Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пысықайдың жоспары

29.08.2024, 9:20 327

Бір өзіңе қалай жағам,

Сәлем беріп иілгем.

Орден-медаль берші маған,

Мен жуамын кейіннен.

Тәк! Тамаша болған жоқ па? Осы өлеңімді ана кісінің қолына мына кісілер арқылы тигізсем, мәселенің бәрі шешілмей ме?

Пысықайдың түн жамылып отырып шығарған төрт қатар өлеңі осы болды. Өзімен-өзі сөйлесіп, бөлмеге ешкімді кіргізер емес. Сәлден кейін:

– Әй, Пүштанай, тез бері кел! – деп, әйелін шақырды.

– Не болып қалды? Бастық күйеуінің қас-қабағына қарап, бағанадан бері есіктің тесігінен сығалап жүрген әйелі жетіп келді.

– Мені тыңда, бәйбішем, – деп, өлеңін Шәмшінің әуенімен шырқап бергеннен кейін:

– Ал, енді дайындал, мына мен – Пысықай Жылпосов «Құрмет» орденімен марапатталамын. Ол үшін ана кісіге «жуатын» көк қағаздарыңды санап қоя бер. Омырауыма жарқыратып жұлдыз таққаннан кейін крутой құдамызға барамыз, әй-да жуамыз.

– Пәке-ау, алуға сенімдісің бе? Кейінгі кезде онша көзге көрінбей жүрсің. Телевидение де көрсетпей, газеттер де жазбай жүр. Фейсбукке кейде ана кісінің артына кіріп кетердей бірдеңе жазатының бар еді. Оны да қойып кеттің.

– Көрсетпесе көрсетпей-ақ қойсын, жазбаса жазбай-ақ қойсын. Мен кіретін жерді білемін. Мәселе онда емес. Мәселені қазір ақша, тамыр-таныс шешеді. Медаль бергеннен кейін телевидение де көрсетеді, газет те жазады, блогерлер де желінің шаңын шығарып бұрқыратады. Солай, бәйбіше.

– Ойбай-ау, сонда да дегенім ғой. Алдын ала сақтанғаның дұрыс емес пе? Сізден де мықтылар бар, олардың алдын орау үшін үлке-е-е-н күш керек. Егер бермей қойса қайтеміз?

– Не!.. Пысықайдың қабағы тарс түйілді. «Бермей қойса… шынымен бермей қойса, құдама қалай барамын?.. Өз-өзімен күбірлеген Пысықай сәлден кейін:

– Сен шыға тұр. Оны қазір ойластырамыз, – деп, әйелін сыртқа шығарып, есігін ішінен тарс еткізіп жауып алды.

Мен сенің өзіңді мақтай берем,

Шаң-тозаң жолатпастан жақтай берем.

Бермесең бермей-ақ қой, медаліңді.

Сонда да мақтай берем, қақсай берем.

– Пүштанай!  Пысықайдың  көзі  қызарып  кеткен,  бір  қолында  өлеңі,  бір  қолында  қаламы, әйеліне  шатпағын  тебіреніп  оқып  берді.  – Осыдан  кейін  бермей  көрсін. Менің  бұл  поэзияма  адамның  жүрегі  еріп  кетейін  деп  тұрған  жоқ  па?

Осымен іс бітті. Дүйсенбіде кешкілік үшбу өлеңінің қорытындысы белгілі болды. Пысықайдың омырауы жарқырап шыға келді. Бәрі ойдағы­дай, «о  кэй»  болды. Кейбір  жылмақайларды  шаң  қаптырып  кеткенін  мына  кісілерден  естіп, өз-өзіне  мәз  болды.  Сол  түнде  крутой құдасы  «жұлдызды  қонағын»  аямай  күтіп, естері  ауғанша  сілтеді…

Көбегеннің  НҰРЛАНЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: