Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тазалық — иманның жартысы

14.03.2025, 0:15 289

Ежелден қазақ халқы: «Тазалық-саулық негізі, саулық-байлық негізі» — деген қағиданы берік ұстанып, тазалықтың өмірдегі алатын орны мен мәні жоғары болғандықтан, оған ұмтылу әрбір адамның міндеті екенін түсініп, діни әдет ғұрыптар мен ырым-тыйымдарды да тіл мен көзден сақтау мақсатында «тазалық» әрекеттерін жасап отырған.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Анығында Алла тәубе етушілерді және өзін таза ұстаушыларды жақсы көреді», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 222-аят). Алладан берілген баға жетпес нығметі денсаулықты бағалау және оны сақтаудың бірден бір жолы қоршаған ортамыз бен дене мүшеміздің тазалығына мән беру. Өйткені түрлі аурулар, жазылмас індеттер, ең алдымен тазалықтың жоқтығынан, ластықтан пайда болады. Сондықтан да денсаулықты аманат деп үйрететін дініміз мұсылмандарға денесінің, киімінің, құлшылық ететін жерінің әрдайым таза болуын бұйырады.

Ислам діні тазалыққа негізделген дін. Өйткені, мұсылманның құлшылығы өзін таза ұстаудан басталады. Адамзаттың арманы болған жәннәттың кілті намаз болса, намаздың кілті – тазалық. Тазалықтың маңыздылығына аса мән беруіміз қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Намаздың кілті тазалық, оны (намазды) қасиетті құлшылыққа айналдыратын нәрсе – такбир, ал одан шығаратын нәрсе – сәлем» – деген.

Сонымен қатар исламдағы алғашқы түскен бұйрықтардың өзі пайғамбарымызды (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, бүркенген жан! Тұр, халыққа ескерт. Раббыңды ұлықта. Киіміңді таза ұста», – деп ескертуі де адам баласы үшін тазалықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді («Мудассир» сүресі: 1-4 аяттар).
Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы» – деген хадисі арқылы мұсылмандарды тазалыққа жіті мән беруге шақырған. Мұсылманның ең абзал құлшылығы намаз екені баршамызға аян. Сол намаздың дұрыс болуы үшін, денеміз, киіміміз және намаз оқитын жеріміз нәжістен таза болуы шарт. Егер, осы аталған үшеуінің бірі таза болмаса намазымыз да дұрыс болмайды. Сондықтан да, мұсылман адам үшін ең маңызды амал – тазалық.

Қазақ халқы бірінші байлық денсаулық деп денсаулықты күтуге қатты көңіл бөлгені белгілі. Міне сол денсаулықтың мықты болуы да тазалыққа қатысты екенін, «Тазалық – денсаулық кепілі» деген бір ауыз сөзбен білдірген.

Тазалық деген кезде адам баласының ойына бірінші ретте сыртқы тазалық оралады. Осыған байланысты Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) мұсылмандарды өзінің жеке басы, үйі, тіпті қоршаған ортаның да тазалығына мән беруге шақырады. Ислам дінінде жеке бастың тазалығына қатысты өте көп үкімдер айтылған. Сол үшін дәрет алуды, ғұсыл құйынуды әмір етеді. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ғұсыл құйынуға ешқандай себеп болмаған жағдайда да мұсылманның аптада жоқ дегенде бір мәрте жуынуын бұйырған. «Жұма күні жуыну балиғат жасына кірген әрбір азамат үшін сүннет», «Жұма намазына келгендер жуынып келсін» деген хадистерімен дененің тазалығына мән беруді өсиет етеді.

Дінімізде тазалыққа байланысты айтылған осы өсиеттердің бәрі бала тәрбиесіне де қатысты. Осы өсиеттерді басшылыққа ала отырып, ата-ана ретінде балаларымызды да тазалыққа үйретуіміз керек. Сонда ғана олар тазалықты иманның жартысы деп түсініп, осы арқылы мұсылмандық келбеттерін көркейте түседі.

Нұрболат Рахметуллаев,
Қармақшы ауданының бас имамы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: