Белгілі ұстаз, Qazbilim жобасының авторы Аятжан Ахметжан буллингтің белең алуына не себеп екенін айтты, – деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Аятжан Ахметжан Семейдегі оқушылардың әлімжеттігі туралы сөз қозғады.
«Мен ол жерден басқа күтпедім, себебі қала әкімі мен білім бөлімінің басшысының мұғалімге әлімжеттік жасап шыршадан ұшып кетіп жараланды ғой мұғалім, көрдіңіздер ме? Дәл сондай оқиғалар тоқтағанда ғана оқушылар арасындағы әлімжеттік те тоқтауы мүмкін», – дейді ол.
– Агрессия агрессияны тудырады. Ауырлау шығар. Бірақ, агрессия агрессияны тудырады. Әкімшіліктің мұғалімге агрессиясы мұғалімнің оқушыға агрессиясын тудырады. Мұғалімнің оқушыға агрессиясы, ата-ананың балаға агрессиясы балалардың жүрегін қатайтады. Бір-біріне агрессиясын тудырады. Үйінде әкесі, шешесі боқтап сөйлейтін, баласының көзінше, әкеден шешеден түсіп, ауыз бармайтын боқтықты айтып отыра беретін отбасының баласы үшін боқтық сөз норма. Боқтық сөз норма бала үшін төбелес те, әлімжеттік те норма. Себебі, балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі, – дейді белгілі ұстаз.
Өнегелі әңгіме аз.
«Қоғамда қатыгездік көп. Өтірік көп, алаяқтық көп. Жемқорлық, ұрлық-қарлық, сыбайластық. Отбасындағы әңгіме де, адамдар ортасындағы әңгіме де осы. Өнегелі әңгіме, үлгі алар оқиға тым аз, аздың өзінің нәсихаты жоқ», – деді ол.
– Ал өнегені қалай көрсетеміз? Тіпті қазір әдебиет те, кино да, өнер де адам тәрбиелеуге ұмтылмау керек. Оның миссиясы ана-мына дейтіндер көбейді. Енді кім, не тәрбиелейді бұл ұрпақты? Ал, тәрбиенің ошағы отбасы мен мектептегі тәрбиені айтсақ, көзді біраз сығымдауға, ашынып аһ ұруға тура келеді. Қоғамдағы әр адам өскінді тәрбиелеуші, – деді Аятжан Ахметжан.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!