Жалағаш ауданында білімге инвестиция құйып, салаға жанашырлық танытып жүрген кәсіпкер саны күн санап артып келеді. Кеше ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Н.Байқадамов пен Р.Рүстемов жаңадан салынған 130 орындық «Жас қыран» балабақшасының жұмыс барысымен танысты.
Аудан әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істеу үшін жаңадан салынған 130 орындық «Жас қыран» балабақшасының жалпы ауданы 1493 шаршы метрді құрайды. Типтік жобада салынған ғимаратта 6 ойын және жатын бөлмесі, спорт зал, акт зал, робототехника кабинеті, ұлттық құндылық кабинеті, логопед бөлмесі, медбике бөлмесі және асхана бар.
Сапалы қызмет, білікті мамандар мен жаңа технологиялар арқылы жабдықталған «Жас қыран» балабақшасының бүгінгі тынысына сенат депутаты Руслан Рүстемұлы оң бағасын берді. Баланың жарқын болашағын қалыптастыруда іргетасын біліммен қалап, өнегелі тәрбиені сіңдіріп отыру қажеттігін айтты. Ал, халық қалаулысы Наурызбай Сейтқалиұлы балабақшаның бүлдіршіндер бойына рухани құндылықтарымызды сіңдіріп, ұлттық нақышта бейнеленген қазақы оюлардың, ой сергітуге арналған ойындардың, алшысынан түскен асықтардың, киіз үй мен жалпы ұлттық кодымызбен құрақталған қасиеттерді дәріптеген бастамашыл дүниелерге бай екенін жеткізіп, ұжымның жұмысына сәттілік тіледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!