Кеше Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов көрнекті мемлекет қайраткері, танымал дипломат, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Дархан Әлиұлы Бердалиевтің анасы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Лиза Кәрімқызымен кездесті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Кездесу барысында аудан басшысы ардақты анаға құрмет көрсетіп, иығына қазақы дәстүрге сай камзол жауып, гүл шоқтарын табыстады. Өз кезегінде Лиза Кәрімқызы аудан басшысына ризашылығын білдіріп, қазыналы ауданда атқарылып жатқан игі жұмыстарға сәттілік тіледі.
Кездесуде ел тарихында өзіндік орны бар тұлға Дархан Бердалиевтің өмір жолы мен дипломатиялық қызметі, туған жеріне сіңірген еңбегі кеңінен сөз болды.
Дархан Әлиұлы Бердалиев – тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты мен дипломатиялық байланыстарының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті дипломат. 1963 жылы 15 желтоқсанда дүниеге келген ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика факультетін тамамдап, еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Кейін Мәскеудегі КСРО Дипломатиялық академиясында білім алып, кәсіби дипломатия саласына бет бұрды.
Еңбек жолында Алматы-Сеул инвестиция агенттігінің президенті, Қазақстанның АҚШ-тағы Сауда-экономикалық өкілдігінің жауапты қызметкері, Сыртқы істер министрлігінде департамент директоры, Чехия Республикасындағы дипломатиялық қызметкер, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі секілді жауапты қызметтерді атқарды. Әсіресе 2008-2012 жылдары Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшісі ретінде екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға айрықша үлес қосты. Шетелде жауапты қызметтер атқарған жылдары да туған жерімен байланысын үзбей, ел игілігіне бағытталған көптеген қайырымды істердің бастамашысы болды. Атап айтқанда, Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр мешітінің салынуына қолдау көрсетіп, мешіт алдына арыстандар мүсінін орнатуға демеушілік жасады. Сонымен қатар еліміздегі білім беру ұйымдарын компьютерлермен қамтамасыз етуге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қоларбалар алдыруға ықпал етті. Елге сіңірген еңбегі еленіп, Чехиядағы Масарик атындағы академияның алтын медалімен, Кореядағы Кангнам университетінің құрметті докторы атағымен марапатталған. Сондай-ақ Сеул, Ульсан, Тэгу қалаларының және Қазалы ауданының Құрметті азаматы атанған.
Кездесу барысында Лиза Кәрімқызы аудан әкіміне Дархан Бердалиевтің өмірі мен дипломатиялық қызметіне арналған «Дипломат» атты естелік кітапты табыстады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақ университеті» баспа үйінен жарық көрген бұл еңбекте мемлекет қайраткерінің өмір жолы, дипломатиялық қызметі, елге сіңірген еңбегі мен замандастарының естеліктері кеңінен қамтылған.
Сонымен қатар Лиза Кәрімқызы аудандық музей жанынан Дархан Бердалиевтің өмірі мен қызметіне арналған арнайы бұрыш ашу, оның жеке мұраларын, фотосуреттері мен құжаттарын жинақтап, көпшілік назарына ұсыну жөнінде бірқатар ұсынысын жеткізді.
Аудан әкімі ұсыныстардың маңыздылығын атап өтіп, оларды қолдайтынын жеткізді. Алдағы уақытта Дархан Әлиұлы Бердалиевтің ел алдындағы еңбегін дәріптеу, өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ аудандық музей жанынан арнайы экспозициялық бұрыш ашу мәселесі бойынша жұмыстар қолға алынатынын жеткізді.
Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов та қатысып, Дархан Әлиұлы Бердалиевтің ауданның дамуына қосқан үлесі мен тағылымды істеріне тоқталып, оның ел алдындағы еңбегінің айрықша маңызын атап өтті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!