Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Салт-дәстүр – сан ғасырлық мұра

18.03.2025, 9:15 51

HALYQLINE.KZ

Кеше Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Наурызнама онкүнгінің «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне» орай «Салт-дәстүр – сан ғасырлық мұра» атты ауылдық клуб және мәдениет үйлері арасындағы аудандық фестиваль өтті. Мерекелік іс-шараға Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, ардагер әкелер мен ақ жаулықты аналар және ауыл тұрғындары қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ресми парақшасында ақпарат жариялады.

Фестиваль басында аудан басшысы мәдениет үйінің фойесіндегі «Қолөнер – халқымыздың асыл мұрасы» атты қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесімен танысты.

Жиналған көпшілікті аудан әкімі мерекемен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі бекітілді. Осы онкүндік тойдың бүгінгі күні ұлтымыздың мәдениеті мен салт-дәстүріне арналып отыр. Қазақ зиялысы Мұхтар Әуезовтың «Халықтың мәдениеті өскен сайын – оның рухани өмірі де гүлденеді» деген сөзінен өркениеттің бірден-бір бастауы мәдениет екенін түсінеміз. Мәдениет – ұлттың рухани қазынасы, ал салт-дәстүр – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру дағдысы мен ұлы мұрасы. Тарихтың тереңінен тамыр тартқан ұлттық құндылықтарымыз – тіліміз, дініміз, өнеріміз, әдет-ғұрпымыз ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіліп, бүгінге жетті. Әз-Наурыз – ұлттық мәдениетіміздің айшықты мейрамы. Қазақтың кең дастарқаны жайылып, үлкендер бата береді, ұлттық ойындар ойналып, өнер көрсетіледі. Мұның бәрі – дәстүрлеріміздің ұмытылмай, жаңа буынға жетуі үшін жасалған игі қадамдар. Мәдениет және салт-дәстүр күні – ата-бабамыздан мұра болып қалған рухани құндылықтарды жаңғыртып, ұлттық мәдениетімізді дәріптейтін ерекше сәт. Қазақ халқының бай дәстүрі, әдет-ғұрпы өзіне тән ерекшелігімен айқындалып, біздің өміріміздің мән-мағынасын терең түсінуге мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – сол салт-дәстүрлерімізді сақтау, келер ұрпаққа насихаттау және жаңғырту. Бүгінгі мейрам баршаңызға құт-береке, ізгілік пен молшылық әкелсін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Фестиваль барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпының мәнін ұғындыратын қойылымдар сахналанып, жиналған жұртшылыққа ерекше рухани әсер сыйлады. Атап айтқанда, «Алтын кереге» тобы «Бесікке салу» рәсімін, «Ақ босаға» тобы «Тұсаукесер» рәсімін, «Шаңырақ» тобы «Қыз ұзату» салтын, «Дәстүр шуағы» тобы «Беташар» салтын және «Қазына» тобы «Селтеткізер» мен «Ұйқыашар» салтын сахналық қойылым арқылы қалың көрерменге жеткізе білді.

Мерекелі іс-шара қорытындысында барлық топ аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, «Абзал және К» толық серіктестігінің атынан қаржылай сыйлыққа ие болды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: