Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыстық байқау жеңімпаздары марапатталды

10.11.2026, 9:25 21

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ұлт ұстазы, көрнекті ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ағартушы мұрасы – жастар көзімен» атты облыстық шығармашылық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін байқау белгілі педагог, журналист, қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалқабай Әбенов атындағы «Сыр журналистикасы» қоғамдық қорының бастамасымен, «Сыр медиа» ЖШС, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қолдауымен ұйымдастырылып келеді.

Шығармашылық жобаның негізгі мақсаты – жастардың ізденісі мен шығармашылық қабілетін дамыту, ұлттық руханиятты дәріптеу, тарихи тұлғалардың өнегелі өмірі мен мол мұрасын жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау.

Салтанатты шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Руслан Каюпов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Уалихан Ибраев, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, Қалқабай Әбеновтің туған-туыстары, байқауға қатысушылар мен студенттер қатысты.

Салтанатты жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Руслан Каюпов облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың арнайы Құттықтауын Әбеновтер отбасына табыстады.

«Қазақ журналистикасының тарихында Сыр бойының шежірелі шындығын сөйлетіп, елдік мүддені ту еткен ата басылым – «Сыр бойы» газетінің орны айрықша. Газеттің қалыптасу жолы – тұтас бір өңірдің қоғамдық ойы мен рухани өмірінің тарихы. Ал осы тарихтың жарқын беттерінде қаламымен елге қызмет етіп, қайраткерлігімен құрметке бөленген Қалқабай Әбеновтің есімі айрықша аталады. Белгілі педагог, журналист, қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалқабай Әбенов – ғұмырын ел игілігіне, қаламын халық мүддесіне арнаған бірегей тұлға. Қаламның қуаты кемел ойдан, сөздің салмағы азаматтық ұстанымнан басталады. Ендеше, бүгінгі байқау жеңімпаздары мен қатысушылары Қалқабай Әбенов сынды аға буын өкілдерінің өнегесін жалғап, Сыр журналистикасының абыройын асқақтата береді деп сенемін», – деді Руслан Мұхамедәліұлы.

Биылғы шығармашылық байқау «Сараптамалық мақала» және «Бейнематериал» атты екі номинация бойынша ұйымдастырылды. Облыстағы жоғары оқу орындарының студенттерінен 100-ден астам жұмыс қабылданды.

Қатысушылар өз шығармаларында ұлы ағартушының өмір жолын, педагогикалық көзқарастарын, халықты білімге үндеген еңбектерін және оның рухани мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңызын арқау етті.

Салтанатты рәсім соңында байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мен қонақтар қатысушыларға алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Тағылымды шара ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық мұрасын насихаттаумен қатар, Қалқабай Әбеновтің өнегелі өмір жолы мен ел руханиятына сіңірген еңбегін жас ұрпаққа үлгі етуді мақсат етті.

Сонымен бірге, жастардың бойында отаншылдық, жауапкершілік, адалдық құндылықтарын қалыптастыруға, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын дәріптеуге бағытталған маңызды рухани-танымдық алаңға айналды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: