Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖАНҚОЖА БАТЫР (Дастан)

03.10.2024, 10:00 221

Пайғамбар үмбетімін – Алла құлы,

Тараған Кішкенеден – Майдан ұлы,

Баласы Айдарбектің Жұмабекпін,

Келгенмін дүниеге барыс жылы.

Жанқожа аңыз болған Батыр бабам,

Бас иген ерлігіне барша ғалам.

Жырламай сол Бабаны өлеңменен,

Қалайша алшаң басып жүрер балаң?

Барып ем биыл жазда зират қылып,

Тұрғандай киелі жер сырға тұнып,

Сыйынып, Әз Бабама мен жалындым,

Кетті деп жыр жазуға ауып құлық.

Айналдым  аруағыңнан Батыр баба,

Сыйынсам, желеп-жебер өзің ғана.

Болса егер артық-кемі бұл жырымның,

Кешіргін, әулием-ау, болмай нала.

Қорғаған кең даламды төгіп қанын,

Біз үшін пида қылған шыбын жанын,

Қақ жарған қара қылды, әділ сөзді,

Жаралған ерекше боп асқақ дарын.

Есімің ұмытылмайды болса тірлік,

Ту қылған ақиқатты ауыз бірлік.

Көзінің тірісінде аңыз болып,

Тамсантқан бар қазақты жасап ерлік,

Сыйынып, Әз бабама қылдым талап,

Атақты болмасам да мұзды балақ,

Арман жоқ жырлай алсам Әулиемді,

Көңілге жарық шашып қонса тарап.

I  БӨЛІМ

ЕЛДІҢ ТУҒАН БАҒЫНА

Үдей соққан қарашаның дауылы,

Сырдың бойы «Ащыкөлдің» бауыры.

Орналасқан Қара дөңді жағалай,

Кіші шекті Нұрымбеттің ауылы.

Нұрымбет батыр еді шапқан жауға,

Жалынып талай дұшпан қылған сауға.

Өтеген  ағасы еді, өзі шешен,

Қақ жарып, билік айтқан небір дауда.

Жан еді орта бойлы, өткір көзді,

Сүймейтін мақтан қимыл, артық сөзді.

Ұрандап, атой салып шыққан мезет,

Қаралай талай жауы жанынан безді.

Батырдың бәйбішесі – Сұлу ана,

Көркіне ақылы сай, жаны таза.

Қызы еді Қаракесек Қопа батыр,

Шығатын жекпе-жекке жұрттан оза.

Жоқ еді жомарт адам онан асқан,

Қосылған Нұрымбетке он бес жастан.

Сол кезде аяғы ауыр, жүрген кезі,

Балаға, ел-жұртына болар дастан.

Дауылды қарашаның айсыз түні,

Ананы толғақ қысты жетіп күні.

Нәресте дүние есігін ашқан мезет,

Естілді жолбарыстың айбарлы үні.

Киелі аң шаңырақтан қылаң етті,

Жарқ етіп, нәрестеге шуақ септі.

Сіңді де түн қойнына бұлт болып,

Қайтадан нөсерлетіп кәрін төкті.

Жым-жырт боп үнсіз қалды үлкен-кіші,

Аянға балағандай болған істі.

«Келді» деп әулетіне ерекше жан,

«Ишарат білдірді-ау» деп «Аллам күшті».

Толықсып  ай да  шыққан  сол  мезетте,

Тұрғандай сәби үшін ол күзетте.

Жарқырап кең маңдайы кере қарыс,

Нәресте от боп жанды ақ төсекте.

Той болып ұлан-асыр, тартты көкпар,

Ер жігіт бақ сынамай қалай тоқтар.

Жүлдеге тігілді де бес жүз атан,

Айдалды аламанға бәйге аттар,

Қуанды барша халық тілекші бек,

Есе алып хас дұшпаннан қайтарар кек.

Болсын деп «жан мен малға өзі қожа»,

Ат қойды жас сәбиге «Жанқожа» деп.

ЖОЛБАРЫСПЕН  ЖҮЗДЕСУ

Дауылды сол бір түннен бес жыл өтті,

Қыс кетіп, шұғылалы мамыр жетті.

Бес жасар ертіп алып Жанқожаны,

Нұрымбет алыс жолға сапар шекті.

Көгалды кең даланы өтті кесіп,

Кашқан су, Сары өзекті жалдап кешіп,

Тірелді ну қамысқа қалың өскен,

Бір жол бар шығатұғын тура тесіп.

Келеді қатар жүріп әке, бала.

Айнала дүлей қамыс, елсіз дала,

Кенеттен аяқасты шыға келді,

Жолбарыс қаһарланып нуды жара.

Тоқтатып астындағы бәйге көкті,

Секіріп жолбарысқа бала жетті.

Қараңыз тамашаға, басын иіп,

Еркелеп, «аң патшасы» жата кетті.

Ұстап ап қос құлақтан алды мініп,

Бейне бір күнде көріп жүрген малдай.

Әке тұр қорқыныштан сөйлей алмай,

Жолбарыс қала ма деп кәрін төгіп,

Тұрды да жүре берді бала алға,

Қарамай соңындағы айбарлы аңға.

Әке мен жанындағы екі серік,

Мең-зең боп тұрып қалды естен тана.

Қызарып, екі көзі шоқтай жайнап,

Демінен қара тас та еріп-қайнап,

Нық басып суырылып шықты бала,

Жарқылдап, төбесінде жай оты ойнап.

Тұрды жұрт іштен алып тыныс-демін,

Көрмеген кереметтің мұнан шегін.

Лезде айналаны тұман басып,

Қара бұлт жайлағандай аспан көгін.

Сәлден соң қайта келіп қалыбына,

Жанқожа алды мініп бәйге атына.

Бала емес, алдарында алып сынды,

Қалған жұрт шыдамады айбатына.

Сол сапар қайтты олжамен жолаушылар,

Кездеспей ешбір бейнет кесе тұрар.

Бұлардан сәл-пәл бұрын келген екен,

Атақты Есет батыр алтын тұмар.

Нағашы Нұрымбетке Тама жұрты,

Таймаған бастан дәулет-бақыт бұлты.

Аңыз ғып көрген жандар айтушы еді,

Есеттен қалмайды деп жаудың құты.

Тай сойып, нағашыны күтті батыр,

Ел-халқы сәлемдесіп келіп жатыр.

Ізіне ертіп алып бір інісін,

Жанқожа кіріп келді аттап батыл.

Шолды да отты көзбен үйдің ішін,

Ұсынды атасына қолдың ұшын.

Күлді де миығынан батыр Есет,

Дір етті, сезген сынды қуат-күшін.

Сұрады: «Мына жігіт Жанқожа ма?

Керілген, өсе келе паң бола ма?

Отты екен, уытты екен, жанары да

Жаужүрек Киікбайдай жан болар ма?..»

Қаймықпай сөйлеп кетті, тесе қарап,

Бейне бір тау қыраны, мұзды балақ.

«Атымды өзің қойған Жанқожамын,

Аламын айбалтаңды» деді қалап,

«Жақсы деп түп нағашы шықты сыртқа,

Төбені көремісің өскен құртқа.

Сол жерден жүгір-дағы құла мұнда.

Қанжарды қоямын мен тігіп құмға.

Денеңе кірмесе егер сендік болсын,

Айбалта, бес қаруға құшақ толсын.

Келіссең оқшау тұрған төбеге шық,

Қорыққан бұндай жерде қайдан оңсын»…

Қанжарды көмді құмға сабын қадап,

Ұшы тұр ұшқын шашып көкке қарап,

«Жақсы» деп Жанқожа да жүре берді,

Сескенбей қалар-ау деп денем қанап.

Кеткенде батыр бала алыс ұзап,

Әркімнің көкейінде тұрды сұрақ.

Нұрымбет ойланып тұр шыдай алмай,

Жазым боп кетпесін деп балғын құрақ.

Қанжарды алып Есет білдірместен,

Орнына құмды үйді кідірместен.

«Жетер» деп, Жанқожаға «жүгір!» деді,

Тоқтамай өткін сыннан мүдірместен.

Қаһарға мініп бала жинап сесін,

Алардай хас дұшпаннан есе, кегін.

Жүгіріп жетті-дағы құлай кетті,

Жіберді ұрып-ұрып жерге төсін.

Жүзіне жылы шырай шуақ ойнап,

Беліне айбалтасын беріп байлап.

Күрсініп, батыр Есет бас изеді,

Кетті ме бала кезін бір сәт ойлап.

Жайлайтын-ды Тама елі Мұғаджардың бауырын,

Қорған қылып шың-құзын, өткеріп құйын-дауылын.

Толған еді он беске Есет бала сол кезде,

Қапияда жау шапты Көкі бидің ауылын.

Кеткен-ді еркек біткен үлкен асқа,

Көрші елде үзілген-ді маңғаз, қасқа.

Қалың жау елемеді назар салмай,

Бүк түсіп ұйықтап жатқан балғын жасқа.

Сайлы жау мал біткенді алды айдап,

Қыз-қырқын, жігіт-желең қолын байлап,

Мың басы қозғалуға әмір етті,

Қаңырап бос қалды деп ауыл-аймақ.

Барады күннің көзі шеке тесіп,

Оянды аңғал Есет көзі ісіп.

Таң қалып, жан-жағына қарай берді,

Ойлады кеткен бе деп ауыл көшіп.

Көрді де жылап тұрған бір жеңгесін,

Сұрады қайда екенін ол өзгесін.

Есітіп жау шапқанын ауылына,

Білмеді сенерін де, ия, сенбесін.

Сәлден соң қанығып ап болған жайға,

Мініп ап, жаудан қалған арық тайға,

Қолға алып ақ семсерін балғын Есет,

Ұмтылды қалмақ кеткен терең сайға.

Біршама шапқаннан соң еті қызып,

Арық тай өнер төкті құстай ұшып.

Бейне бір өмір бойы жауға мінген,

Секілді арғымақтай қунақ, пысық.

Жетті ол қалың жауға кезінде іңір,

Құрысып барлық дене бейне сіңір.

Бұлғалап ақ семсерін айғай салды.

«Тоқта деп, соғысайық қашпа, кідір!»

Есітіп жас батырдың кәрлі даусын,

Шыдамай қашып дұшпан босып аусын.

Жетіп ап ақ семсермен допша қақты,

Дегендей мыңбасыны зұлым жаусын,

Ұрандап атой салды «жау қаштылап»,

Хас дұшпан бассыз қалып жатты сұлап.

Еріксіз пенде болған туған-туыс,

Батырды құшақтады өксіп-жылап.

Қайтарып аман-есен елін, халқын,

Сақтап қап абыройын, намыс-салтын.

Атанып «ел қорғаны батыр Есет»,

Жайды жұрт бар қазаққа атақ-даңқын.

Өткен күн түсті бүгін қайтып еске,

Қанжарға қарсы тұрған ерлік істе.

Құшақтап Жанқожаны алды сүйіп,

Жасырмай таңғалғанын бүгіп ішке.

КҮШ  АТАСЫН  ТАНЫМАС

Уақыт жылжып аққан бейне бұлақ,

Балалық қолда тұрмас алтын сынап.

Өтіпті 10 жыл мерзім белгісіз боп,

Жанқожа тапсырғалы үлкен сынақ.

Ер жетті жігіт болып аса күшті,

Құрыштай мығым дене, жүзі сұсты.

Жарқырап екі көзі шамдай жанып,

Талайлар айбатынан ығып пысты.

Қолына алып садақ, атып жамбы,

Тамсантты мергендікпен дүйім жанды.

Тоқтатып ту биені құйрығынан,

Көргендер айран-асыр естен танды.

Бір күні жылқы аралап келді қосқа,

Сыр шертіп қайтайын деп құрбы-досқа.

Есітіп Бәйгекөктің жоғалғанын,

Қайтадан атқа қонды жатпай босқа.

Ұзақ күн жүрді бала аттан түспей,

Малтаны қорек қылып, ыстық ішпей.

Кеткендей жерге сіңіп, ұшып көкке,

Кездеспей ешбір пенде көрген түстей.

Жолықты келер күні қалың елге,

Отырған көл жағалай үлкен белде.

Ақ боз үй орналасқан қақ ортаға,

Дегендей үй иесі елден өзге.

Иба қып сәлемдесіп келді кіріп,

Жол сілтеп жіберер деп қылып үміт.

Сол кезде кісінеген Бәйгекөктің,

Есітіп таныс дауысын кірді күдік.

Жантайып жатыр төрде үй иесі,

Бейне бір үйген мая, жоқ жүйесі.

Сыриған аяқ-қолды алып екен.

Көтермес нардан басқа жоқ түйесі.

Дөңкиіп жата берді сәлем алмай,

Зекіді: «Кете бергін жолдан қалмай.

Арғымақ қол емес қой, саған бала,

Тай» деді, «тұрғанымда күшке салмай.

Атанған түйе балуан Қарабекпін,

Талайдың қабырғасын жіпше сөктім.

Алам деп дәмеленбе Бәйгекөкті,

Өзім би, өзім батыр, өзім бекпін».

Жанқожа айтты жайлап «Үлкен кісі,

Жөн емес жасырғаның болған істі.

Қазақ пен қарақалпақ – туыс халық,

Көрсетпей ақылға кел, азу тісті».

Көтеріп зор даусымен үйдің ішін,

Қарабек басты ашуға бұзып түсін:

«Тұрмысың мықтысынып, қара қазақ,

Жық» деді, «аяғымды, келсе күшің».

Қаһарға мінді бала шыдай алмай,

«Тарт» деді, «аяғыңды шірік талдай,

Беліңді бекем буып, шық ортаға,

Күресті көрсетейін қерек қандай».

Шапылдап ұстасты да екі балуан,

Көрсетті кереметті небір алуан.

Қарабек барын салып тырысып жүр,

«Алыпқа кездестім деп Аллам қайдан?!».

Шын қысса, сексеуілден шығарған су,

Жүйріктей топтан озған көрсе ду-ду.

Жанқожа белден сығып шарт еткізіп,

Сындырды қабырғасын томардай қу.

Қарабек жанұшырып салды айғай:

«Опырдың бұғанамды, жібер ойбай,

Қоса ал Бәйгекөкке айыбымды,

Тынбассың кәрге мінсең көзім жоймай».

Киреңдеп белге соққан сұр жыландай,

Құлады естен танып, тыныс алмай.

Ауызына су тамызып Қарабектің,

Нөкерлер жүгіріп жүр жаны қалмай,

Қақ жарып елеместен қалың көпті,

Жанына Бәйгекөктің бала жетті.

Алды да жетегіне қарайламай,

Бетке алып туған елін жүріп кетті.

ЖЕКПЕ-ЖЕК

Арада өтті жылжып екі көктем,

Маужырап кең даламда шуақ төккен.

Тебіндеп қара мұрты Жанқожаның,

Бұл кезде он жетіге жасы жеткен.

Толықсып, бойға сыймай бұла күші,

Қаһарлы қалың қабақ, суық түсі.

Астында жан серігі – Бәйгекөгі,

Жібермес желдей есіп ұшқан құсты.

Тарады тосын хабар бір күн елге,

Бейне бір жай түскендей көктен жерге.

Жақайым Жылқайдардай асыл биді,

Салды деп Тықы батыр улап көрге.

Ашынды барша қазақ буып кегі,

Жиылды қалың әскер суыт легі.

Сары дала буырқанды, бейне теңіз,

Толқындай дауыл күнгі болмай шегі.

Өтеген-Нұрымбет пен Дабыл батыр,

Қол бастап Хиуаға тікті шатыр.

Жіберді хабаршыны келер күні:

«Келдік» деп, «соғысамыз қалма қапыл».

Қызарып күн сәулесі шыққан мезет,

Бетпе-бет келді ерлер қатар түзеп,

Әдеті батырлардың ұрыс ашар,

Әуелі жекпе-жекке беріп кезек.

Астында ақбоз аты, Тықы батыр,

Ежелден аты мәлім зұлым-кәпір.

Жарқылдап қайқы қылыш көкке білеп,

Ойқастап шықты ортаға бура балтыр.

Ұмтылды қайсар батыр алып бәте.

Әлімде бұл да туған асқақ жеке.

Найзамен өндіршектен ұрған мезет,

Сүрініп құлады аты болып кәте.

Тым-тырыс Шекті қолы қалды үнсіз,

«Болды деп осы сапар, ауыр, қырсыз».

Сол мезет «Бақтыбайлап» атой салып,

Жанқожа шықты алға бейне жұлдыз.

Өкіріп Тықы батыр қарсы шапты.

Қолында қайқы қылыш екпін қатты.

Арайлы жаңа шыққан күн астында,

Көрінді үйдей болып ақ боз атты,

Сығымдап айбалтаны күміс сапты.

Сыйынып Киікбайға сынап бақты.

Жанқожа балтаменен шапқан мезет,

Дұшпаны бассыз қалып жерде жатты.

Үстем боп жас батырдың аруағы,

Шектілер ұрандасып жадырады.

Көргенде Тықы батыр мерт болғанын,

Қалың жау сең соққандай сабылады.

Қарсылық жасай алмай өңшең ерге,

Тірілей қолға түсті болып пенде.

Сауғалап шыбын жанын, қасық қанын,

Жалынып дұшпан қашты аулақ жерге.

Жақайым Жылқайдардай әділ бидің,

Кетпеді асыл қаны құнсыз текке.

Атанды Жанқожа жас – көзсіз батыр,

Ерлігі елге тарап, аңыз-нақыл.

Сүйсінді қазағымның кең даласы,

Шықты деп ел қорғаны, қайтпас батыл.

ІІ БӨЛІМ

СЕРТ СЕМСЕРІ

Өтті күн, сырғып айлар, небір жылдар,

Жасырып қойнауына алуан сырлар.

Жанқожа – асқан батыр өзі дана,

Келіпті орта жасқа асқақ, шынар.

Батырдың қонған жері Ырғыз маңы,

Көгалды, көк майсалы, алуан сәнді.

Жайдары жаз күнінде жеткен хабар,

Сілкінтті қалың елді бұзып қанды.

«Ақмырза мерт болыпты қапылыста,

Жүргенде саят құрып аң мен құсқа.

Бабажан – жауыз әрі қанішер сарт,

Тас байлап суға атқан дария тұста…»

Түйілді әз Жәкемнің қас-қабағы,

Қарауға тірі пенде жасқанады.

Қолға алып ақ семсерін, көк найзасын,

Жауыздан кек алуға аттанады.

Әбігер Бабажан сарт асып-сасқан,

Дүрсілдеп соғып жүрек, түсі қашқан.

Жалынып Хиуаның әміріне,

Алдырды ер Аманды күші тасқан.

Атақты Аман батыр, мығым балуан,

Өлтірген қарсыласын небір алуан.

Қуанды жас балаша күлімдеп мәз,

Қайтпаған жекпе-жекте пәті жаудан.

Жанына ертіп алып жетпіс сарбаз,

«Өлтірмей Жанқожаны деді оңбас».

Кезекпен күні-түні күзетеді,

Ақбайға шатыр тігіп, елге қонбас.

Таң ата төкті сәуле қызарып күн,

Дегендей Ақмырзаға төлеңдер құн.

Тіп-тіке қозғалмастан жалғыз атты,

Тұр дөңде жаралғандай аңыздан шын.

Білмек боп жолаушының түрін, затын,

Күзетші келді жетіп дөңге жақын.

От шашып жарқылдаған жанарынан,

Сескеніп түсті тежеп мінген атын.

«Жанқожа, сіз боларсыз, сірә батыр,

Жүрмеңіз жекпе-жекте қалып қапыл.

Ер Аман – хиуалық батыр-балуан,

Жолыңды неше күннен тосып жатыр.

Жүресіз, Батыр аға, маған еріп,

Арыға жібермейміз жолың берік.

Өлтірмек жекпе-жекте сізді Аман,

Сондықтан келген мұнда күшіне сеніп».

Жанқожа «шықсын» деді «Аман мықты,

Көрейік кімнің басым, кімнің күшті?».

Шыдамай қаһарына хас батырдың,

Күзетші атқа мініп кейін зытты.

Баяндап ер Аманға жайды болған,

Күзетші қалтырады бейне тоңған.

Қуанып, Аман батыр атқа қонды,

Өлтірмек Жанқожаны қазір қолдан.

«Абайла, басқа емес Жанқожа бұл,

Шуылдап қатын-балаң қалмасын тұл.

Артынан күзетшісі айғайлады,

«Өлетін Аман батыр жеріңді біл».

Жетіп кеп, Жанқожаға  ұрды  найза,

Шығармақ  қолдан  келсе  жерді  айға.

Дарытпай  батыр  Жәкем  денесіне,

Қадады өз найзасын бойлап жауға.

Аударып ер Аманды шалқалатты,

Найзамен түйреп алып қайың сапты.

Табанға салып тұрып сом денесін,

Жау басын құбылаға ол қаратты.

Қанжарын алмақ болып белге ілген,

Қол созды кісесіне зілді түрмен.

Ғайыптан пайда болып жаңа қанжар,

Сап етті созған қолға жауын жеңген.

Орнатты дұшпанына заман ақыр,

Ақбайда жолын тосып тіккен шатыр.

Аманды  қорқыратып  бауыздады,

«Жаның  Құдай  жолына»  деген  батыр.

Тулады ауға түскен шортан сынды,

Малшынып,  қызыл  қанға  Аман  тынды.

Тазалап сүртейін деп қолын созса,

О, ғажап, жоғалыпты қанжар қынды.

Тұр екен өз кездігі тіпті таза,

Беріпті дұшпанына Алла жаза.

Ұсынған ол қанжарды пірлері ме,

Тауыпты осылайша Аман қаза.

Атойлап, шықты батыр дөң басына,

Шүйілді қыран құстай жау қосына.

Көп жылғы қауға түскен жасындайын,

Түсірді шатырларын ортасына.

Сауғалап жетпіс сарбаз қашты аулақ,

Келе алмай бірде-бірі жүрек даулап.

Жанқожа Бәйгекөкке қамшы басты,

Жұлдыздай іздерінен қалмай заулап.

ЖЕНДЕТКЕ ЖАЗА

Ару қызы қазақтың,

Тартқанында азап-мұң.

Жәкем ұран тастады.

Жоюға көзін кәззаптың.

Тапталмасын ар-намыс,

Жалтақтамас жолбарыс.

Кекке суыр қылышты,

«Шықсын» деді шын арыс.

Хабар берді Ақтанға,

«Жина сарбаз аттанда.

Кездескенде шабамыз,

Жауымыз қамсыз жатқанда».

Сайын дала ширықты,

Күтеміз деп бұйрықты.

Өңшең ерлер құралып,

Сап түзеді кіл мықты.

Жансыздары болған ба,

Жауызға депті «қол қамда».

Бабажан әскер сұратты,

Хиуадан сол таңда.

Пілте мылтық асынған,

Сыпайлар келді жасанған.

Қан жүгіріп өңіне,

Бабажан шықты тасадан.

Қамал іші берік тым,

Қабырғасы биік шың.

Қалың жасақ мылтықты,

Табылмайды сірә мін.

Қазақтың қолы жиылған,

Ашу кернеп құйылған.

Ерте жеткен Ақтанға,

Оқ борады қиырдан.

«Алға» деді Ақтаным,

Ойламады бас қамын.

Қойдай қырды қылышпен,

Күзетшісін қақпаның.

Сарттар кезеп мылтықты,

«Мергенмін» деп мен тіпті.

Арқаланған батырды,

Өлтіруге ынтықты.

Жарқырап күннің қабағы,

Сәулесі жерге тарады.

Пілте мылтық қолдағы.

Тұтанып жанып барады.

Ақтанның шыққан даусымен,

Қара бұлт көкті торлады.

Нөсерлеп құйды селдетіп,

Пілтелер сөнді су кетіп.

Аруағынан Ақтанның,

Сыпайлар қашты боркемік.

Сауға сұрап көп жасақ,

Қолға түсті зар жылап.

«Сөзге еріп алдамшы,

Аттадық» дейді «біз жаңсақ».

Бабажан сарт арамза,

Шыққанда қашып далаға.

Қазақтың мерген жігіті,

Құлатты атын аранға.

Қазақты төмен санаған,

Жақсыны итше талаған.

Кеңпейіл, дарқан халықтың,

Асылын ұрлап, тонаған.

Асына тойып құнығып,

Қариясын зекіп сабаған.

Әлпештеп баққан сұлуын,

«Олжа» деп құнсыз қараған. 

Адалын құшып арамдап,

Бурадай ессіз жараған.

Атаңа нәлет Бабажан,

Құтылмас енді жазадан.

Жетелеп тұтқындарды қамшылайды,

Арқадан қызыл қаны тамшылайды.

Әкелді Бабажанды Жанқожаға,

Қорласа намысыңды кім шыдайды?

«Батырым өзің шығар кесіміңді,

Құптаймын» деді «Ақтан шешіміңді.

Жауыздық түбірімен қопарылып,

Далама азаттықтың лебі енді».

Малғұнға қарап кесірлі,

Ызғармен Жәкең тесілді.

«Құдайдан соңғы халқыма,

Айтқызам» деді шешімді».

Ортаға шығып кейуана,

«Дат» деді батыр мұңдана.

Қызымды жалғыз сорлатып,

Қорлады арын бұл шата.

Қолыма берші жауызды,

Кептірген мөлдір хауызды.

Жазасын тартса азғындық,

Болады үкім сол ізгі.

Білегін түріп шалы да,

Жидені алды қолына.

Өкірді жылап Бабажан,

«Туыппын деп сорыма».

Құйрыққа қақты жидені,

Шыңғырды озбыр шүйделі.

Қиылып ішек-тамыры,

Асқазан, бауыр күйреді.

Арамның қаны төгілді,

Қақырап жүрек сөгілді.

Қиналып өліп азаппен,

Тозақта тәні езілді.

Шаттанып халық тарады,

Өртенді дұшпан қамалы.

Жанқожа, Ақтан батырлар,

Тірісің бізге мәңгі әлі.

ҚАЙТҚАН  КЕК

Арада өтті мезгіл және жылдам,

Мәуелі тамыз айы әсем тұнған.

Созаққа сапар шекті қалың әскер,

Қумаққа Қоқан қолын сонда тұрған.

Шақырып хан кеңесін Кенесары,

Келелі жоспар құрды келген бәрі.

Үш жүзге бөліп беріп шабуылды,

Алмақшы тоғыз күнде кетсе әрі.

Кезегі кіші жүздің болды соңғы,

Қаптады қалың сарбаз құба жонды.

Жанқожа ертіп алып бес жүз қолын,

Айтпастан бір төбеге бөлек қонды.

Ойлады «қоқандарға келер көмек,

Тосайын дұшпан қолын жолдан бөгеп.

Тынықсын таң атқанша қалған әскер,

Жіберді шолғыншылар біл деп дерек».

Қараңғы түн ортасы ауған мезгіл,

Жанқожа, Дәрменқұлға деген көз іл.

Ұйқыға батыр мен пір кеткен шақта,

Жан-жақтан өңшең ишан жиылды кіл.

Киінген әппақ шапан, ақ сәлделі,

Қолында аса таяқ тым кәделі.

«Дәрменқұл оят» деді хас батырды,

Бетке алды қалың дұшпан бұл төбені»

Орнынан тұрды батыр ұшып сергек

«Мінеки, естідім деп ұғып жөндеп».

Ишандар дауыстады «ұмтыл батыр,

Тосамыз жаудың алдын тездетші тек».

Көрініп Жанқожаға өңшең ишан.

Жоқ болып кетті қайта атқанда таң.

Сол мезет келді шауып шолғыншылар,

Қалды деп мыңдай әскер жақындап маң.

Қозғалды ер Жәкемнің суыт қолы,

Түйілген тап-тұйнақтай кекке толы.

Ұзамай кездеседі қоқандармен,

Басқарған Тоған батыр өжет, долы.

Шақырып Жанқожаны жекпе-жекке,

Шапқылап, Тоған шықты алғы шепке.

Келгенде найза салым бір-біріне,

Жай ойнап, дауыл соқты ұрып бетке.

Қап-қара, қалың тұман жерді басты,

Шуылдап, жау әскері асып-састы.

Әударып ер Тоғанды ат үстінен,

Аруағы Жанқожаның одан асты.

Тоғанның алған кезде қолын байлап,

Ашылды күннің көзі ептеп жайлап.

Алдына салып алып жүре берді,

Әз Жәкем қоқандықты малша айдап.

Тапсырды Кенеханға тұтқын бәрін,

Алады Созақты да Шекті-Әлім.

Күндерде жорықтан соң жайма-шуақ,

Тоғанға Кенесары төкті кәрін.

 «Алыпсың сен де туған асқақ дара,

Жауап бер сұрағыма, бермен қара.

Қалайша Жанқожаға пенде болдың,

Емессің Тоған батыр тегін бала».

Тіл қатты Кенеханға Тоғандай ер

«Келіп ем Жанқожаға найзалық жер.

Сұрапыл дауыл соғып, тұман басты,

Тұрғандай болды маған қазулы көр.

Қалыппын ат үстінде естен танып,

Қоршады ақ киімді өңшең халық.

Есімді жиған шақта күн ашылған,

Жанқожа келе жатыр байлап алып».

Селк етті Кенесары сөзге мына,

Болмады батыр Жәкем тегін сірә.

«Жөн болар Жанқожамен жауласпаған»,

Деп шешті қарсыласу тіпті күнә.

Қайтарда батыр Жәкем Сауранды алды,

Боялып жау қанына қақпа қалды.

Қырып сап қоқандарды онда тұрған,

Таратып елге берді олжа малды.

Табынған исі түркі Әзірет Сұлтан,

Жанқожа арнап барып зират қылған.

Жолшыбай жасы жеткен сексен бірге,

Үйіне Құрман бидің келіп қонған.

Селкілдеп,  ақ сақалын жасы жуып,

Тама би әз Жәкеме келді жуық.

«Мен емес, барша қазақ қорғанысың,

Жауымнан алшы» деді кегім қуып.

Бар еді маңдайымда жалғыз ұлым,

Төгетін халық десе пейіл нұрын.

Жазықсыз басын шапты қоқан бегі,

Өлтірсең, егер оны болам құлың».

Сүйеді батыр Жәкем демеп оны,

Кетер ме сірә еріп көңіл тоңы.

«Қамықпа, асыл аға, сәл шыдағын,

Жауыздың ертеңгі күн болар соңы».

Таң ата ертелетіп шығып батыр,

Ат қойды дұшпанына ала-сатыр.

Тұншығып өз қанына бауыздалып,

Қоқанның жауыз бегі жерде жатыр.

Осылай алынғанды Сауран, Созақ,

Қазаққа болған тікен, тірі тозақ.

Желбіреп ақ сақалы дөң басында.

Тама би қолын бұлғап тұрды ұзақ.

АРЫҚБАЛЫҚ   ШАЙҚАСЫ

Азынап  қарлы дауыл, қаңтар күні,

Өксиді жоқтау айтқан жандай мұңды.

Қазақты қорға санап пешке жаққан,

Сұмдықты кім естіген бұрын-соңды?.

Ананың селдей ағып қанды жасы,

Зарланды көрген сәтте күйген басты.

Құлыны жар дегенде жалғыз ұлын,

Өртеген Құдай атқыр қай албасты?

«Мекенің тамұқ болып жаның шыққыр,

Шуылдап қатын-балаң селде ыққыр.

Тәңірім, мұнан басқа тілегім жоқ,

Жауыздың өз қолымнан қанын төктір».

Тапсырып жер қойнына жалғыз ұлын,

Сапарға шықты әке бүгіп сырын.

Үйіне әз Жәкемнің келіп жетті,

Көрмеген хас батырдың түрін бұрын.

Булығып, көз жасына берді ерік,

Шағынып, өксіп жылап, мұңын шертіп.

«Мен емес, қалың қазақ қорғанысың,

Кегімді әпер деді ізіңе ертіп».

Ширығып батыр бабам атой салды,

Жалындап, от оранып қамал қалды.

Қарашы Хақ Тәңірдің әділ ісін,

Озбырды әке айтқан ұстап алды.

Жалынды сауға сұрап жауыз малғұн,

Боздақты пешке жаққан өрім шалғын.

Тас мүсін қайсар әке жібімеді,

Бауыздап, ұрттап ішті арам қанын.

Теп-тегіс Ащыкөлде мидай жазық,

Мал бағып, астық еккен тұрғын  халық.

Тарады суық хабар желдей есіп,

«Шыққаны жазалаушы әскер анық».

Ұйғарды «күтеміз деп туған жерде,

Өлеміз, жібермейміз бейбіт елге».

Келісіп осылайша қалың сарбаз,

Қарады асып туған асыл ерге.

Күн көзі алаулаған қанның түсі,

Сезгендей тараларын ажал иісі.

Келген-ді Ащыкөлге алты жүз солдат

Арнайы жіберілген патша күші.

Қиқулап, қарсы шапты Шекті қолы,

Бейнебір тасығандай өзен долы.

Жендеттер жазалаушы жанталасып,

Боратты жауған қардай атып оқты.

Жер жарды батырлардың атойлары,

Кісінеп, иесі өлген ат ойнады.

Жасағы әз Жәкемнің өңшең қыран,

Жайғамай хас дұшпанды тек қоймады.

Жөңкіліп, патша қолы кейін қашты,

Үстем боп, Жанқожаның пысы басты.

Сүйретіп қару-жарақ, зеңбірегін,

Нұрадан жендет біткен қалаға асты.

Арулап қойды халық шейіттерді,

Көтеріп, сексеуілден бейіттерді,

Қорғауға туған жерді анттасады,

Қалса да жалғыз адам мейлі тегі.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазақстан Журналистер

Одағы сыйлығының лауреаты,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: