Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұранның алтын жауһарлары

04.10.2024, 10:05 161

Биыл Қызылорда облысының мәдениеті елеулі жаңалықтарға толы болды. Соның ішіндегі ең ерекше әрі маңыздысы – “Түгіскен көсемі” мен “Жетіасар ақсүйек әйелі” реконструкциялары. Бұл екі бірегей тарихи тұлға біздің бай мәдени мұрамызды тереңірек тануға жол ашып, ежелгі дәуірдің құпияларын қайта жаңғыртқандай. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен облыстық тарихи-өлкетану музейінде көшпелі брифинг өтті.

– Бұл Сыр тарихында ең алғаш жасалынып жатқан құнды дүние, асыл қазыналарымыз. “Түгіскен көсемі” мен “Жетіасар ақсүйек әйелі” реконструкциялары біздің терең тамырымыз бен ата-бабаларымыздың өмірін қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. “Түгіскен көсемі” реконструкциясы Сырдың төменгі ағысында орналасқан тарихи маңызы бар археологиялық кешендердің бірі. Ол Оңтүстік Түгіскен ескерткішіне ХХ ғасырдың 60 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының нәтижесінде табылған. Ал, “Жетіасар ақсүйек әйелі” реконструкциясы – қоғамдағы әйелдердің мәртебесі мен сол кездегі мәдениеттің биік деңгейін айшықтайтын көрнекті бейне. ХХ ғасырдың ІІ жартысында Қызылорда облысында орналасқан Жетіасар мәдениетіне Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы жүргізген қазба барысында табылған, – деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев.

“Түгіскен көсемі” мен “Жетіасар ақсүйек әйелін” қайта жаңғыртқан Ринат Кутдусов пен Әзілхан Тәжекеевтер жұмыс барасында қолданылған ғылыми деректері мен әдістері туралы сөз қозғады.

– Жетіасар мәдениетінің қазба барысында табылған әйел адамның жәдігерлеріне байланысты антропологиялық материалдарына сүйене отырып қайта қалпына келтіру жұмыстарын жасадық. Оның басты ерекшелігі – ондағы киімдердің барлығы қазба барысында табылған жәдігерлердің негізінде жасалған. Олардың костюмінің үлгісі, оны тігу әдісі бүгінгі заманға дейін де сәнін жоғалтпаған. Қазба барысында екі алқадан бөлек, әйел адамның жеке сөмкесінен гигиеналық заттары да табылды. Бұл шамамен біздің заманымыздың II-IV ғасырларымен мерзімделген 27-30 жас аралығындағы әйел адамы, – деді Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Астана қаласындағы филиалының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: