Ел асып, білім алу – тек жеке тұлғаның ғана емес, тұтас ұлттың өркендеуіне ықпал ететін маңызды қадамдардың бірі. Шетелде білім алу арқылы жастар жаңа білім мен дағдыларды игеріп қана қоймай, өз елінің дамуына да зор үлес қосады. Әлемдік тәжірибені меңгерген, өзге мәдениеттермен етене танысқан жастардың бойында көшбасшылық қасиеттер қалыптасып, олар ғылым мен технология саласында тың бастамаларды қолға алады. Сондықтан да шетелде оқып, ғылым жолына түсу – жас буын үшін де, ел үшін де маңызды мүмкіндік.
Соңғы жылдары Қазақстанға, яғни өз ата қонысына келіп, білім алып жатқан шетелдік студенттердің қатары артып келеді. ТМД елдерінен, сондай-ақ алыс-жақын шет мемлекеттерден келіп, қазақстандық оқу орындарында білім алып жатқан жастар санының көбеюі еліміздің білім беру жүйесінің сапасына және беделіне деген сенімді айғақтайды. Олардың ішінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетін таңдағандар да аз емес. Бұл оқу орны шетелдік студенттер үшін қолайлы жағдай жасап, тегін оқу мүмкіндіктерін ұсынып келеді.
Осы орайда, жуырда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде шетелдік студенттермен маңызды кездесу өтті. Жиынға «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Сағатұлы Дәуренбеков, университеттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-офицері Әлібек Бақытжанұлы және Рекрутинг және мансап бөлімінің басшысы Мырзабай Асқат қатысты. Кездесудің басты мақсаты – шетелдік студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысып, олардың өзекті мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын қарастыру болды.
Кездесу барысында шетелдік студенттер білім алу үдерісінде тап болатын бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салды. Әсіресе, сабақпен қатар жұмыс істеу мүмкіндіктері ерекше назар аударды. Студенттер жұмысқа орналасу жолдары мен заңды тетіктері туралы сұрақтар қойып, нақты кеңестер алды. Партия өкілдері бұл бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заңды жұмыс істеу тәртібі жайында маңызды ақпараттар ұсынды.
– Біздің мақсатымыз – сіздердің құқықтарыңыздың сақталуын қамтамасыз етіп, оқу барысындағы кез келген қиындықтарды шешуге қолдау көрсету. Сіздер ешқашан жалғыз емессіздер, біз әрқашан сіздерге көмек көрсетуге дайынбыз, – деді Нұрбек Сағатұлы.
Сонымен қатар, студенттер медициналық сақтандыру мәселесіне қатысты сауалдарын қойды. Университет өкілдері сақтандыру қызметі туралы мәселені алдағы уақытта түбегейлі шешу үшін жұмыс істейтінін хабардар етті. Бұл бастама студенттердің өз құқықтарын түсініп, медициналық қызметтерді еркін пайдалануына септігін тигізді. Сондай-ақ, жатақхана, тамақтану және көлік мәселелері бойынша да ұсыныстар айтылып, университет әкімшілігі бұл мәселелерді шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Партия тарапынан шетелдік студенттерге көрсетілетін қолдау мүмкіндіктері де назардан тыс қалған жоқ. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының» Қызылорда облыстық филиалы шетелдік студенттердің құқықтарын қорғау бағытында бірқатар бастамаларды қолға алып келеді. Атап айтқанда, партия мамандары тегін семинарлар мен тренингтер ұйымдастырып, құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңестер береді.
Кездесу барысында айтылған ұсыныстардың барлығы да назарға алынып, университет басшылығы оларды шешу жолдарын қарастыратынын мәлімдеді. Шетелдік студенттер өздерін мазалап жүрген сұрақтарын еркін қойып, нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер шетелдік студенттердің жергілікті ортаға бейімделуіне және олардың құқықтарының сақталуына оң ықпал етеді. Қоғамдық ұйымдар мен оқу орындарының өзара байланысы арқылы білім алушылардың мәселелерін шешуге арналған мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының
Баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!