Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәйітхана

18.07.2024, 9:20 465

Жұмыс істеп, ақша табу кімнің де болмасын алға қойған мақсатының бірі емес пе? Айдостың да солай ел қатарлы жұмыс істеп, өз қажеттілігіне жаратар қаражат тапқысы келіп жүргеніне біршама жылдың жүзі болды. Бірде көршісі Митя ағай өзі істейтін мәйітханаға күзетші етіп орналастырады. Құдай берді деген осы. Сәті келіп, әлгі жұмысқа орналасып кетті. Алғашында үйрену қиындау болды, әрине. Дегенмен, адам нан табу керек болған соң бәріне төзеді екен ғой.

Мәйітхананың қолқа қаптырар иісі, жантүршігерлік жағдайда қайтыс болған адамдардың мүрдесі оны күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Алайда уақыт өте кеудедегі қорқынышы басылып, күнделікті жұмысына үйреніп  кетті.

Бірде Митя  ағай  күндізгі  күзетшілігінен  шығарда  Айдос түнгі  ауысымға  келеді.  Сонда  ол  кісі  жас  жігітке  қарап  тұрып:

– Балам, бүгінгі түн біртүрлі жайсыздау болайын деп тұр. Сен бөлмеңнің есігін іштен іліп ал, – деп ескертті.

Әншейінде аузы ішімдіктен құрғамайтын Митя ағай бұл сөзді кәдімгідей салмақты кейіпте айтты. Әр сөзінен әзіл шығатын ағаның бұл бейнесі бұрынғыдан басқаша еді. Ал Айдос болса оның сөзіне аса мән бере қоймады, қайта:

– Ой, қойыңызшы, ағасы. Мен бүгін бірінші рет күзетке түсіп отыр дейсіз бе? – деді күлімдей.

– Өзің білесің, мен әншейін ескерткенім ғой, – деді де бір күрсінгендей болып, мәйітханадан шығып кетті.

Түннің бір уағына дейін сыртта отырды. Айнала тып-тыныш. Үп еткен жел де жоқ. Әдетте ағылып жататын көліктердің дыбысы да естілмейді. Сәлден кейін әдеттегідей мәйітхананы бір тексеріп келді де, бөлмедегі ағаш төсекке қисайып жатып кітап оқыды. Сөйтіп жатқанда көзі ілініп кетіпті. Бір уақытта есіктің сыртынан тысырлаған дыбыс естіледі. Орнынан атып тұрып есікке жақындады. Жақындаса біреу жүрген секілді. Бірақ адамның демі естілмейді. Кенет тарсылдаған дыбыс күшейе түсті. Тарс-тұрс, тарс-тұрс… Есіктің тұтқасын біреу жұлмалағандай болды. Айдос сасқанынан есіктің тұтқасын өзіне қарай тарта бастады. Есікті арғы жағынан жұлмалаған сайын бергі жақтағы ілгіші селк-селк етеді. Есік пен босағаның арасындағы болмашы ғана тесіктен қараса, қараңдаған біреудің көлеңкесі тұрған секілді. Зәресі зәр түбіне жеткен жігіт бір орында тапжылмай тұра қалды. Қозғала алар емес. «Бұл несі-әй» деген ішкі күбір.

Тарсылдаған дауыс бәсеңдей бастады. Ендігі есікті  біреу  тырналағандай  болды. Есікті  ашуға батылы жетер емес. Тұтқаға жабысып қанша тұрғаны белгісіз. Ойы сан-сақта. Аяғы ұйып жүре алар емес. Қашайын десе, қашуға да әл-дәрмені жоқ. Енді не істемек керек? Мәйітханада тек Айдос пен өлген адамның денелері. Мүмкін біреуі өлді болып, өлмеген шығар? Іштей айтып жатқан бар білетін сүрелерін ол айғайлап айта бастады. Есік артынан естілген түрлі дауыс тіпті қорқынышты еді. Бірде еркектің, бірде әйелдің дауысы шыңғыра естіле бастады. Одан қалды ешкінің дауысындай маңыраған дауыс та  араласып әлек. Есікті  ұрғылайды. Тырналайды. Жұлқылайды…

Бір қараса, терезеден жарық түсіп, таң атып келеді екен. Таң ата дәліздегі шу да басылды. Есікті тырналауын да қойды. Айдос болса түнімен зәресін ұшырған жайт өңі ме, түсі ме, не екенін білмей әлі тұр. Есеңгіреп тұрғанында сыртқы есіктің қоңырауы шырылдап жатыр екен. Сол уақытта өзіне келіп, бөлменің есігін ілгішінен ашып жіберіп, бірден ұзын дәлізге көз тастады. Айналаның бәрі жым-жырт. Дереу сыртқы есікті барып ашты. Сол кезде арғы жақтан әріптесінің:

– Сонша  ұйықтағаның не,  қоңырауды  басып тұрғаныма  біраз  болды  ғой, – деген  ашулы дауысын  естіді.

Ал жігіт болса түнімен болған жағдайды қалай айтарын да білмеді. Қайтар уақыты болса да сол жерде айналшықтап, қайта-қайта шылымын шегіп жүре берді. «Түндегі түсім болса екен» деп қояды ішінен. Сөйтіп тұрғанында жаңадан келген практикант жігіт Айдостың жанына жақындап:

– Бүгін бір қызық жағдай болды. Екі күн бұрын суға кетіп қайтыс болған адамның денесін кестім. Сонда байқағаным, оның тырнағының асты кеуіп қалған ақ бояуға толып қалыпты. Осыдан бірнеше күн бұрын қайтыс болған адамның тырнағындағы жара бүгін пайда болғандай қанап, қанталап кетіпті, – дейді.

Әлгі сөзді естігеннен кейін Айдос ешкімге білдірместен күзетшілер отыратын, кеше түнде өзі қонып шыққан бөлменің есігіне барды. Ақ бояумен боялған есіктің сырты сырылып-сырылып  қалыпты…

Осы  жағдайдан  кейін  ол мәйітхананың  есігін  қайта  ашқан емес.

Айнұр  ӘЛИ,

Қазалы  ауданы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: