Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Синглизм: сергелдеңге түскен серілер

17.10.2024, 11:00 335

Елімізде 2 миллионға жуық сүрбойдақтың бары белгілі. Басым бөлігі Түркістан және Алматы облысында тұрады екен. Тіпті, олар тұрмыс құрмаған қыздарға қарағанда көп. Бірақ, назар аударатын мәселе бұл емес. Қоғамда басы бостарды шеттетудің қалыпқа айналып кеткені қынжылтады. Мұны  синглизм  дейді. Шаңырақ құрған адамның бала-шағасы бары ескеріліп, уақытын үнемдеу үрдіске айналған, ал бойдақтар ше? Олар отбасылы болмаған соң, қолы да бос көрінеді. «Балағыңа жармасқан бала жоқ» деген сірескен стереотип тағы бар. Теңін таппағанын кемдік көру қаншалықты дұрыс? Ал, жалғызбастылардың  жазығы  неде?

ДИСКРИМИНАЦИЯ  һәм  ДӘРМЕНСІЗДІК

Алдымен баспанадан бастайық. Өздігінен бөлек шығуға бекінген немесе белгілі себеппен өзге қалаға ат басын бұрған адам жайлы қоныс іздейді. Бірақ, пәтерін жалға берушілердің біразы отбасылы жандардың ұсынысын қабылдайды. Бұл үйреншікті жайт. Өйткені, бойдақтар ережені ескермей, үй ішінде у-шуды көбейтуі мүмкін. Осы тұста, Эльмира есімді пәтерді жалға берушімен байланысып, сұрағымызды  қойдық.

– Иә, көбіне отбасылы адамға үй бергенді құп көремін. Кейде ер адамдар пәтер ақысына селқос қарап, ақшасын жара­тып тастауы мүмкін. Мұндайда әйелі қаржы жағын реттеп, мерзімінен кешіктірмеуге тырысады. Екінші жағынан тәртіпті жақсы көретін адаммын. Бойдақ болған соң, жолдастарын жинап, көңіл көтеруі мүмкін. Кейде жолдастың да арасында түсінбестік туындап жатады ғой, соңы жанжалға ұласып, төбелеспен аяқталғанын қаламаймын. Негізі кейбірі студенттерге пәтерді жалға береді. Бәлкім, естияр дейтін болар. Өйткені, отба­сылы болса, балалары қабырғаларды бүлдіріп, үй ішін ластайды дегенді алға тартады. Алдын ала келісіп аламыз, егер ұнамаса пәтерді жалға алатын адам табылады, – дейді  ол.

Барлық адамның құқығы бірдей. Соған қарамастан жұмыс барысында қапы қалатын сәттер аз емес. Мұны көбі іштей мойындайтын шығар. Әсіресе, басы бостар осы мәселеге қатысты қынжылысын білдіреді. Яғни, «сені күтіп отырған отбасың жоқ» сынды желеумен, үстеме жұмысты бойдаққа артып қояды. Әрине, бұған діңкесі құрып, сүрнігіп құламайтыны анық. Десе де, олар  басқа себебін  меңзейді.

– Қандай да бір істі жүктесе, тапсыр­са, орындауға тырысамын. Бірақ, сол тапсырманы берердегі сөз маған ұнамайды. «Көлігің бар ғой, анда бара сал, мынаны реттей сал» дейді. Одан қалды отбасылы адамның кейбір жұмысын атқаруға көмектесуімді сұрайды. Жеке уақытымды қадірлемейді. Бойдақ екенім рас, сонда да айналысатын басқа да тірлігім бар. Мүмкін, қосымша жұмыс істейтін шығармын. Тіпті, жиын-жиналысқа да бойдақтарды жібереді. Сонда отбасын құрмағаныма  кінәлімін  бе  деп  қаламын.

Сонымен қатар, «қашан үйленесің?» деп сұрақ қоятындарға таңғаламын. Бір рет сұраса ештеңе етпес. Көрген сайын осы сұрақпен мазалап, тіпті, себебіне дейін білгісі келеді. Мейлі, мен отбасын құрдым делік, сол сұрақты жаңбырша жаудырған адамдарға әсер ете ме екен? Әлде шаңырағымда мәселе туындаса, солар келіп шешіп бере ме? Үйлену – тез қабылдайтын шешім емес. Қазір «той қашан?» дейтіндерге «бүгін кеш болып қалды, ертең үйленемін» деп әзіл аралас жауап беретін болдым, – деп күлді есімін өзгертуді  сұраған  Еркебұлан.

Ал әлеуметтанушы Мақпал Сызды­қова біздегі менталитет басқа екенін айта­ды.

– Үлкендердің жұмысын жастар істеп жүр. Техника тілін білмеу сынды себептермен кей жұмысты жас мамандарға артатыны жасырын емес. Басы бостарға да жүктелетін іс жоқ деп айта алмаймыз. Әркімнің өз уақыты, жұмысы, соған сай алатын еңбекақысы бар. Бірақ, менталитетіміз бөлек. Үлкенді сыйлауды алдыңғы орынға қоямыз. Шынымен де, «отбасылы адам ғой, балаларына қарасын, уақытылы үлгеріп тамағын берсін, сабағын оқытсын» деп алаң боламыз. Десек те, жұмыс барысында отбасылы немесе бойдақ деп бөлу дұрыс емес. Бір-бірінің уақыты мен еңбегін сыйлау керек, – дейді  ол.

Ал, үйленбегені үшін салық төлеу ше? Кеңестік кезеңде бойдақтар жалақысының 6 пайызын салыққа беруге мәжбүр болған. Кейінгі жылдары да «бір облыс­тың халқы бойдақ жүр» деп демографтар салықты қайта енгізуді ұсынған бола­тын. Бірақ, қоғам пікірі қақ жарылып, бірі қолдап, бірі наразылығын білдірді.

БАҚЫТТЫ  ОТБАСЫНЫҢ  РӨЛІ ҚАНША  ТҰРАДЫ?

Жалпы, жастардың отбасылы болуға асықпау себебін әркім өзінше болжайды. Расымен де, әрқайсысының себебі әртүрлі.

– Қазір сүрбойдақтың саны көп. Пәнімізде отбасы әлеуметтануы деген тақырып бар. Сабақ барысында студенттерден «ер балаларға отбасын құру үшін қай жас қалыпты?» деп сұрадым. Барлығы 25 жастан жоғары, 30 жас дейді. Кейбірі материалдық жағдайды жақсартып алғаннан кейін ғана отау құрған дұрыс деп есептейді. Бұл жағынан қыздар да айлық табыс­тың 300-400 мың теңгеден кем болмауын, жігіттің өзін асырау керегін айтады. Біздің балалық шағымыз тоқырау заманында өтті. Қиындықты білдік, жоқтықтың не екенін көрдік. Материалдық жағдайға қарамай, айлық табысты сұрамадық та. Ал, қазір жастар отбасын құрарда қиындық көруге қорқатын шығар. Сондықтан, барлығы жақсы болғанын  қалайды.

Әлеуметтік желінің де әсері жоқ дей алмаймыз. Түрлі тренинг, ақыл айтқыш психолог-коучтар да бар. Сабағына мән берсең, біз ұғымынан гөрі мен дегенді көп айтады. Адамдардың жеке менін қалып­тастырады. Әрине, бұл дұрыс бағытта болса ғана жақсы. Сондықтан, ой елегінен өткізу маңызды. «Менің шекарам», «менің қалауым», «менің талғамым» деп өзімшілдікке ұрынады. Салдарынан қоғамда ажырасу көп. Оны көрген жастар отбасын құруға асықпайды. Өзде­рін әбден дайындап, материал­дық жағдайын жасауға және екінші жарты­сын тауып, оны түсінуге тырысатыны содан, – дейді әлеуметтанушы Мақпал  Сыздықова.

Жалғызбастылардың жағдайы жа­һанға да таңсық емес. Дерекке сүйенсек, әлемде 2 миллиард 100 млн адам жалғыз тұрады екен. Енді мына себепке назар аударайық. Басы бос адамдардың 89 па­йы­зы жігіт немесе қызбен кездесуге ұялатын  көрінеді.

Бір қызығы, отбасын жалға алуға да болады екен. Яғни, Жапонияда жалғыз­басты адамдар осы қызметке жүгініп, арнайы адам жалдап, өзгелерге отбасым деп таныстырады екен. Бақытты жанұяның рөліне ақша шашуға әзір. Дерекке сүйенсек, құны 200 долларды құрайды. Ал, бұл қызметті ұсынатын фирмаға ай сайын 250 өтініш түсіп тұрады екен. Мұндай әдіс жалғызбастыларға өздерін қоғамның толық мүшесі ретінде сезінуге септігін  тигізеді.

Қытай жастарының да отау құруға құлық танытпайтыны айтылып жүр. Неке саны азайғаны да белгілі. Бірақ, аспан асты елінде бойдақтар күні тойла­нады. Бұл қараша айының 11-і болып бекітілген. Он бірінші айдың 11-і күні. Байқап қарасаңыз, төрт рет түскен 1 саны бар. Бұл бойдақ дегенді білдіреді. Енді мына дерекке  көз  жүгіртсек. Жалғызбас­тының жайы да қалтаға түсетін пайдаға жарап тұр. Өйткені, көрші  мемлекеттегі «Alibaba» online сау­да сайты бойдақтар күнінің алғашқы 7 минутында-ақ 10 миллиард юань тапқан. Жыл сайын рекорд жаңартып отыр. Тіпті, олар минут, сағат емес бір күн ішінде қандай табыс түсетінін болжайтын болған. Бойдақтарға қатысты  мұндай  мысал  әлем  елдерінде  көп.

БОЙДАҚТАР  БАССЫЗДЫҚҚА  БАРА  МА?

Елімізде бойдақтар тіркелген некесі болмаса, бала асырай алмайды. Себебі, бала асырап алу­ға байланысты заңның талаптары­на сәйкес, толық отбасылар мен жалғыз­басты әйелдерге ғана рұқсат беріледі. Бірақ, берідегі жағдай бұл мәселенің қайта қаузалуына түрткі болды. Яғни, бойдақ ер адам бала асырап алуға өтініш білдіріп, комиссияның шығарған шешімімен келіспеген. Содан бері мәселе қызу талқы үстінде. Соңғы уақыттағы жайттар ер адам қауымына күдікпен қарау­ға итермеледі. Бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің кері. Сондықтан, көбі бойдақтың қолына баланы сеніп тапсыруға болмайды деген ойда.

– Балалар құқықтарын қорғау жөнін­дегі комитетпен талқылай келе, бұл мәселеге қатысты өз ұстанымымызды білдірдік. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан қолданыс­тағы заңнамадағы некеде жоқ ерлерге бала беру мүмкіндігіне қойылған тыйым сақталуы  тиіс.

Бәлкім, балаларды асырап алуға үміткерлерге, бала асырап алушы ата-ана­лар мектебінен өту және оны тамам­дауға қойылатын талаптарды арттырған жөн болар. Сонымен қатар, одан әрі де бала­ларды қолдау орталықтары арқылы бала асырап алған ата-аналарды демеуді қарас­тыру қажет, – деді ҚР Бала құқық­тары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева.

Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Елена Яровенконың да пікіріне назар  аудардық.

– Жалғызбасты бойдақ ер-азаматтарға бала асырап алуға рұқсат беруге түбе­гейлі қарсымын. Қазіргі кезде өгей әке түгілі балалардың өз әкесінен зәбір көріп жатқан жағдайлар аз емес. Толық отбасылардың өзінде өз әкелерінің бала­ларға қарсы зорлық-зомбылық әрекеттері де жиі тіркеліп жатады. Асырап алған сәбиге де қол көтеріп, қатыгездік танытқан оқиғаларды құлағымыз шалып жүр. Шыны керек, ер-азаматтарға қоғамда бүгінде сенімсіздік басым. Бойдақ азаматтың арғы ойы қандай екенін білу мүмкін емес деп ойлаймын. Қоғамымыз әлі мұндай рұқсат беретіндей деңгейге  жеткен  жоқ.

Жалғызбасты әйелдерге беруге қарсылығым жоқ. Балаға барынша күтім қажет болады. Оны ерлер толық атқарады дегенге сенбеймін. Өзіңіз алып қараңыз­шы, балабақша тәрбиешілері, көмекшілері арасында ерлерді кездестірдіңіз бе?! Баланы киіндіру, жуындыру, уақытылы тамақтандырып, ұйқыға жат­қызу, жыласа уату, мұның бәрін атқаруға ерлердің жүйкесі шыдамайды, шамасы келмейді деп ойлаймын. Сондықтан, жалғызбасты еркекке баланы асырап алуға рұқсат беру үлкен қателік болады. Біз қоғам болып мұндай рұқсатқа жол бермеуіміз  керек, – деді  ол.

Пікір сан қилы. Балаға мейірім көрсетіп, қамқор бола аламын деп бекінгендер жоқ емес. Өкініштісі сол, біреудің сорақы әрекеті екіншісінің әке құқығына ие болуына  кедергі.

ТҮЙІН. Әркімнің өзіндік өмір сүру салты бар. Сондықтан, жекесіне өтіп, таңдауын таптамай, түсіністікпен қараған дұрыс болар. Ал, мұқату мен қоғамнан  шеттету  деңгейді   биіктетпейді.

Замира  ҚОНЫСЖАН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: