Бүгінгі сатира
Министр мінберден сөйлеп тұр:
– Біз өркендеп келеміз. Біз бәрін жасаймыз. Мәселен, автомобильдердің дискілерін жасап жатырмыз. «Домалақ» деген зауыт ашылды. Автобустарға орындық жасайтын «Мамық» деген зауыттың лентасын қидық. «Бойнг» ұшағына лайықталған ұшақ вентиляторларын жобалап қойдық…
– Отандық өнімдердің күрделі жобасы бар ма? Қазіргі геосаяси жағдайда, нендей нәрселер қолға алынып жатыр? – деп сұрақ қойды үкімет басшысы.
Министр міңгірлеген жоқ.
– Ия, бұл мәселені қолға алдық. Танктердің шынжырларын жасап тастадық, Танкшілердің астына төсейтін көрпешелер, шаршағанда, жата кететін жастықтар өндіретін фабрика жұмыс істеп тұр. Дрондарды сырлау үшін бояу өндіретін алып зауыт іске қосылды. Алысқа ұшатын зымырандар жасадық. Әзірге он метр ұшады. Болашақта он бір метрге дейін ұшуы үшін, ғалымдар бас қатырып әлек. Той тойлап жүрген қазақтарымыз қуанатындай, ұзындығы он метрге жететін торт үлгісі дайын болып қалды.
– Роботтар бар ма? – деді үкімет басшысы.
– Ия, робот әйелдердің үлгісі дайын. Құдай қаласа, жалғызбасты еркектер мәз болатын күн алыс емес. Қазақстан теміржолы басшыларын қуантайын деп отырмыз. Шетелден сатып алынған вагондардың бүйірлеріне «Алматы–Астана» деп жазылған қаңылтыр көрсеткіштер керек-ақ. Соны дайындайтын зауытты өзіңіз көріп қайттыңыз. «Быж-ж» деген кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
– Ол немене, «быжж?».
– Сіріңке шығарады. «Быж-ж» етіп тұтанады.
– Сосын?
– «Ища-аай!» деген тоңазытқыш шығару ойымызда бар. Іші тек қыста ғана мұздап тұрады. Ол үшін есігін ашып қою керек.
Теледидарды өшіре салдым. Жақында келіншегім босанады. Айы-күні жетіп отыр. Құдай қаласа, адам жасап шығарамын! Адам! Сенесіздер ме, адам!
Мұхтар ШЕРІМ
Карикатура: anekdot.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!