Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім беру ұйымдары жұмысы сараланды

27.02.2025, 9:45 62

Басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлының төрағалығымен М. Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары басшыларының қатысуымен алқа өтті.

Мәжілістің күн тәртібінде 2024 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы, «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізуге байланысты шаралар, білім беру мекемелеріндегі балалар құқықтарының қорғалуы, құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ «WorldSkills» талаптарына сай мамандар даярлау мәселелері қаралды.

Жиынды білім басқармасының бөлім басшысы Дәулеталиев Нұрлан Базарғалиұлы өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу аясында жасалған іс-шараларды баяндап, кәсіби білім беру жүйесін дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы жетістіктер мен мәселелерді саралап, алдағы міндеттерді белгіледі.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында ғы балалар құқықтарының қорғалуы болды. Бұл жөнінде Білім басқармасының бөлім басшысы Жүнісова Шолпан Оралбайқызы баяндама жасап, білім беру мекемелерінде зорлық-зомбылықтың, ерте жүктіліктің, суицидтің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Ол оқу орындарында психологиялық қызметтердің жұмысын күшейту, оқушылармен және ата-аналармен тығыз байланыс орнату қажеттігін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу шаралары да талқыланды. Бұл тақырып бойынша басқарманың бөлім басшысы Жаңабергенов Парасат тәртіп бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Ол колледждерде құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жастар арасында қылмысқа қарсы түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті.

Жиында қаралған тағы бір маңызды мәселе – «WorldSkills» талаптарына сай кадрлар даярлау болды. Бұл туралы «Абылай хан» атындағы жоғары колледжінің директоры Дүлдүл Руслан баяндама жасап, қазіргі таңда білікті жұмысшы мамандарды даярлаудағы өзекті мәселелер мен шешу жолдарына тоқталды. Ол халықаралық стандарттарға сай кәсіби дағдыларды дамыту қажеттігін, соның ішінде заманауи жабдықтармен жабдықталған оқу орындарының маңыздылығын атап өтті.

Мұнымен қоса, жиында ағымдағы мәселелер қаралып, қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, білім беру ұйымдарының басшылары ұсыныстарын айтты. Жиналыс қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар беріліп, алдағы жұмыс бағыттары белгіленді.

Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: