Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қажетсіз федерацияларды қашанғы қаржыландыра береміз?

31.10.2024, 11:40 1040

Қит етсе, «реформа жасау керек!» дегенді бәріміз айтамыз, жазамыз. Әрине, сын керек, бірақ ол шын болуы шарт. Соңғы екі Олимпиада ойындарының нәтижесінен соң, спорт саласына түбегейлі өзгеріс керек екені байқалды. Өзгеріс деген не? Басшыны оңды-солды орнынан алып тастау ма? Төртжылдықты түйіндейтін жарыстан соң кінәні кімнен іздерімізді білмей қалдық. Себебі, министр бірнеше рет ауысқан, ешкім жауапкершілікті мойнымен көтергісі келмейді. Қаржы молынан бөлінуде. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Париж олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты. Яғни, еліміз спортшыларды дайындауға көп қаржы бөлетінін, сондықтан халықтың жүлде күтуі заңдылық екенін жеткізген-ді. Президент балалар спортына көңіл бөлуді, спортшы-легионерлерден арылуды да тапсырып, бөлінген қаржы көп болса да, нәтиже аз екенін ескертіп, жауаптылардың жұмысында үйлесімдік жоғына баса назар аударды.

«Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың  халықаралық жарыс­тарда кейбір  спорт  түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Сала­лық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжей­лі талдауы тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Ал оны жүзеге асыру үшін құзыретті министр­лік, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары үйлесімді әрекет етуі керек. Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан іргені аулақ салған жөн» деген мемлекет басшысының  тапсырмасына  да  екі  ай  өтті.

Осы орайда біз Қазақстан Республикасының  Туризм  және спорт министрі Ербол Қуантайұлына арнайы  хат  жолдап,  бірқатар  сұраққа  жауап іздеген едік.

Министрлікке бағытталған сұрақтарда еліміздегі спорттық федерациялардың жай-күйі, саны және оларға қаралған қаржы көлемі жайлы сұраулар болды.

– Қазақстан Республикасы аумағында жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша аккредиттелген 30 спорттық федерация, қысқы олимпиадалық спорт түрлері бойынша аккредиттелген 6 спорттық федерация, олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша аккредиттелген 67 спорттық федерация бар.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы  26 шілдедегі №216 бұйрығымен бекітілген спорт түрлерін саралау қағидалары әрбір соңғы күнтізбелік екі жыл үшін республикалық деңгейде – спорт түрлерінен аккредиттелген республикалық немесе өңірлік спорт федерациялары, өңірлік деңгейде – спорт түрлерінен аккредиттелген жергілікті спорт федерациялары (аккредиттелген жергілікті спорт федерациясы болмаған жағдайда аккредиттелген республикалық немесе өңірлік спорт федерациясы) жүзеге асырады. Осы қағидалар бойынша үш топқа бөлінеді:

«А» тобы – саралау қорытындылары бойынша ең жоғары балл жинаған дамыған спорт түрлері;

«В» тобы – саралау қорытындылары бойынша орташа балл жинаған, әлеуетке ие спорт түрлері;

«С» тобы – саралау қорытындылары бойынша төмен балл жинаған, төмен әлеуетке ие спорт  түрлері, – деп жауап берді министрлік.

Әлеуметтік желілерде осыған дейін елімізде қажеті  шамалы  спорт  федерациялары  көп екені, оларға мемлекеттен қаржы қаралатыны туралы ақпарат тараған болатын. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мәселенің мән-жайын былайша тарқатты.

– Белбеу күресі және спорттық балық аулау «В» тобында, ал пилондағы спорт, пенчак силат, ушу «С» тобында болғандықтан республикалық және халықаралық іс-шараларға қатысу үшін 2024 жылы Дирекция есебінен қаражат қарастырылған.

– Пилондағы спорт – 374 700 теңге бөлінді, 1 Қазақстан Республикасының чемпионаты.

– Пенчак силат – 3 587 770 теңге бөлінді,  3 республикалық және 1 халықаралық жарыс.

– Ушу – 3 542 112 теңге бөлінді,  3 республикалық жарыс.

– Спорттық балық аулау спорт түріне қаражат қарастырылмаған.

Сонымен қатар, татардың белбеу күресі (корэш) спорт түрі ҚР аумағында аккредиттелмеген, – деп жауап қатты.

Республикалық және өңірлік аккредиттелген спорт федерацияларының тізімімен «Ашық деректер порталында» танысып шықтық. Шыны керек, атын мүлде естімеген спорттық федерациялар толып жүр. Тиісінше, кейбіріне қаржы бөлінгені де анық.

«БАҚ-та «Астана» футбол клубының соңғы  5 жылда легионерлерге 50 млрд теңге жұмсағаны жайлы дерек бар. Мемлекет басшысы да Жолдауда легионерлерге ақша бөлуді азайту керегін, шетелден мықты жаттықтырушы-бапкерлерді тартуды тапсырды. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?» деген сауалға да жауап дайын.

«Астана» футбол клубы» жеке клубының ақпаратына сәйкес, «Самрұқ-қазына» АҚ тарапынан легионерлерге 2020 жылы  3 574 626 888 теңге, 2021 жылы 3 766 460 266 теңге, 2022 жылы 1 824 428 244 теңге, 2023 жылы 2 168 352 776 теңге  қаражат  бөлініпті.

Сонымен қатар, шетелден мықты жаттықтырушы-бапкерлерді  тарту  бойынша республикалық  аккредиттелген  спорт федерациялары  тарапынан  жұмыстар жүргізілген.

Елдің спорт саласында жемқорлық оқиғалары көп кездеседі, ол жасыратын оқиға емес. Жауаптылар саланы дамытуды емес, ақшаны игерумен әлек. Бұл да – жолдаудан туындаған мәселе.

«Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп әрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ деп санаймын. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды!» деген президент сөзі бойынша әлі нақты жұмыстардың басталмағаны белгілі болып отыр.

Елімізде қажетсіз спорт федерациялары жыл сайын көбейіп келеді. Оның тізімінде ресми тіркелгені мен тіркелмегені тағы бар. Қомақты қаржы қаралғаны да, соқыр тиын төленбегені де табылады. Сол секілді ТОП-10 әрі олимпиадалық спортқа кіретін бокс, күрес секілді спорттарға бөлінетін қаржыда есеп жоқ, нәтиже де көп болмай отыр.

Ш.ШАТҚАЛ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: