, оны сол дағдымен «бастаңғы» атап кеткен.

8-жаңалық.

Жолтерек.

Қазақ наурыз­дамасының ғана емес, руханияты­ның бұл басты атрибуттарының бірі – жолтерек немесе бәйтерек. Бұл – тілек тілеу­дегі басты тірек болған материалдық игіліктің бірі. Оны йол, жол немесе жолтерек, аңыздарда бәйтерек атап келген. Бұл турасында арнайы зерттеу  мақаламыз  бар.

9-жаңалық.

Жеті  тілек

Наурыз мейрамындағы бас таңды қарсы алардағы жарқын ғұрып – Жолтерек түбінде тіленетін жеті тілек:

1. Көк айырылып, Күн шық!

2. Тас жарылып, су шық!

3. Жер жарылып, шөп шық!

4. Қуыс керіліп, жел шық!

5. Желін жарылып, сүт шық!

6. Жақ жарылып, сөз шық!

7. Жатыр жарылып, төл шық!

Жаңа жылды қарсы алу кезіндегі бұл жарқын іс-шара мен жеті тілекті бізге жеткізген кісі – Нұрлыбек Амандәулетұлы Қалауов, ақын, драматург, өнер зерттеуші.

Серік  ЕРҒАЛИ,

мәдениетанушы

Суреттер ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: