Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы талқыланды

27.08.2024, 14:30 248

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен еліміздің 2025–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, республикалық бюджетке қатысты бірқатар маңызды заң жобалары талқыланған Үкімет отырысы өтті.

Жиыннан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.

«Бүгінгі Үкімет отырысында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы да жан-жақты талқыланды. Үкімет басшысы оның маңыздылығын атап өтіп, орталық және жергілікті атқарушы орган басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Бүгінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі макрокөрсеткіштерінде өсу динамикасы қалыптасқан. Биылғы 7 айдың нәтижесімен Қызылорда облысы республикада көшбасшылар қатарында келеді. Өңірдің экономикалық даму деңгейін сипаттайтын «Жалпы өңірлік өнім» көрсеткішіндегі өсім 2023 жылдың қорытындысымен 5,6 пайыз болды, республикадағы өсім көрсеткіші – 5,1 пайыз. Әрине, бұл – жақсы нәтиже, дегенмен осы қарқынды сақтап қалу өте маңызды.

Облыстық басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері биылға межеленген экономикалық өсімнің жоспарын қатаң бақылауға алып, сапалы орындауы тиіс.

Қызылорда қаласында өңдеу өнеркәсібінің қарқынын арттырудың мүмкіндіктері мол. Қала аумағында өңдеу секторының барлық дерлік саласы – тамақ, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын, жиһаз шығару және тағы басқалары қамтылған. Тек олармен тығыз жұмыс істеп, есептіліктің статистика мен салық органдарындағы сәйкестігін нақтылап, мониторинг жасау керек. Аудандар бойынша да дәл осындай шаралар атқарылуы тиіс.
Әріптестер, экономиканың өсімін тұрақты ұстап тұру оңай шаруа емес. Сондықтан жұмыс қарқынын арттыра түсу қажет», – деді Н.Нәлібаев.

Осы ретте Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне ірі кәсіпорындармен өнім көлемін арттыру бойынша жұмысты жалғастыру, ірі, орта, шағын кәсіпорындардың статистика органдарына айлық, тоқсандық, жылдық есептіліктерді уақытылы әрі сапалы ұсынуын қадағалау жүктелді.

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызы жоғары, қаржыландыруды қажет ететін жобалар бар. Бүгінде орталық мемлекеттік органдарға 130 млрд. 800 млн. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды.

Облыс әкімі 2025 жылға арналған республикалық бюджетті бекіту барысында барлық жобаны қаржыландыру бойынша бірлескен нақты жұмыстар жүргізу қажет екенін атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: